Сейсенбі, 25 қараша, 01:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90 (2202)
25.11.2025
PDF мұрағаты

Гүлсара Байдилдаева, С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің оқытушысы: Киім – қажеттілік ғана емес, өнер туындысы

25.11.2025

34 0

Сән индустриясы – тек әдемі киім тігумен шектелмейтін, ойлау мәдениетін, технологияны, ұлттық болмысты жаңа қырынан танытатын сала. Әсіресе жас ұрпақты еңбекке, талғамға, шығармашылыққа баулуда киім дизайнының рөлі ерекше. Гүлсара Орынбасарқызы – 20 жылдан астам осы оқу орнында педагог-инженер ретінде талай жастың кәсіби жолына бағыт-бағдар беріп келе жатқан мұғалім. Ұлттық нақышты заманауи үлгімен ұштастыра білетін маман ретінде өңірдегі сән мен тігін өндірісі саласына өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Осы орайда Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің оқытушысы, тігін өндірісі саласының тәжірибелі маманы, модельер-конструктор дизайнер Байдилдаева Гүлсара Орынбасарқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

Гүлсара Байдилдаева, С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің оқытушысы: Киім – қажеттілік ғана емес, өнер туындысы

– Гүлсара Орынбасарқызы, ең алдымен, дизайнер мамандығын таңдауыңызға не себеп болғанын айтып берсеңіз.

– Дизайнер мамандығын таңдауыма бала кезімнен өнерге, сурет салуға және киімге деген қызығушылығым себеп болды. Киімнің адам үшін тек тұрмыстық қажеттілік емес, оның мінезін, болмысын, мәдениетін танытатын өзіндік өнер туындысы екенін ерте түсіндім. Сол түсінік қалыптасқаннан кейін осы саланы, саналы түрде таңдадым. 1996 жылы Қарағанды жоғары училищесінде модельер-конструктор, дизайнер мамандығы бойынша білім алдым, кейін жоғары білімімді Болашақ университетінде жалғастырдым. 2006 жылдан бері Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінде педагог-инженер ретінде еңбек етіп келемін. Мен үшін киім үлгісінде ұлттық мәдениетімізді жаңа стильде көрсету, қазақы ою-өрнек пен дәстүрді қазіргі заман талғамына сай жеткізу өте маңызды. 2007 жылдан бастап «Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық қолөнердің маңызы» бағыты бойынша жобалар әзірлеп жүрмін. Осы жоба негізінде студенттер облыстық байқауларда бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, республикалық деңгейдегі дельфийлік ойындарда жүлделі орындарға ие болды. Бұл – бір адамның емес, ұжымдық шығармашылық жұмыстың, студент пен мұғалім еңбегінің ортақ нәтижесі. Бірнеше жыл қатарынан республикалық тест құрастырушысы болдым. «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Тігінші», «Пішуші», «Модельер» оқулықтарының авторымын, бұл еңбектер болашақ тігіншілер мен дизайнерлерге арналған теориялық әрі практикалық құрал іспетті. Сонымен қатар «Жас тігіншілер» байқауының ұйымдастырылуына, оның өткізілуіне және төрелігіне де белсенді атсалысып келемін.

Гүлсара Байдилдаева, С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің оқытушысы: Киім – қажеттілік ғана емес, өнер туындысы

– Қазіргі жастардың дизайн саласына қызығушылығы қандай деңгейде? Жас толқын бұл мамандыққа қаншалықты бет бұруда?

– Жастардың дизайн саласына қызығушылығы өте жоғары деп сеніммен айта аламын. Жастардың басым бөлігі креативті ойлауға бейім, трендтерді тез қабылдайды және өзіндік стиль қалыптастыруға ұмтылады. Әсіресе цифрлық fashion-дизайн, 3D модельдеу, заманауи конструкциялау сияқты бағыттарға деген қызығушылығы күн сайын артып келеді. Біздің студенттер сән әлеміндегі жаңалықтарды жіті қадағалап қана қоймай, оларды өз жұмыстарында қолдануға тырысады.  Бұл қызығушылық тек сөз жүзінде емес, нақты жетістіктермен де дәлелденіп жүр. Мысалы, колледж студенттері «Kyzylorda Graft Fashion Week» атты облыстық дизайнерлер байқауында жүлделі орындарға ие болып келеді. «WorldSkills 2024» облыстық чемпионатында «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша екінші дәрежелі дипломға қол жеткізген студент­теріміз бар. Сондай-ақ ерекше жандар арасында өткен «Жүрек жылуы» байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, өнері мен шеберлігін дәлелдеген жастарымыз да аз емес. Қалалық деңгейде ұйымдастырылатын «Үздік тігінші» байқауларында да студенттер жүлдегер атанып, өз кәсіби білігін танытып жүр. Мұның бәрі – жастардың өз мамандығына ынтасы мен талпынысының, шығармашылық әлеуетінің айқын көрінісі.

– Еңбек нарығында дизайнер мамандығына деген сұраныс қандай деңгейде? Түлектер қайда жұмыс істеп жүр?

– Бүгінгі еңбек нарығында дизайнер мамандығына деген сұраныс бар. Себебі тігін және сән индустриясы үнемі дамуда, жаңашылдықты талап етеді, сол себепті жаңа кадрларға деген қажеттілік тоқтамайды. Бұл салада табысты болудың басты шарты – еңбекқорлық пен шыдамдылық. Осы қасиеттер болған жағдайда жас мамандар өзіне лайықты орнын мін­детті түрде таба алады. Біздің түлектер сән үйлері мен авторлық студияларда кәсіби дизайнер, модельер-конструктор ретінде жұмыс істей алады. Сонымен қатар жарнама және медиа агенттіктерінде визуалды шешімдер дайындау, киім стилизациясы, мерчендайзинг бағыттарында еңбек етеді. Дүкендер желілерінің мерчендайзинг бөлімдерінде тауарды сөреге шығарудың сәндік-эстетикалық тұстарын басқаруға дағдыланады. Түрлі ательелер мен шағын шеберханаларда клиентпен тікелей жұмыс істеп, тапсырыс бойынша тігін бұйымдарын әзірлейді. Яғни бір мамандық аясында бірнеше бағытты қатар меңгеруге мүмкіндік мол, бұл өз кезегінде еңбек нарығында дизайнерлерге деген сұраныстың тұрақты екенін көрсетеді.

Гүлсара Байдилдаева, С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің оқытушысы: Киім – қажеттілік ғана емес, өнер туындысы

– Сіздің ойыңызша, киім дизайны саласында табысты болудың құпиясы қандай?

– Ең әуелі табысты дизайнер болғысы келген адам креативті ойлай білуі керек. Дизайнер қалыпқа сыймайтын шешімдер ұсына алатын, жаңа бағыттар іздейтін, өз көзқарасын киім арқылы жеткізе алатын маман болуы тиіс. Соның негізінде оның жұмысы өзгеше, есте қаларлық, өзіндік қолтаңбасы бар деңгейге көтеріледі. Сонымен бірге үздіксіз ізденіс пен жаңалыққа ашық болу өте маңызды. Сән тенденциялары үнемі өзгеріп отыратындықтан, күн сайын кәсіби тұрғыда дамуға, білімін толықтырып отыруға дағдылануы керек. Еңбекқорлық пен жауапкершілік – кез келген саладағы табыстың іргетасы. Дизайнер сән әлеміндегі трендтерді бақылап қана қоймай, оларды терең талдай білуі, болашақта да өзектілігін сақтайтынын түсіне алуы қажет. Графикалық бағдарламалар мен 3D технологияларды меңгеру бүгінгі күні айрықша сұранысқа ие дағдыға айналды, сондықтан компьютерлік дизайн саласында да белгілі бір деңгейде білік болуы шарт. Жоғары эстетикалық талғам, түс үйлесімін сезіну, пішін мен силуэтті дұрыс таңдай білу – табысты коллекцияның негізі. Бұған қоса тапсырыс берушімен жұмыс істей алу, яғни коммуникативтік дағдыларды дамыту да өте маңызды. Клиенттің талабын тыңдап, соны кәсіби сүзгіден өткізу арқылы ортақ шешім таба білу – дизайнердің беделін арттыратын ерекшеліктердің бірі.

– Студенттерді шығармашылық және кәсіби тұрғыда ынталандыру үшін қандай тәсілдер қолданасыз?

– Сабақ барысында тігін бұйымдарын дайындау кезінде ұтымды әдістерді қолдануға үйретемін, жаңа маталармен қорықпай жұмыс істеуге баулимын, материалды сезініп, тәжірибе жасауға шақырамын. «Бұл киімді өзім киемін деп ойлап, жауапкершілікпен қараңдар», – деймін. Себебі адам өзіне арнап киім тіксе, оның сапасын, тігісін, қырын, үлгісін қайта-қайта қарап, ұқыптылыққа ерекше мән береді. Дәл осындай көзқарас қалыптасқан кезде ғана студент кез келген бұйымға үлкен жауапкершілікпен қарап, шығармашылық тұрғыда ойлануды үйренеді. Студенттердің қызығушылығын арттыру үшін оларды сән көрсетілімдеріне белсенді қатыс­тырамын, түрлі деңгейдегі байқауларға дайындаймын, шығар­машылық жобалармен жүйелі түрде жұмыс істетемін. Әрбір шағын жеңісін, алғашқы жетістігін дер кезінде атап өтіп, бағалау арқылы ынталандырамын. Кейде бір ғана жылы пікір, сенім студентке үлкен күш береді. Сондықтан қолдау көрсету, пікірлесу, ой бөлісу және сенім арту – менің тәжірибемде ең тиімді ынталандыру құралы. Әр студент өзін тыңдайтын, пікірімен санасатын ортада ғана еркін ойлап, жаңа идея ұсына алады.

– Жетістікке жеткен шәкірттеріңіз туралы да айтып өтсеңіз…

– Шәкірттерімнің жетістігі – мен үшін үлкен мақтаныш. Олар Қызылорда қаласындағы «Далатекс» тігін фабрикасында, «Сұлтан-Сүйрік» секілді мекемелерде, еліміздің басқа қалаларындағы ательелер мен түрлі тігін өндірістерінде табысты жұмыс істеп жүр. Әрқайсысы өз орнын тауып, кәсіби тұрғыда қалыптасып келеді.  Кейбір түлектер жеке шеберханасын ашып, өз ательесін дамытып отыр, енді бірі жеке брендін қалыптастырып, авторлық киім коллекцияларын ұсынып жүр. Халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болған шәкірттерім де бар, олар шетелдік сән мектептерінде білімін жалғастырып, шеберлігін шыңдап келеді. Осындай жетістіктерді естіген сайын, олардың әрқайсысының кезінде алғашқы эскизін қалай салғанын, алғашқы бұйымын қалай тіккенін еріксіз еске аламын. Бұл – дер кезінде берілген бағыт-бағдар мен табанды еңбектің жемісі.

– Дизайнер әрі педагог ретінде өз шығармашылығыңыз туралы айтсаңыз…

– Тігін өндірісіндегі әр мамандық қарапайым тігіншіден бастап арнайы тігінші, технолог, модельер-конструктор және дизайнерге дейін өз алдына маңызды, бірақ барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Осы тізбектің әр буыны өз орнында дұрыс жұмыс істегенде ғана сапалы әрі көркем бұйым дүниеге келеді. Мен өз жұмысымда осы үйлесімділікті сақтауға көп көңіл бөлемін және студенттерге де осыны түсіндіруге тырысамын. Соңғы жылдары біздің колледж құрылтайшының қолдауымен толық жаңғыртудан өтті, материалдық-техникалық базасы жаңарып, жаңа деңгейге көтерілді. Шеберханалар толық жаңартылып, тігін цех­тары мен пішу кабинеттері заманауи жабдықтармен қам­тамасыз етілді. Компьютерлік дизайн бөлмелері жаңа техникамен жабдықталып, студенттердің цифрлық дизайн бағытында тәжірибе жинауына жағдай жасалды. Мұның бәрі студенттердің кәсіби дағдыларын өндірістік ортада шыңдауға мүмкіндік беріп отыр. Өз шығармашылығымда әр шәкірттің талғамын, идеясын құрметтеп, жеке қолтаңбасын қалыптастыруға ерекше мән беремін. Мен үшін ең маңыздысы – дайын бұйымның өзі ғана емес, сол бұйымға жеткенге дейінгі ізденіс, қателік пен түзету, табандылық пен қуаныш қатар жүретін сәт. Байқауға дайындық, эскиздер жасау, үлгі таңдау, матамен жұмыс істеу – мұның барлығы болашақ маманның кәсіби әрі рухани қалыптасуына әсер ететін маңызды кезеңдер. Басты мақсатым – студенттерді ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестіре алатын деңгейге көтеру. Ұлттық ою-өрнектерге, салт-дәстүрге құрметпен қарауды үйрете отырып, сол құндылықтарды бүгінгі жас ұрпаққа жақын, заманауи форматта ұсынуға басымдық беремін. Егер болашақ дизайнер ұлттық мәдениетке сүйеніп, әлемдік сән үрдістерін игерсе, онда ол кез келген ортада бәсекеге қабілетті, танымал маман бола алады деп сенемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Сабина Хаят

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: