Сенбі, 07 ақпан, 01:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№10 (2222)
07.02.2026
PDF мұрағаты

Халық сенімін ақтау – басты міндет

07.02.2026

50 0

«AMANAT» партиясының 2023–2027 жылға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аймақта жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде барлық бағыттағы нақты жол карталары бекітіліп, іс-шаралар тұрақты өткізілуде. 2025 жылдың қорытындысымен облыста сайлауалды бағдарламаның орындалу деңгейі 91,9 пайызды құраған. Жол картасына енгізілген 110 іс-шараның 101-і толық орындалған, қалған іс-шаралар орындалу сатысында тұр. Атап өту керек, партияның облыстық филиалы бұған дейін республикада үш жыл қатарынан сайлауалды бағдарламаны 100 пайыз орындаған үздік филиалдардың бірі. Бұл туралы «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай БАҚ өкілдеріне берген брифингте мәлімдеді.

– Біздің басты ұстанымымыз – ха­лыққа берілген әрбір уәденің нақ­ты нәтижемен орындалуы. Партия жұмысының тиімділігі сандар­мен емес, тұрғындардың өмір сапа­сын­дағы оң өзгерістермен өл­шенуі тиіс. Әділетті қоғамды біз қалып­тастыруымыз керек. 2025 жылы өңірде сайлауалды бағдарламасы ая­сында әлеуметтік маңызы бар бір­қатар ірі жобалар іске асырылған. Атап айтқанда, 10 елді мекен газдандырылып, облысты газбен қамту деңгейі 83 пайызға жеткен. Спорт саласында 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, халықты спорттық инфра­құрылыммен қамту көрсеткіші арт­қан, – деді Жандос Базартай.

Аймақта білім беру бағытында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4200 орындық 5 «Келешек мектебі», 3 мектеп іске қосылып, қосымша 6 білім орда­сына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауызсумен қамту бойын­ша 2025 жылы облыс халқы орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтылған. Денсаулық сақ­тау, мәдениет, тұрғын үй құрылы­сы, жол және жылу желілерін жаң­ғырту салаларында да ауқымды жұмыс­тар атқарылған.

Партиялық бақылау комиссия­ларының аймақтық және аумақтық деңгейлерде 94 отырысы өтіп, олар­да көтерілген 566 ұсыныстың 400-і орындалған. Жол картасында көрсе­тілген 84 нысанға партиялық бақылау бекеттері орнатылып, бүгін­гі күні 80-і пайдалануға берілген. Партия­лық бақылау комиссия­ла­рынан бөлек барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялардың жұ­мысы жаңа жолға қойылған. Есепті кезеңде мәсли­хаттардағы фракциялардың 61 оты­рысы өткі­зіліп, фракция мүше­лерімен тиісті органдарға 1377 депутаттық сауал жолданған. Соны­мен бірге партия жанындағы Кеңес­тердің 62 оты­рысы өтіп, оларда қаралған 124 мәселе бойынша 435 ұсыныс тиісті органдарға жолданған. Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 8212 арыз-өтініш түсіп, олардың 60,5% оң нәтижесін көрсеткен.  3170 өтініш бойынша заңнамалық түсіндірмелер мен құқықтық кеңестер берілген. Сондай-ақ елді мекендерде 130 мо­бильді қабылдау өткізіліп, көтерілген 1174 мәселенің 51 пайызы шешімін тапқан. Мониторинг жұмыстары да жиі өткізіледі деседі.

– Партиялық бақылау комиссия­сымен бірге мектептер мен ауруха­на асханаларына, әлеуметтік нысан­дар­дың қысқы жылыту маусымына дайындығына және азық-түлік ба­ға­сын тұрақтандыру мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізіліп тұрады. Мониторинг барысын­да ны­сандарда орын алған кемшіліктер­ді дер кезінде жою үшін арнайы топ мүшелерімен, жауапты органдардың қатысуымен жедел жиындар өтіп, ескертулер жасалады. Нәтижесінде қоғамға зиян келтіретін бірқатар әрекеттердің алдын аламыз. Бір реттік тексеріс аздық етеді. Сондықтан үздіксіз тексеруді қолға алдық, – дейді филиал төрағасы.

Брифинг барысында партияның облыстық филиалының төрағасы партиялық жобалар мен филиал жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатымен атқарылған жұмыстарды да тілге тиек етті.

Мәселен, өңірде өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2 мрлд 490 млн теңгеге 297 жоба қаржыландырылған. Сонымен қатар «Жер аманаты» жобасы бойынша 60,0 мың гектар жерді қайтару жоспарланып, 66791 гектар жер мем­лекет меншігіне қайтарылған. Оның 1626 гектары заң аясында тұрғындардың пайдалануына беріл­ген. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 22800 азаматқа қызмет көрсету көзделіп, жүктелген мін­дет жүйелі орындалған. Жоба қорытындысы бойынша облыс ко­мандасы өткен жылы республикада үздіктер қатарынан көрінген.

– Аталған жобалар қоғам үшін қызмет етеді. Мәселен, «Ауыл амана­ты» жобасын алайық. Бұл – жас кәсіп­керлерге айрықша қолдау болмақ. Бү­гінде өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде елімізде 20 мыңға жуық, біздің өңірде 2 мың жұмыс орны ашылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында үйде отырып тігін тігіп бастаған жан, бүгінде елге танымал тігінші, кәсіпкер. Қарамағында екі адам жұмыс істейді. Сондықтан «Ауыл амана­ты» жобасы адам таңдамайды, талға­майды. Тек іскерлік қабілет, ынта болса жеткі­лікті, – дейді Жандос Базартай.

Өңіріміздегі белсенді жастар­дың бірлескен жұмысының нәтижесін­де әртүрлі бағыттағы облыстық және республикалық маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Өткен жылы атқарылған жұмыстар нәтижесінде «Жастар рухы» жастар қанаты­ның облыстық филиалы республика бойынша үздік деп танылған.

Айдана БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: