Сәрсенбі, 03 қыркүйек, 12:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№66, 2179
03.09.2025
PDF мұрағаты

Гүлдана Бабаомарова, психолог, «Дана» психологиялық орталығының құрылтайшысы: Даму кешеуілдеуін ерте түзетсе, нәтиже айқын болады

03.09.2025

40 0

Қазір ата-аналарды ең көп алаңдататын жайттың бірі – бала тілінің кеш шығуы. Бұрынғыдай аулада асыр салып ойнаған баладан, қазір телефонға телміргендер көп. Бір жасқа келгенде «әке, ана» демейтін, екі жасқа толғанда сөйлемейтін, үш жасында ойын жеткізе алмайтын балалар саны аз емес. Әрине, мұндай жағдай әр отбасына оңай емес. Ата-ананың көңілі алаң, баланың болашағына деген уайым да күшейеді. Мамандардың айтуынша, мұндай белгілерді дер кезінде байқап, дұрыс қадам жасау аса маңызды. Өйткені даму кешеуілдеуін ерте анықтап, арнайы мамандардың көмегіне жүгінген бала уақыт өте қатарластарына ілесіп кете алады. Ал егер мән бермей, «өзі-ақ сөйлеп кетеді» деп уақыт оздырса, мәселе күрделене береді. Осы өзекті мәселелерді оқырманға нақтырақ түсіндіру үшін «Дана» психологиялық орталығының құрылтайшысы, тәжірибелі маман Бабаомарова Гүлдана Ергешбайқызымен сұхбаттастық.

– Балаларда жиі кездесетін ЗПР мен ЗПРР дегеніміз не? Олар бір-бірінен несімен ерекшеленеді?

– ЗПР дегеніміз – психикалық даму ке­шеуілдеуі, ал ЗПРР – психо-сөйлеу даму кешеуілдеуі. Бұл екеуі ұқсас болғанымен, арасында маңызды айырмашылық бар. ЗПР кезінде баланың психикалық дамуында тежелу болады, ал ЗПРР жағдайында психикалық дамумен қатар сөйлеу қабілетінің дамуы да кешеуілдейді. Яғни ЗПРР – анағұрлым күрделі бұзылыс, мұнда бала жасынан өте кеш сөйлей­ді. Психикалық дамудың кешеуілдеуінен та­нымдық, эмоциялық және мінез-құлық дамуы тежеледі, баланың даму қарқыны өз жасына сай емес, бірақ интеллектісі көбінесе сақталады, яғни түсіну қабілеті жасына сай. Қарапайым нұсқауларды орындай алады, бірақ кейде зейіні тұрақсыз болуы мүмкін. Психо-сөйлеу даму кешеуілдеу – психикалық дамуы да, сөйлеу дамуы да кешеуілдеген түрі. Әсіресе тіл шығуы, сөйлеу қабілеті артта қалады. Бала сөйлеуді түсінгенімен, өзі сөйлеп өз ойын жет­кізе алмауы мүмкін немесе адамдармен сөйлесуі қиын, кей жағдайда тіпті ым-ишара арқылы да байланыс орнатуы да қиын. Егер бала 2,5-3 жасқа келгенде әлі сөйлемесе, мұны қалыпты деп қарамай, кешіктірмей логопед пен нейропсихолог сияқты мамандарға көрсеткен дұрыс. Бұл жастағы бала әдетте ең қарапайым сөздерді айтып, қысқа сөз құрай бастауы керек. Егер үш жасқа таяғанда баланың тілі мүлде шықпаса, арнайы маман кеңесіне жүгінуге тиіс.

– 1-3 жастағы кезеңдерде сөйлеу дамуының қандай белгілеріне мән берген жөн?

– Баланың сөйлеу қабілетінің дамуы әр кезеңде әртүрлі белеске көтеріледі. Ата-ана сол белестердің кешікпеуін қадағалап отыруы керек. 1 жас – бұл уақытта бала ең болмағанда «әке», «ана» деген сияқты қарапайым сөз­дерді айта алуы қажет. Сонымен бірге бір­нәрсені сұрау, қалауын білдіру үшін ым-ишараларды пайдалануы қалыпты. Егер бала бір жасында бір сөз айтпаса, ересектермен ишара арқылы да байланыс орнатпаса, бұл алаңдататын белгі. Мұндай жағдайда баланың жалпы дамуын мұқият бақылап, қажет болса дәрігерге қаралған жөн. 2 жасқа келгенде бала жеке сөздерді айтып, қарапайым сөйлемдер құрай бастауы тиіс. Өзгелердің сөзін түсініп, айналасындағы құбылыстарға назар аударып, ата-анасымен қарапайым әңгіме құруға тал­пынысы байқалады. Ал егер 2 жасында бала мүлдем сөйлемесе және айналасындағы адамдар мен заттарға назар аудармаса, онда мұны жай кеш сөйлеу деп қарамай, арнайы мамандар – балалар дәрігері, невролог, логопед немесе дефектологқа жүгіну қажет. Бұл жаста баланың сөйлемеуі неврологиялық немесе дамудың басқа да кідірістерінің белгісі болуы мүмкін. Үш жасар бала өз ойын сөзбен жеткізе алатын деңгейге көтеріледі. Яғни күнделікті қажеттіліктерін айтып түсіндіреді, айналасында болып жатқан оқиғаларға қатысты шағын сөйлемдер құрай алады. Егер бала 3 жасында да өз ойын дұрыс жеткізе алмаса, сөйлемесе немесе сөйлегеннің өзі былдыр, түсі­ніксіз болса, бұл оның дамуында кешеуілдеу бар екенін көрсетеді. Мұндай кезде ата-ана дер кезінде маман көмегіне жүгінгені жөн, өйткені түзету ерте басталса, әлдеқайда тиімді болады.

– Экран алдындағы уақыт баланың сөйлеу дамуын тежейді ме?

– Ата-ана бала тілінің шығуына заманауи экрандардың да әсері тиетінін естен шы­ғармауы керек. Теледидар, смартфон, планшеттегі мульт­фильмдер мен «YouTube» видеолары баланың сөйлеу дамуын тежейтіні белгілі. Экрандағы жылдам ауысатын жарқын бейнелер кішкентай баланың назарын бір нүктеге ұзақ шоғырлануын қиындатады, миына артық салмақ түсіреді. Бала мультфильмдерді көрген кезде ондағы оқиғаларды түсінгенімен, өзі сөйлеуге, жауап беруге әрекеттенбейді. Әсіресе қазіргі мультфильмдердің көбінде диалог пен сөз аз, тек тез ауысатын әрекеттер көп. Сол себепті бала тілінің дамуына қажетті сөйлеу стимулы болмай қалады – миының сөйлеу ортасы жеткілікті ынталанбайды. Нәтижесінде бала экрандағыны ынтамен көріп отырса да, өзі сөйлеп үйренуге асықпайды. Сондықтан екі жасқа дейінгі балаларға телефон бермеу, одан кейінгі жаста да экран уақытын қатаң шектеу өте маңызды.

– Баланың үйде сөйлеуін дамыту үшін ата-ана не істей алады?

– Ең бастысы, баламен күнделікті сөй­лесу. Көп ата-ана кішкентай бала әлі түк түсінбейді деп ойлап, онымен аз сөйлеседі. Шын мәнінде, қарапайым және нақты сөз­дермен жиі сөйлескен сайын бала тезірек тіл үйренеді. Мысалы, күнделікті тұрмыста бірге жүргенде балаға сұрақ қойып отырыңыз: «Бұл не?», «Қайда барамыз?», «Мына заттың түсі қандай?» деген сияқты ең қарапайым сұрақтардан бастап, сол сұрақтарға өзі жауап табуына көмектесіңіз. Сұрақ-жауап диа­логы арқылы бала әрі ойлайды, әрі тіл дамытады. Бастапқыда қолымен көрсету, ыммен түсіндіру арқылы жауап беруі мүмкін, бірақ сіз оны сөзбен айтуға ынталандырыңыз. Бала бірнәрсені айта білмесе, сіз дұрыс үлгіні көрсетіп, анықтап айтып үйретіңіз. Мейлінше күн сайын баланың жаңа сөздер үйренуіне жағдай жасау қажет, бірге кітап қарап, сурет­тегі заттарды атап, жаңадан сөз қорын толық­тырыңыз.

– Даму кідірісін түзету үшін логопедия­лық жұмысты нейрокоррекциямен қалай үйлестіруге болады? Жалпы, мұндай пси­хикалық және сөйлеу дамуының кешеуіл­деуін барынша ерте анықтауға бола ма?

– Логопед те, нейропсихолог та әрқайсы­сы өз бағыты арқылы баланың сөйлеу қабілетін дамытуға көмектеседі. Яғни логопед бала­ның дыбысты дұрыс айтып, тілін жаттықтыруымен айналысса, нейропсихолог мидың сөйлеу­ге жауапты бөліктерін түрлі жаттығулар арқылы белсенді етіп, жалпы когнитивтік дамуын арттырумен шұғылданады. Кейбір ауытқуларды анасының жүкті кезінде болжап-білуге мүмкіндіктер бар. Мәселен, жүктілік кезінде ауыр күйзеліске түсуі немесе қатты стресс жағдайында болуы ұрықтың дамуына әсер етуі мүмкін. Сол сияқты, нәрестенің құрсақта жатқанда кіндігінің мойнына ора­лып қалуы, сәбидің мерзімінен бұрын не мерзімінен кеш туылуы, немесе баланы кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелуі, осы факторлардың барлығы баланың жүйке-жүйесінің қалыптасуына белгілі бір деңгейде ықпал етеді. Әрине, бұл жағдайлардың бәрінде бала дамуында міндетті түрде мәселе болады деген сөз емес, бірақ мұндай қауіп факторлары бар сәбилердің өсуін мұқият бақылап отыру керек.

Гүлдана Бабаомарова, психолог, «Дана» психологиялық орталығының құрылтайшысы: Даму кешеуілдеуін ерте түзетсе, нәтиже айқын болады

– Нәрестенің жүйке жүйесінің дамуына қоршаған орта қалай әсер етеді?

– Нәрестенің даму кезеңдеріне зер сала қарасақ, алғашқы айлардың өзінде-ақ кейбір ауытқу белгілерін байқауға болады. Мысалы, сау бала 2 айлығында гуілдеп, түрлі көңілді дыбыс шығара бастайды, әңгімелесуге тал­пынғандай белгі береді. Сол кезде анасын еміс-еміс тануы, көзбен қарым-қатынас ор­натуы керек, және осы кезеңде мойнын ұстап, басын көтере алуы тиіс. Егер 2 айда мұндай қадамдары мүлде байқалмаса, ата-ана сәл күтіп, 3-4 ай айналасында тағы қарап көруі керек, кейде бала аздап кешігіп даму қалыпты болуы да мүмкін. Алайда 6 айға толғанда сәби былдырлап, «ма-ма-ма, ба-ба-ба» деген секілді буындық дыбыстарға көшуі қажет. Бұл уақытта нәресте көз ал­дына қойған түрлі заттарға қызығып қарап, айналасындағы адамдарды танып, олардың қимыл-ишараларын қайталауға тырысады. Егер жарты жасқа келгенге дейін осы аталған қабілеттердің ешбірі білінбесе, мәселен, сәби өз атына елең етпесе, көзге түскен заттарға көңіл аудармаса бұл өте ерте жастағы дабыл белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда кешіктірмей дәрігер-педиатрға, қажет болса, балалар неврологына қаралып, тексеруден өткен дұрыс. Жалпы, нәрестелер 2-3 айынан бастап-ақ 2 түрлі түсті ажырата алады, ал 4-5 айдан асқанда 3-4 түсті таңдай бастайды. Сол түстерге, ашық жылтырақ заттарға қызыға қарау арқылы сәби айналасын танып, жүйке жүйесі дамиды. Егер сәби тіпті ашық түсті ойыншықтарға да мүлде қызықпайтын болса, бұл да оның дамуында кешеуілдеу барын көрсететін жанама белгі. Тағы бір ескерер нәрсе, баланың даму қарқынына оның күн­делікті тәрбиелену ортасы да әсер етеді. Мысалы, сәби күні бойы теледидар қарап, жеткілікті эмоциялық қарым-қатынас болмаса немесе керісінше шамадан тыс мәпелеп, қоз­ғалу белсенділігі шектелсе, мұның барлығы оның жалпы психикалық дамуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан ата-ана балаға жағымды, қолдау көрсететін орта қалыптастырып, оның қозғалуы мен қарым-қатынас жасауына жағдай жасауы керек. Ерте жаста байқалған кез келген ауытқуды мамандардың көмегімен түзетуге болады, тек оны дер кезінде анықтау маңызды.

– Кейде баланың мінез-құлқындағы ерекшелік ауытқу туралы айтсаңыз. Мұндай қылықтар тәрбие тәсілінен бола ма, әлде психикасының дамуындағы қандай да бір ауытқудан хабар бере ме?

– Баланың мінез-құлқында ерекше ауыт­қулар байқалса, оның себебі не тәрбиеден, не психологиялық дамуынан деп қарастыруға болады. Нақты қайсысы екенін анықтау үшін мұқият зерттеу керек. Мысалы, кейбір балалар өте импульсивті, тынымсыз болады. Ондай бала жаңа ортаға (қонаққа барған үй болсын, емхана, дүкен сияқты қоғамдық орын болсын) бөтенсімей, бірден өз үйіндей сезініп, ойына келгенін істеп еркін жүре беруі мүмкін. Ал енді бір бала керісінше, беймаза: үйде де, далада да себепсіз жүгіре береді, бір орында ұзақ отыра алмайды. Қолын немесе аяғын мақсатсыз сермеп, әйтеуір, бір әрекет үстінде болады. Кенеттен жөнсіз жылап, шырылдап айқайлап жіберуі, өзін-өзі ұрып тастауы да мүмкін. Мұндай көріністер ата-ананы алаңдатуы тиіс, міндетті түрде маман көмегіне жүгініп, баланы жан-жақты тексертіп көру керек. Өйткені мұндай шектен тыс импульсивтілік баланың жүйке жүйесіндегі дамудың бұзылыстарын көрсетеді. Дегенмен әрдайым мұндай мінез-құлықты бірден патологияға жауып қоюға болмайды. Кейде тәрбие тәсілдері де баланың қылығына әсер етеді. Мәселен, ата-ана үйде балаға шамадан тыс шектеусіз еркіндік берсе немесе бетінен қақпай, ханзададай еркелетіп өсірсе, бала барлық тәртіптің шегін білсе де, оны сыйламайтын күйге жетуі мүмкін. Мұндай бала «еркеліктің буымен» ересектерді тыңдамай, қиқар мінез танытады. Ондай жағ­дайда баланың шектен тыс тентек­тігін оның психикасынан гөрі тәрбиенің кемшілі­гінен деп санауға болады. Яғни, мәселе медициналық диагнозда емес, отбасындағы шекараның дұрыс қойылмауында. Әрине, шынайы гиперактивтілік пен жай еркеліктің ара-жігін анықтау үшін маманның көмегі керек. Білікті психолог немесе дәрігер балаға мұқият бақылау жүргізіп, оның қылығын түрлі жағ­дайларда тексеріп, нақты себебін анықтап береді.

– Гиперактивтілік (СДВГ) белгілерін ата-ана қалай байқай алады? Жай ғана мінезі қызба, ширақ баладан оны қалай ажыратуға болады?

– Шынында, СДВГ синдромын (гиперак­тивтілік пен зейін тапшылығы бұзылысы) сырт көз тез байқай алады, өйткені оның белгілері анық көрінеді. Ең бірінші белгі – бала өте тынымсыз, зейіні тұрақсыз. Мұндай бала бір істі бастаса, оны аяқтамай жатып басқаға ауысып кетеді. Айналасында толып жатқан тітіркендіргіштер оның назарын бір жерге шоғырландыруына кедергі жасайды. Гиперактив бала өте көп сұрақ қойғыш келеді, бірақ қойып алып, жауабын күтпестен басқа тақырыпқа ауысып кетеді. Мысалы, «Ағаштағы жапырақ неге жасыл?» деп сұрауы мүмкін, бірақ сіз жауап бергенше, назары басқа нәрсеге ауып, келесі сұрақты қойып жатады немесе мүлде жайына кетіп қалады. Сонымен қатар гиперактив бала көбіне дамылсыз қимыл үстінде: отыра қалып аяқ-қолын бұл­ғаңдатып немесе жақын жердегі заттарды ұрады. Гиперактивті балалардың есте сақтау қабілеті де өзге қатарластарынан төмен болуы ықтимал. Мәселен, мектеп жасында күн сайын бір затын ұмыт қалдырып кетіп жүреді: анасы «Бүгін қалпағыңды ұмытпа» деп бірнеше рет ескертсе, бала сабаққа шығарда тек қалпағын есінде сақтауы мүмкін, бірақ сонымен бірге мектепке керек басқа құрал-жабдықтарын ұмытып кетеді. Бұндай балаларға бір мезетте екі-үш әрекетті қатар тапсыру қиын: сіз «қолындағы кесеңді орнына қой да, содан соң үстел үстін майлықпен сүртіп шық» деп айтсаңыз, ол біріншісін орындап, екіншісін ұмытып кетуі мүмкін. Яғни, бірнеше сатылы тапсырманы тәртіппен орындау гиперактивті ауыратын балаға оңай емес.

– Гиперактивті бала мектепке барғанда қандай қиындық болуы мүмкін?

– Көп жағдайда гиперактив балалар 4-5 жасқа дейін өте білгіш, қызығушылығы жоғары болып көрінеді: айналасындағының бәрін білгісі келіп, сұрап, жылдам үйреніп алатыны бар. Бірақ өсе келе, мектепке барған кезде үлгерімі түсіп кетеді, себебі олар үшін сабақ бірсарынды және қызықсыз болады. Ондай бала өзін басқалардан кем санамаса да, үнемі үлкендерден «тиісуге бол­майды», «анаған тиіспе», «тыныш отыр» деген сияқты ескерту естіп жүріп, өзін-өзі бағалауы төмендеп кетуі мүмкін. Айта кету керек, бір қарағанда гиперактивтілік белгілері мен жай ғана мінезі ширақ, құбылмалы темпераменті «сангвини»к немесе «холерик» типіндегі баланың қылығында ұқсастық болуы мүмкін. Алайда мінез-құлықты дұрыс бағыттап, қадағалап отырсаңыз, темпераменті белсенді бала белгілі бір шектеулер мен тәртіпке үйрене алады. Яғни, қаншалықты қызуқанды болса да, ата-ана қойған тыйымды түсініп, қабылдайды. Ал гиперактив балаға «жоқ, болмайды» десеңіз де, оны елемей, өз әрекетін өзі бақылай алмайды. Мәселен, мұндай бала ойын-сауық орталығына немесе дүкенге барған кезде қызып кетіп, жанындағы адамдарға соқтығысып, өлшеусіз қозып кетуі мүмкін. Ата-ана оны «шаршасын» деп әбден ойнатса да, гиперактив бала оңайлықпен тынышталмайды. Кей ата-аналар осындай баласын спорт секцияларына (бокс, күрес т.б.) бергенді жөн көреді, «энергиясын жұмсасын» дейді. Шын мәнінде, төбелес немесе күрес сияқты үйірмелер гиперактив баланың жүйке жүйесін одан сайын қоздырып жіберуі мүмкін. Сол себепті мұндай ерекше балаларға керісінше жүйке жүйесін тыныштандыратын, біртіндеп концентрациясын арттыратын іс-әрекеттер қолайлы. Мысалы, жүзу, йога, гимнастика секілді спорт түрлері, немесе жылқыға міну (иппотерапия) және т.б. сабырлықты қажет ететін қызықты іс-шаралар. Жалпы, бала тым гиперактивті ме, әлде жай ғана тентек пе мұны дәл анықтау үшін арнайы мамандар бірлесіп тексеру жүргізеді. Әдетте психолог, невропатолог, қажет болса психиатр сияқты мамандар 6 ай шамасында баланың жүріс-тұрысын бақылап, түрлі тестілер арқылы оның жағдайын бағалайды. Соның қорытындысында ғана, шамамен 6-7 жасқа таман балаға СДВГ деген ресми диагноз қойылуы мүмкін. Яғни, жай икемді, энергиясы тасыған темпераментті бала мен нағыз гиперактив синдромы бар баланың арасындағы айырмашылықты тек уақыт және маманның кәсіби талдауы көрсете алады.

– Гиперактивті (СДВГ) баланы тәрбиелеуде ата-анаға қандай кеңес берер едіңіз? Мұндай ерекше балаға қалай көмектесуге болады?

– Ең алдымен ата-ана баланың жүйке жүйесін тыныштандыру бағытында жұмыс жүргізуі керек. Гиперактивтілігі бар баланы әлсін-әлсін сабырға түсіріп отырмаса, оның миы қатты шаршап, мінез-құлқы одан сайын бақылаусыз болып кетеді. Сондықтан тәрбие барысында күнделікті режим мен түсіністік атмосфера өте маңызды. Мысалы, баланы кешкі уақытта міндетті түрде таза ауада серуендетіңіз. Бұл тек ойын алаңында жүгіріп, энергиясын шығару үшін емес, балаңызбен бірге қолынан жетектеп саябақта, аулада жүріп, айналадағы орта туралы онымен әңгімелесу үшін қажет. Қызықтырып, түрлі танымдық ақпарат айтып беріңіз, сұрақтарын тыңдаңыз, осылайша оның миы тынығады әрі көңілі орнығады. Гиперактивті балаға қатты айғайлап, ұрсу жағдайды түземейтінін есте сақтаңыз. Керісінше, мазасы кетіп, жылап, шыңғырып тұрса, оған шектеу қоюдың орнына, құшағыңызға қысып, назарын басқа нәрсеге аударуға тырысыңыз. Мысалы, «маған көмектесіп жіберші» деп, назарын үйдегі шаруаға не ойыншықтарға бұруға болады, немесе «мына ермексазбен бірге бірнәрсе жасайықшы» деп ермексазбен ойынға тартып, тыныштандыруға болады. Гиперактивті бала­ның күн тәртібі нақты және жүйелі болғаны жақсы. Мектепке дейінгі жастағы бала кешкі сағат 21-де, ал бастауыш мектеп жасындағы бала 22-00 де ұйықтауы керек – бұл қатаң қадағалауға тұрарлық тәртіп. Ұйқысы қанбаған бала ертесіне өзін-өзі басқаруда тағы қиындықтарға тап болады. Сондай-ақ тамақтануына көңіл бөліңіз: ас мәзірінде міндетті түрде ақуызға бай пайдалы тағамдар (ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері, бұршақ тұқымдастар) жеткілікті болсын. Тәтті, боя­ғышы көп, химиялық қоспасы басым азық-түлікті шамадан тыс бермеңіз, ондай тағамдар баланың гиперактив мінезін күшейте түседі.

– Ата-аналар гиперактивті баланың эмоциясымен қалай жұмыс істеуі керек?

– Баланың үйдегі міндеттері мен жауап­кершілігін нақтылап, кесте күнтізбе-кесте жасап қоюға болады. Мысалы, қай уақытта қандай іс жасайтынын жазып не суретін салып, әр орындалған тапсырманың қасына белгілеп отырыңыз. Мектепке барған соң да, күнделікті сабақ, үй жұмысы, қосымша үйірме, демалыс уақыттарын жүйелеп үйретіңіз. Гиперактивті балаға белгілі бір құрылым мен тұрақты тәртіп өте қажет, сонда ол не істеу керегін біліп, артық қозғалмайды, өзі де біраз сабырға үйренеді. Бала жасаған ісі үшін мадақ естіп, жетістігін көріп отырса, өзін пайдасыз сезінбейді және өз-өзін бағалау деңгейі жоғарылайды. Әрине, мұндай ерекше балаға ата-ананың ықыласы мен мейірімі де айрықша керек. Балаңызбен жиі сөйлесіп, оның ішкі әлеміне үңіліңіз не толғандыратынын, неден қорқатынын, не қалайтынын білуге тырысыңыз. Эмоцияларын дұрыс шығаруына көмектесіңіз: қуанып тұрса бірге қуаныңыз, ашуланып тұрса сабырға шақырыңыз. Кейде гиперактивті бала бірнәрсеге көңілі толмаса, айқайлап, ашу шақырады. Ондайда оған дауыс көтермей, өзінің эмоциясын сөзбен түсіндіруге үйретіңіз: «қатты ашулысың ба, қорқып кеттің бе, айтып берші» деп, сезімін сыртқа шығаруға талпынып көріңіз. Бала өз сезімін, қажеттілігін сөз арқылы жеткізуге үйренсе, шамадан тыс қимыл немесе айқай арқылы реакция көрсетуді азайтады. Сонымен қатар ата-ананың өздері де тәртіпті үлгі етуі маңызды. Гиперактивті баламен жұмыс істегенде, ата-ана өте шыдамды, сабырлы болуға, әрі тәртіпке бағындыра білуге тиіс. Әрдайым мамандармен бай­ланыста болып, кеңестерін алу артық ет­пейді. Қазіргі кезде гиперактивті балаларға арналған арнайы нейрокоррекция әдістері бар – яғни баланың миындағы тежелу-тоқтату функциясын күшейтуге бағытталған түрлі ойын жаттығулары, тыныс алу жаттығуы, сезімталдықты реттейтін терапиялар. Осын­дай кешенді жұмыстар арқылы бала біртіндеп өз импульстарын бақылауды, зейінін шоғыр­ландыруды үйрене бастайды. Ең бастысы, ата-ана мен маман бірлесе жұмыс істесе және баланы сүйіспеншілікпен түсіне білсе кез келген қиындықты жеңуге болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

                                                                              Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: