Сенбі, 14 наурыз, 01:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№19 (2231)
14.03.2026
PDF мұрағаты

Гүлжауһар Рзақұлқызы, ревматолог дәрігер: Ерте диагноз қою көптеген асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді

14.03.2026

20 0

Кейінгі жылдары буын ауруы жасарып барады. Бұл мәселе әлемдік ғылыми қауымдастықты да алаңдатып отыр. Бұрын буын ауруы егде жастағыларды мазалай бастаса, қазір жастар мен балаларда да жиі кездесуі алаңдатарлықтай жағдай. Орайы келгенде, облыстық көпбейінді аурухананың ревматолог дәрігері Гүлжауһар Рзақұлқызымен сұхбаттасып, көп көкейінде жүрген сауалдарды қойдық.

– Гүлжауһар Рзақұлқызы, кейінгі кезде буын аурулары көбейіп кеткен сияқты. Себебі үлкен де, кіші де буын ауруы мәселесін айтып, ревматолог іздеп жүргенін байқаймыз. Дәрігер ретінде бұған не айтасыз? Шынында, буын ауруы көбейді ме?

– Соңғы жылдары буын ауруы маза­лап, дәрігерге жүгінетін адамдар саны айтарлықтай артты. Бұрын ревмато­логиялық аурулар көбіне егде жаста кездеседі деп есептелсе, қазір орта жастағы адамдар мен жастар арасында да жиі байқалып отыр. Бұған бірнеше фактор әсер етеді: өмір салтының өзгеруі, қозғалыстың азаюы, артық сал­мақ, созылмалы стресс, инфекциялар, экологиялық жағдай және иммундық жүйенің өзгерістері. Сонымен қатар халықтың медициналық сауаттылығы да артып, адамдар буын ауруының алғашқы белгілері байқалғаннан-ақ дәрігерге жүгі­не бастады.

– Тағы бір мәселе, кейінгі кезде балалар арасында буын ауруы көбейгені байқалады. Жалпы буын ауруы қазір жасара түскендей. Себебі неде?

– Қазіргі кезде балалар мен жас­өс­пірімдер арасында ревматологиялық ауру­лардың, әсіресе ювенильді артрит­тердің жиілегенін көріп жүрміз. Бұған вирустық және бактериалдық инфекциялар, иммундық жүйенің өзгерістері, гене­тикалық бейімділік, сондай-ақ қазіргі балалардың физикалық белсенділігінің төмендеуі әсер етуі мүмкін. Балаларда буын ауруы ұзақ уақыт байқалса немесе ісіну, қызару, қозғалыс шектелуі болса, міндетті түрде ревматологқа көрсету қажет.

– Жалпы, буын ауруы қандай ауру? Себебі мен салдары туралы оқырманға ақпарат берсеңіз.

– Буын ауруы – бұл бір ғана ауру емес, ревматология саласына жататын көптеген дерттердің ортақ белгісі. Оның құрамына буындардың қабынуымен немесе зақымдануымен өтетін түрлі аурулар кіреді. Мысалы, ревматоидты артрит, подагра, остеоартроз сияқты буынның өзіне байланысты аурулар бар. Сонымен қатар буын ауруы кейбір жүйелі аутоиммунды дерттердің белгісі болуы мүмкін. Олардың қатарына жүйелі қызыл жегі (волчанка), жүйелі склеродермия, әртүрлі васкулиттер (қан тамырларының қабыну аурулары) жатады.

Бұл ауруларда тек буын ғана емес, ағзаның басқа да мүшелері – тері, қан тамырлары, бүйрек, өкпе, жүрек зақымдануы мүмкін. Сондықтан буынның ұзақ уақыт ауырсынуы немесе ісінуі кейде ағзадағы күрделі жүйелі аурулардың алғашқы белгісі болуы ықтимал. Егер мұндай аурулар дер кезінде анықталып, дұрыс ем жүргізілмесе, буындардың деформациясына, қозғалыстың шектелуіне, кей жағдайларда ішкі ағзалардың зақымдануына әкелуі мүмкін. Ал ерте диагностика мен заманауи емдеу әдістері ауруды бақылауда ұстап, емдеуге мүмкіндік береді.

– Қозғалыстың аздығынан буын ауруы көбейді деген қаншалықты шындыққа сәйкес келеді?

– Қозғалыстың аздығы буын саулығына әсер етеді. Адам ұзақ уақыт қозғалыссыз отырса, бұлшықеттер әлсірейді, буындарға түсетін жүктеме дұрыс бөлінбейді. Соның салдарынан буындарда қан айналым нашарлап, дегенеративті өзгерістер пайда болуы мүмкін. Сондықтан күнделікті жеңіл физикалық белсенділік – серуендеу, гимнастика, жүзу – буын саулығы үшін өте маңызды.

– Ковид-19 буын ауруының көбеюіне әсері бар деп ойлайсыз ба? Жалпы буын ауруының пайда болуына не әсер етеді?

–  Соңғы жылдары COVID-19 инфекциясынан кейін буын және бұлшықет ауырсынуына шағымданатын науқастар саны артқанын байқаймыз. Дәрігерлік тәжірибемнен ковидтен кейін кейбір ревматологиялық аурулардың жиілегенін байқаймын. Мысалы, соңғы уақытта жүйелі васкулиттердің әртүрлі түрлері, сондай-ақ реактивті артриттер жиі кездесіп жүр. Жалпы аутоиммундық аурулардың саны артқандай әсер қалдырады.

Бұл мәселе тек тәжірибеде ғана емес, медициналық ғылыми конференцияларда да жиі көтеріліп жүр. Профессорлар мен мамандар COVID-19 инфекциясы иммундық жүйеге әсер етіп, кейбір адамдарда аутоиммундық процестерді қоздыруы мүмкін екенін атап айтуда.

Дегенмен буын ауруының пайда болуына тек ковид қана емес, тұқым қуалаушылық, инфекциялар, гормоналдық өзгерістер, артық салмақ, стресс және өмір салты сияқты көптеген фактор әсер етеді. Сондықтан әрбір жағдайды жеке қарастырып, дер кезінде тексеріліп, маман кеңесін алу маңызды.

– Таңертең қолдың құрысуы қаншалықты қауіпті?

– Таңертең буындардың сіресуі немесе құрысуы ревматологиялық аурулардың маңызды белгілерінің бірі болуы мүмкін. Мысалы, ревматоидты артрит кезінде таңертеңгі сіресу 30 минуттан бірнеше сағатқа дейін созылуы мүмкін. Егер бұл белгі жиі байқалса, буындар ісініп, ауырса, дәрігерге қаралу қажет.

– Буын ауруын халық емімен емдеуге бола ма?

– Халық емінің кейбір түрлері уақытша жеңілдік беруі мүмкін, бірақ олар негізгі емнің орнына жүре алмайды. Буын ауруларының көбінің негізінде қабыну немесе иммундық бұзылыстар жатады. Сондықтан дұрыс диагноз қойып, дәрігер тағайындаған емді қабылдау өте маңызды.

– Қандай белгілер байқалғанда дәрігерге жүгіну керек?

– Егер буында ұзақ уақыт ауырсыну болса, ісіну байқалса, қозғалыс шектелсе, таңертеңгілік құрысу болса немесе буынның пішіні өзгерсе, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Ерте диагноз қою көптеген асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді.

– Буын ауруының алдын алуға қандай кеңес берер едіңіз?

 – Буын саулығын сақтау үшін бірнеше қарапайым қағиданы ұстану қажет: дұрыс тамақтану, артық салмақты болдырмау, тұрақты қозғалыс, жарақаттан сақтану және инфекциялық ауруларды уақытында емдеу. Сонымен қатар жылына кемінде бір рет профилактикалық тексеруден өткен дұрыс.

– Дәрігер ретінде тәжірибеңізден бір мысал келтірсеңіз.

– Дәрігерлік тәжірибемде есте қалған жағдайлар көп. Мысалы, №4 емханада жұмыс істеп жүрген кезімде маған дерматополимиозит белгілерімен бір науқас келді. Өкінішке қарай, ол адам шамамен алты ай бойы нақты диагноз қойылмай, түрлі мамандарға қаралып жүрген екен. Осы уақыт ішінде ауру асқынып, науқас тіпті мүгедектер арбасына отырып қалған. Тексеру нәтижесінде дұрыс диагноз қойылып, тиісті ем тағайындалды. Кейін науқасты ғылыми-зерттеу институтына жолдап, ол жақта диагноз расталды. Біраз уақыт өткен соң науқас кезекті емін алу үшін көпбейінді облыстық ауруханаға маған қайта келді. Сол кезде оның жағдайының айтарлықтай жақсарғанын көргенде қатты қуандым. Бұрын арбаға таңылған науқас өздігінен жүріп, өзі отырып-тұра алатын жағдайға жеткен. Мені көріп, алғысын айтып кеткені маған шабыт берді. Осындай сәттерден мамандығыңның маңызды екенін сезінесің.

–  Жалпы буын ауруы жазыла ма?

– Бұл аурудың түріне байланысты. Кейбір буын аурулары толық жазылуы мүмкін, ал кейбірі созылмалы түрде өтеді. Бірақ қазіргі медицинада оларды бақылауда ұстап, адамның қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік беретін тиімді емдеу тәсілдері бар.

– Медицинадағы жетістіктер буын ауруының алдын алуға, емдеуге қаншалықты ықпал етуде?

– Соңғы жылдары ревматология саласында үлкен жетістіктер бар. Биологиялық терапия, заманауи иммуномодуляторлық дәрілер көптеген ауыр ревматологиялық ауруларды айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр. Ерте диагностика ем нәтижесін жақсартуда маңызды рөл атқарады.

– Сұхбат соңында өзіңіз туралы айтсаңыз.

– Мен 2012 жылдан бері ревматолог дәрігер ретінде қызмет атқарып келемін. Ревматология мамандығы бойынша Астана қаласында оқыдым. Ал негізгі білім алған оқу орным – С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті. Қазіргі таңда көп бейінді облыстық ауруханада ревматолог дәрігер болып жұмыс істеймін. Күнделікті тәжірибемде әртүрлі ревматологиялық аурулармен келетін науқастарға диагностика жасап, ем жүргіземін.

Дәрігер ретінде басты мақсатым – ревматоло­гиялық ауруларды ерте анықтап, дер кезінде дұрыс ем тағайындау арқылы науқастардың өмір сапасын жақсартуға көмектесу. Себебі бұл аурулардың көпшілігі ұзақ бақылауды талап етеді. Сондықтан дәрігер мен науқастың өзара сенімі мен бірлескен жұмысы өте маңызды деп есептеймін. Әрбір науқастың жағдайы жақсарып, қалыпты өмірге оралғанын көру – мен үшін ең үлкен марапат.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Cұхбаттасқан Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: