Топ-баннер2

Сенбі, 07 наурыз, 05:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№18 (2230)
07.03.2026
PDF мұрағаты

Гүлжан Ильясова, Қызылорда облысы Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы үгіт-насихат тобының аға инспекторы, полиция майоры: Бұл салада нәзік жандар табысты еңбек етуде

07.03.2026

56 0

Бүгінгі қоғамда әйел заты тек отбасының берекесі ғана емес, ер-азаматтармен иық тіресе жүріп, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетуде де белсенділік танытуда. Соның ішінде күн-түн демей, қызмет бабымен қатал тәртіпті серік еткен, иығына погон тағып, антқа адал болуды басты міндет санаған нәзік жандардың еңбегі құрметке лайық. Олардың әрқайсысының тағдыры мен таңдаған жолы үлкен жауапкершілік пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.

Осындай жауапты қызметтің жүгін арқалап, Қызылорда облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы, үгіт-насихат тобының аға инспекторы қызметін атқарып жүрген полиция майоры Гүлжан Ильясова. Қызмет пен отбасыны қатар алып жүрген Гүлжан Каһаршақызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Гүлжан Каһаршақызы, нәзік жан­ның қиын саланы таңдауы батырлық. Жүрексінбедіңіз бе?

– Бұл менің саналы таңдауым. Бала күнімнен әділдік пен тәр­тіпті бәрінен жоғары бағалап өстім. «Бойымдағы жігерім­ді ел игілі­гіне жұмсасам, қоғам­ға пай­дам тисе» де­ген асыл арман мені құқық қорғау саласына алып келді.

– Отбасыңызда құқық қорғау саласын­да қызмет ететін жандар бар ма? Жалпы, «полиция боламын» деген шешіміңізді жақын­дарыңыз қалай қабылдады?

– Қызық болғанда, әулетімізде бұл салада қызмет еткен адам жоқ. Ата-анам өмір бойы еңбекпен шыңдалған қарапайым шаруа адамдары. Әри­не, бас­тап­қыда алаң­даушылық білдірді. Себе­бі полиция қыз­метінің жауап­кершілігі ауыр, қиындығы мен қаупі қатар жүретінін біле­ді. Дегенмен менің таң­дауыма құрметпен қарап, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Олардың сенімі маған күш береді.

– Полиция қызметкері десе, көз алдымызға қаталдық пен темірдей тәртіп келеді. Әйелге тән нәзіктік пен қызметтегі қаталдықты қалай тең ұстауға болады?

– Иә, қызмет барысында талапшыл­дық пен тәртіп қажет. Бірақ менің ұстанымым кез келген жағдайда адамгершілік бірін­ші орында тұруы керек. Жұмыс барысында табиғатымызға тән мейірімді жоғалтпауға тыры­самын. Қаталдық тек заң шеңберінде, жұмыс барысында ғана қажет. Ал жан дүниемде әрдайым адам тағдырына деген жанашырлық жоғалған емес.

– Алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме?

– Оны ұмыту мүмкін емес. Алғаш рет полиция формасын киіп, айнаға қараған сәтте бойымды ерекше мақтаныш пен зор жауапкершілік сезімі болады. Сәл де болса толқу болды.

– Осы уақытқа дейінгі қызмет бабында есте қалған немесе ерекше оқиға туралы айтып берсеңіз.

– Біздің жұмыста әр күн – бір тарих. Дегенмен маған ең қатты әсер ететіні – халықтың шынайы алғысы. Кездесу барысында тұрғындардың по­лиция жұмысына сенім білдіріп, атқарылған іске ризашылық айтқан сәттері жүректі жылы­тады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы еңбектің бағаланғаны – мен үшін ең үлкен марапат.

– Мереке кезінде кезекшілікте болған сәттеріңіз жиі бола ма?

– Әрине, біз үшін қоғам қауіпсіздігі мерекеден де жоғары тұрады. Сондықтан мереке күндері кезекшілікте болу үйрен­шікті ісіміз. Отбасым бұл жағдайды түсі­ніс­тікпен қабылдайды. Егер мүмкіндік болып жатса, мерекені жақындарымның ортасында өткізуге тырысамын.

– Қоғамда әлі де «бұл әйел адамның жұмысы емес» деген пікірлер кездесіп жатады. Бұған қалай қарайсыз?

– Қазіргі заманда мамандықты еркектің немесе әйелдің жұмысы деп бөліп қарау ескірген түсінік деп ойлаймын. Ең бастысы, кәсіби біліктілік пен өз ісіңе деген адалдық. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, нәзік жандар да бұл салада ерлермен иық тіресіп, табысты еңбек ете алады. Кейде әйелдерге тән ұқыптылық пен төзімділік қиын түйіндерді шешуге көмектесіп жатады.

– Бүгінде погон тағуды арман­дайтын нәзік жандар­ға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Егер бұл шешім жүрек қалауы болса, қорықпау керек дегім келеді. Бұл мамандық табандылықты, төзімділікті және үнемі ізденісті талап етеді. Ең бастысы, өзіңе сену және білімді болу. Болашақ тәртіп сақшысы алдымен өз ісінің шебері болуы тиіс.

– Сұхбатыңызға рах­мет!

Әңгімелескен София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: