Жұма, 22 қараша, 14:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Халық таза су ішуі тиіс

15.06.2024

348 0

Таза ауызсу – халық денсаулығының басты кепілі. Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету – ел Үкімінің басты міндеттерінің бірі.
Осы аптада өткен Үкімет отырысында халықты сапалы ауызсумен
қамтамасыз ету жайының талқылануы бекер болмаса керек.

Өткен жыл қорытындысымен ел бойынша қалаларды сумен жабдықтау қызметтері 98,9 пайызға жетсе, елді мекен тұрғындары 96,6 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілген. Үкімет отырысында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша 9 облыста топтық су құбырларын салу және реконструкциялау мақсатында 29 жоба жүзеге асуда. Бүгінде барлығы 2 мың шақырым су құбырын қайта жаңарту және салу, сондай-ақ 437 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл жалпы саны 92 мың адам тұратын 44 елді мекенді орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік сараптама қорытындысын алғаннан кейін жүзеге асатын 5 жоба әзірленіп, нәтижесінде 200 елді мекенді сумен жабдықтау жүйесі жақсартылмақ. Биылдың өзінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға, реконструкциялауға ел қазынасынан 324 жобаны жүзеге асыруға 218 млрд теңге қарастырылған. Оның 106 млрд теңгесі қалаларға, 112 млрд теңге қаржы ауылдарды ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Үкімет басшысы келер жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді міндеттеді.
– Бұл аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Уақыт тығыз, небәрі 1,5 жыл қалды. Әкімдіктер сумен жабдықтау көрсеткіштерінің жоғары деңгейіне қарамастан, ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарын күшейтуге тиіс. Сумен қамтамасыз ету жұмыстары басым тәртіппен қаржыландырылуы тиіс. Елді мекендердің ішінде су желілерін жүргізу жұмыстарын топтық су құбырларының инфрақұрылымын ауылдардың шекараларына дейін тарту жоспарымен үйлестіру керек, – деді премьер-министр Олжас Бектенов.
Бір айта кетерлік мәселе – халықтың шағымының басым бөлігі де осы таза ауызсуға байланысты. Үкімет отырысында бұл мәселе де назардан тыс қалмады. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік органдарға тұрғындардан 43,5 мыңға жуық ресми өтініш келіп түссе, олардың басым бөлігі тозығы жеткен су құбырларының жиі істен шығатынына шағымданған. Үкімет басшысы сумен қамтамасыз ету саласын автоматтандыру мен цифрландырудың маңызды екенін атап өтті. Бұл су каналдарының жұмысын жеңілдетіп, шығын мен апат санын азайтады. Бүгінде автоматтандыру жобасы Қызылорда облысында бар екені де атап айтылды. Үкімет басшысы жыл соңына дейін халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішін ауылдарда 97,8 пайызға, қалаларда 99,5 пайызға дейін жеткізуді тапсырды.
Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы мәселе бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырып, «бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет» деп атап өтті. Тұрғындарға тұрақты, сапалы ауызсу жеткізу ең өзекті және маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Қазір облыста орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған 26 елді мекен бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуіміз қажет», – деді аймақ басшысы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин 4 қала, 230 ауылдық елді мекеннің 204-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылғанын айтты. Биыл тағы 13 жобаны жүзеге асыруға 5,3 млрд теңге қаржы қаралған.
Жиында өзге елді мекендерді таза ауызсумен қамту, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы жүзеге асырылған жобаларды мерзімінде аяқтау мәселелері пысықталды. Аймақ басшысы ауызсу ұңғымалары мен су жинау, тарату жүйелерінің тозғанын айтып, оларды кезекті жөндеуден өткізу, күтіп-ұстау жұмыстарын тұрақты ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ ауызсуды үнемді пайдалану да өзекті мәселенің бірі. Бұл орайда халық арасында насихат қажет.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: