Өңірлік коммуникациялар қызметі мемлекеттік ақпараттық саясатты дамыту жолында үлкен рөл атқарады. Аймақтың оң имиджін қалыптастыруда бұл орталықтың көтерер жүгі ауыр. Жергілікті билік пен бұқаралық ақпарат құралдары арасында тығыз байланыс орнатуға өз үлесін қосып жүр. Мереке қарсаңында өңірдегі ақпараттық саясатты үйлестіріп отырған Өңірлік коммуникациялар қызметі КММ директоры Гүлнұр Бейбітбекқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Аймақтың оң имиджін қалыптастыруда жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз…
– Өңірлік коммуникациялар қызметі – мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын байланыстыратын мемлекеттік инфокоммуникациялық алаң. Мұнда кез келген маңызды азаматтық бастамалар қолдау табады. Спикерлер қатарында тек мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, саяси және қоғамдық бірлестіктер, өнер қайраткерлері, зиялы қауым мен жастар да бар. Мемлекеттік билік органдары мен қоғамның өзара іс-қимылының тиімді тетігін құруды мақсат еткен өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жыл басынан бері 156 баспасөз іс-шарасы ұйымдастырылды. Оның 14-і көшпелі брифинг, 9-ы баспасөз туры. Оған 244 спикер қатысты. Жыл басынан бері облыс әкімінің 5 орынбасары, 7 аудан әкімі және Қызылорда қаласының әкімі есеп берді. Облыстық 18 басқарма және 21 аумақтық департамент пен инспекция басшыларының қатысуымен баспасөз конференциялары өтті. Сонымен қатар орталық тек баспасөз алаңынан ғана ақпарат таратпай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарылып жатқан барлық іс-шараның кең көлемде ақпараттандырылуына өз үлесін қосып келеді. Облыс көлемінде ғана емес, елімізде өтіп жатқан халықаралық, республикалық спорттық-мәдени шаралардан облыс тұрғындарына хабар таратылды. Өңірлік коммуникациялар қызметі арқылы V дүниежүзілік көшпенділер ойындарын, «Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты Қызылорда облысының Алматы қаласындағы өнер күндерін, республикалық «Ұлттық қауіпсіздік барысы» турнирі ақпараттандырылды.
Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі көшпелі брифингін Қызылорда облысында алғаш рет ұйымдастырды. Өңірлік коммуникациялар қызметі көшпелі брифингті жан-жақты ақпараттандыруға атсалысты.
Тағы бір атап айтар жаңалық, өңірлік коммуникациялар қызметінің жұмысын жетілдіру бағытында жасанды интеллект қолданылуда.

– Өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс қалай?
– Жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерімен тығыз әріптестік байланыста жұмыс істейміз, ақпараттық ашықтық пен жеделдік басты назарда. БАҚ өкілдерімен жүйелі түрде баспасөз мәслихаттары, брифингтер, сұхбаттар және ақпараттық турлар ұйымдастырылады. Сонымен қатар ресми мәліметтер уақытылы таратылып, маңызды оқиғалар мен жаңалықтар әлеуметтік желілерде және ресми сайттарда жедел жарияланып отырады.
– Қазіргі уақытта халықтың ақпарат алуына ең тиімді құрал қандай деп ойлайсыз?
– Халыққа нақты әрі сенімді ақпарат беруде дәстүрлі медианың рөлі зор. Бүгінде қазақ журналистикасында, оның ішінде Сыр журналистикасында тың серпін барын байқаймыз. Жергілікті БАҚ-тағы зерттеу, сараптама, тың жобалар жүзеге асып, халықтың көңілінен шығып жатқанының куәсі болып та жүрміз. Өзім де журналист ретінде өңір журналистикасының уақыт көшінен қалмай дамып келе жатқанына қуанамын.
– Алдағы уақытта қандай жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар?
– Орталықтың бастамасымен биыл облыста салынып жатқан нысандар мен ел игілігіне пайдалануға берілген жаңа ғимараттарды, сондай-ақ өңірдегі көз тартар көрікті жерлерді халыққа кеңінен насихаттау үшін танымал блогер өз парақшасында, әлеуметтік желілердегі пабликтерде креативті видеороликтер шығарып, көрсетілім көп жинады. Бұл аймақтың оң бағыттағы бастамасын көрсетуге үлес қосуда.
Одан бөлек, жаңа бағдарламалар да көрермендерге жол тартты. Атап айтқанда, еркін форматтағы «Кешкі кофе», «Етене», «Ол кім? Бұл не?», «Ауылым – алтын бесігім» жобалары жарыққа шықты, «TED Q» ашық алаңы ұйымдастырылып, оған орталық жанынан құрылған сарапшылар тобы қатысты. Алдағы уақытта «Технотренд», «Жергілікті жетістік» подкасттары, «Адал еңбек», «Profession», «Ғасыр куәсі» хабарлары түсіріліп, оқырманға ұсынылады.
– Орталықта жұмыс істейтін мамандарға қандай талап қоясыз?
– Уақытпен санаспайтын, креативті идеяны жүзеге асыруға асығатын, қоғамдағы жаңашылдықты қалт жібермейтін, жауапкершілікті сезіне алатын жастарды қолдаймын. Кәсіби маман болуға деген талпынысын көтермелейміз. Біздің орталық жас толқын үшін үлкен мектеп.
– Басшының бойында қандай қасиет болу керек?
– Ең алдымен қарапайым болу қажет. Жастармен бірге бір толқында болған дұрыс деп санаймын. Кез келген адаммен тіл табысып, коммуникация орната білу маңызды. Әрине, жауапкершілік пен әділдік – басты ұстанымым.
– Өз салаңызда қандай жетістіктерге қол жеткізгіңіз келеді?
– Біздің басты мақсатымыз – өңірдің оң имиджін қалыптастыру, облыстың ақпараттарын дер кезінде БАҚ өкілдері арқылы халыққа жеткізу. Алдағы уақытта ақпараттық ашықтықты арттыруға күш салғымыз келеді. Цифрлық коммуникацияны дамытуды қолға аламыз. Кәсіби команда құру арқылы өңірлік коммуникациялық орталықты нағыз ақпарат штабына айналдырсақ дейміз.
– Теледидардағы танымалдылықты сағынасыз ба?
– Әр уақыттың өз қызығы мен қиындығы болады. Қиындықтан адам шыңдалады, қызықты сәттері естелік боп қала береді. Өткен шағыма тек сүйсініп қараймын. Тұлға болып қалыптастырған телернаға зор алғысымды білдіремін. Ең бастысы, қандай ортада болсын, жауапкершілікпен адал қызмет ету.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!