Сейсенбі, 21 қаңтар, 13:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№5,2118
21.01.2025
PDF мұрағаты

Гүлсара Ибраева, кәсіпкер:   Кәсіп бастауға ниет керек

21.01.2025

68 0

Бүгінде қосымша кәсіппен айналысамын деген  мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан көп жеңілдік көрсетілуде.  Алайда сондай мүмкіндікті көпшілігі пайдаланбай жатады. Кейбіреуі құжат дайындауды қиын десе, кейбірі кәсіпті әрі қарай жүргізіп кетуге тәуекелге батылы жетпейді.  Ал ерінбей, көздеген мақсатқа жету – жүректілік. Осындай табанды жанның бірі – Гүлсара Ибраева.

Денсаулығында кінәраты болып, жасы ұлғайса да тыным көрмейтін  Гүлсара үнемі кәсіптің жаңа түрін игеруге талпынып тұрады.  «Іздеген жетер мұратқа» демекші, ниеттенген адамға ризық та табыла кетеді.  Өткен жылы ол ғаламтордан жекелеген санаттағы адамдарға кәсіппен айналысуға қайтарымсыз грант қаражаты беріледі дегенді естіп, дереу «Мансап» орталығына құжат тапсырды.  Өзінің бизнес жобасын  сәтті қорғап шығып,  грантты жеңіп алды. 

– Қазір кәсіппен айналысуға мүмкіндік мол. Тек қабілетіңізге сай кәсіп таңдап, онымен тұрақты айналысып, бағыңызды сынап көрсеңіз болады.  Шаруаңыздың өрге басуы әп-сәтте.  Жасым 55-ке келсе де жұмыстан қашқан емеспін. Бұл жұмысқа қосымша диван, креслолардың сыртын қаптап, жаңаша өң беруді де қолға алып отырмын.  Мемлекеттік грант қаржысына  кез келген затқа сурет басатын принтер құрылғысын сатып алдым. Суретті ыдыстарға, сөмкеге, футболкаға, кепкаға басып жүрмін.  Әзірге өзім ғана айналысамын. Болашақта  қасыма бір адам алсам деймін.  Негізі тапсырыс жақсы. Қазіргі заманның трендіне ілесу керек қой.  Заманауи трендке жүрек керек. Ұтымды кәсіппен айналыссаң ұтасың, – дейді кәсіп иесі.

Әрине, «талаптыға нұр жауар» деген даналықта үлкен мән бар.  Кәсіп дамыса, табыс молайып,  жұмыс көзі де ашылып, екі қолға бір күрек таппай жүргенге несібе болары анық.

    Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: