Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық чемпионат басталды.
Чемпионатқа Қазақстанның әр өңірінен келген 11 команда, шамамен 230-ға жуық жас гимнаст қыздар қатысып, үш күн бойы өз шеберліктерін ортаға салмақ. Жарыс барысында төрешілер икемділік, дәлдік, көркемдік және орындаушылық қасиеттерін сынға алады. Ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Көркем гимнастика – сұлулық пен шеберлікті, үйлесімділік пен табандылықты талап ететін ерекше спорт түрі. Бұл спорт баланың тек дене бітімі мен икемін ғана емес, мінезін, тәртібін, өзіне деген сенімін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осындай жарыстар арқылы балаларымыз тәжірибе жинап, болашақта еліміздің атын халықаралық деңгейде шығарады деп сенемін, – деді басқарма басшысы.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар мен жүлдегерлерге арнайы алғыс хаттар мен медальдар табысталады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!