Н.Ахмадеева атындағы №112 орта мектепте «Science & Research: оқушылардың ғылыми-зерттеу құзыреттілігін дамыту стратегиялары» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинар мақсаты – дарынды оқушылармен жұмыс істеудің жүйелі моделін қалыптастыру, ғылыми-зерттеу жұмысында педагогтердің озық тәжірибемен бөлісу және зияткерлік жарыстардағы жоғары нәтижеге жетудің тиімді әдістемесін тарату.
Жиынға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдары, облыстық білім басқармасы, «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы, қалалық білім бөлімі, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері қатысты. Семинар ашылуында «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжаһан Ізбасарова, қалалық білім бөлімінің әдіскері Галия Ибрагимова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті Рабиға Игенбаева сөз алып, осындай дәрістерден дарынды балалармен жұмыс істейтін ұстаздар ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастырудың тиімді алгоритмін меңгеретінін, ғылыми жоба құрылымын жоспарлау және нәтижеге бағытталған әдіснаманы қолдану дағдысы қалыптасатынын, олимпиада және ғылыми байқауларға сапалы дайындық жүйеленетінін тілге тиек етті.

Семинарда Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Айнұр Құрақбаева шеберлік сағатын өткізді.
– Шеберлік сағатында оқушыларды ғылыми жобамен айналысуға ынталандыру, шығармашылық қабілетін дамыту үшін жаңа тәсілдер ұсындым. Сонымен қатар дарынды балалардың зерттеу-жобаларын дамыту, ғылыми ізденістерінің алгоритмін жүзеге асыру, авторлық құқық мәселелерін баяндадым. Дарынды балаларды қолдау – білім беру сапасын арттырудың маңызды тетігі ғана емес, елдің интеллектуалдық болашағына салынған стратегиялық инвестиция деп ойлаймын. Зерттеулер көрсеткендей, дарынды балалармен жүйелі жұмыс жүргізілмеген жағдайда сыныптағы оқыту деңгейінің арасында алшақтық пайда болып, қабілетті оқушылар өз әлеуетін толық аша алмауы мүмкін. Мұғалімдер көбіне сыныптағы жалпы деңгейге бағытталып, ерекше қабілеті бар оқушылардың ғылыми және шығармашылық мүмкіндігін дамытуға жеткілікті уақыт бөле алмай қалуы мүмкін. Сондықтан дарынды балаларға арналған арнайы бағдарламалар мен қолдау тәсілдері олардың зияткерлік әлеуетін дамытуда шешуші рөл атқарады, – дейді ол.

Бұл саминардың оқушыға берері мол. Әсіресе бойында таланты мен талабы бар шәкірттер үшін пайдасы көп.
– Мектебімізде өткен облыстық семинар мазмұны мен форматы үйлескен, тәжірибеге бағытталған, кәсіби диалог алаңына айналды. Назарбаев Зияткерлік мектебімен қыркүйекте меморандумға отырып, бірге жұмыс жасауды бастадық. Мақсатымыз – тәжірибе бөлісу және осы тәжірибенің нәтижесін тарату. Сонымен қатар, Облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығымен байланыса отырып, мектептегі ментор мұғалімдердің зерттеу жұмыстарын тарату, білім олимпиадасының жүлдегерлерін таныстырып, оқушылар мен мұғалімдер арасында байланыс орнатуды мүдде етіп қойдық. Әрине, біз үлкен асуды бірден бағындырып тастадық демейміз. Бүгінгі семинар-практикум ең бірінші пән мұғалімдерін қанаттандыру, шабыттандыру да маңызды рөл атқарады деп ойлаймын. Мектеп басқару жүйесі толықтай цифрландырылып, заманауи стандартқа көшті. «Өзгеріс көшбасшысы» этикасына сай ішкі тәртіп ережелері жаңартылып, орынбасарларға дербес даму жобалары жүктелді. 18 мұғалім біліктілігін арттырды. Математика пәні жеке әдістемелік бірлестік болып бөлініп, білім сапасын арттырудың жаңа тетігі іске қосылды, – дейді №112 мектеп директоры Гүлшат Ахметжанова.

Тәжірибе алаңына айналған мектептің жетістігі мол. Биылғы оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиаданың қалалық кезеңіне 62 оқушы қатысса, 26-сы жүлдегер атанған. «Зерде» ғылыми жобалар конкурсының қалалық кезеңіне 15 оқушы қатысып, 1 оқушы ІІ орын, 8 оқушы ІІІ орынды қанжығасына байлаған. Сонымен қатар «Дарын» ғылыми жобасында 3 оқушы жүлделі ІІ орынға қол жеткізген. Ал 7-сыныптың оқушы қыздары ұлттық лиганың барлық кезеңінен сүрінбей өтіп, республикалық кезеңге жолдама алды.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!