Бүгінде Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтерде инфрақұрылымдық жобалармен қатар әлеуметтік және экономикалық бастамалар қарқын алып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артып келеді. Қала әкімі Нұржан Ахатов халықпен тікелей кездесіп, елді мекендердің тыныс-тіршілігін көзбен көріп, атқарылған жұмыстарды бағамдап, шешімін күткен мәселелерге нақты бағыт-бағдар беру мақсатында қалаға қарасты Белкөл, Тасбөгет, Ақжарма, Ақсуат, Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Қызылжарма, Қызылөзек және Талсуат ауылдық округтеріне арнайы жұмыс сапарымен барды.
Шаһар басшысы ауыл тұрғындарының өтінішіне құлақ түріп, олардың көкейіндегі өзекті мәселелерді тыңдау арқылы ашық әрі шынайы байланыс орнатуға ниетті екенін байқадық. Әр ауылда тұрғындармен бетпе-бет сөйлесіп, өзекті деген салаларды, оның ішінде жол, жарық, ауызсу, газдандыру, абаттандыру, білім беру, денсаулық сақтау бағытында нақты тапсырма беріп, шешу жолдарын айқындап берді.
– Әрбір жобаның, әрбір бастаманың артында тұрғындардың үміті тұр. Біз бұл үмітті ақтауға міндеттіміз. Халықпен бірге ауылды, ауылмен бірге қаланы дамытамыз, – деген қала әкімі Нұржан Сәбитұлының сөзі бұл кездесудің басты ұстанымын айқындап берді.
Ауыл елдің тамыры болса, сол тамырдың қуаты мен тынысын арттыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Қала мен ауылдың арасын тек жол емес, өзара сенім, нақты жұмыс пен шынайы қамқорлық жалғайды.
Белкөл кенті: Электр желісі жаңарып, көшелер жөнделген
Қала әкімі ең алдымен Белкөл кентіне ат басын бұрды. Кездесу барысында елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен инженерлік инфрақұрылымының даму барысы талқыланды. Соңғы жылдары бөлінген қаржы көлемі артып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жол жөндеу, жарықтандыру, абаттандыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты істердің жемісі.
– Белкөл – Қызылорданың іргесіндегі әлеуеті жоғары елді мекендердің бірі. Соңғы жылдары мұнда ауқымды жобалар жүзеге асып, инфрақұрылым жүйелі түрде жаңғыртылып келеді. Өткен жылы 256,2 млн теңге бөлініп, жол, жарық, жаяу жүргінші жолы, балалар алаңы, көпқабатты үйлердің шатыры, аялдама сынды тұрғындар үшін өзекті мәселелер ең алдымен шешімін табуда. Биыл бұл жұмыс өз жалғасын тауып, 306,7 млн теңгеге жоспар жасалды. Кенттің негізгі көшелеріне күрделі жөндеу, жаңа мәдениет үйін салу, тозығы жеткен электр желілерін жаңарту, кәріз жүйесіне қосу және демалыс паркін салу тұрғындар көтерген өзекті мәселелердің негізінде қолға алынуда. Кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2024 жылы 2,5 млрд теңгеден астам сомаға 28 жоба қаржыландырылып, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында тағы 4 жоба қолдау тапты. Жұмыссыздық деңгейі төмен, бұл – сіздердің белсенділіктеріңіздің нәтижесі. Әр көшеге жарық жағылып, әр ауладан балалар күлкісі естілсе, мақсатымызға жеттік деген сөз, – деді қала әкімі.
Атап айтсақ, өткен жылы Бірлік пен Путейцева көшелеріне 27,9 млн теңгеге түнгі жарық бағаналары орнатылған. Сонымен қатар Бірлік көшесіне және Бірқазан елді мекеніне балалар ойын алаңдары салынды. Кенттегі Қ.Әбдіқадыров көшесіне 62,3 млн теңгеге жаяу жүргіншілер жолы төселген. Сондай-ақ электр желісі жаңғыртылып, Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелеріне 4370 метр электр желісі тартылды. Бұл жұмыс «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда.
Тасбөгет кенті: Апатты үй тұрғындарының мәселесі – жіті назарда
Белкөлден кейінгі сапар Тасбөгет кентінде жалғасын тапты. Кездесу барысында әкім тұрғындармен жүздесіп, атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Кездесу барысында соңғы жылдары Тасбөгетте іске асқан ірі жобаларға, атап айтқанда, жол жөндеу, жарықтандыру, газ және ауызсу желілерінің құрылыс жұмыстарына, сондай-ақ абаттандыру мен тұрғын үй инфрақұрылымын жақсартуға аса назар аударды. Сонымен қатар әкім тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің шешу жолдарын ортаға салып, нақты қадамдарды атады.
– 2024 жылы Тасбөгет кентінің бюджеті 541,9 млн теңге болып бекітілсе, 2025 жылға 456 млн теңге көлемінде қаражат қаралған. Бұл қаржы кенттің инфрақұрылымын жаңартуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. 2024 жылы 98,3 млн теңгеге Ә.Оразбаев көшесінің 1,8 шақырым бөлігі орташа жөндеуден өтті. Кенттегі әлеуметтік нысандар орналасқан 6 көшеге 115 млн теңгеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сабалақ елді мекенінде газ желісінің құрылысы басталып, 319,4 млн теңге қаржы бөлінді. Ал биыл бұған қоса 106,4 млн теңге қаралды, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Сондай-ақ 33,8 млн теңгеге Өткелбаев, Жангелдин, Жанкин, Әбілқасымов, Сейфуллин, Мәмбетов көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жол жөндеу жұмыстарына 20,8 млн теңге, абаттандыруға 79 млн теңге бағытталған.
Қала басшысы тұрғын үйлердің шатыры, қоғамдық көлік пен жол мәселелері де назарда екенін атап өтті.
– Тұрғын үйлердің шатырын жөндеуге 80,9 млн теңге қарастырылды. Сабалақтағы ауызсу ұңғымасының жобасына 10 млн теңге, аяқсу тарту құрылымын жаңғыртуға 15,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар №8 бағыттағы қоғамдық көліктің жұмысын енді «Қызылорда Автобус паркі» үйлестіруде, – деді қала әкімі.
Халықпен жүздесу барысында әкім алдағы жоспарлармен бөлісті.
– Сабалақ елді мекенін ауызсумен толық қамту үшін 389 млн теңге қаржы қаралды. Қазіргі таңда мердігерлер анықталып, аталған жобалар жүзеге асуда. №4 қалалық емханаға 350 орындық жаңа ғимарат салу жоспарымызда бар. Наурыз және Тасарық шағын аудандарындағы апатты үй иелерін заңға сәйкес жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді қала әкімі Нұржан Сәбитұлы.
Сондай-ақ әкім қоғамдық көлік жүретін көшелерді жөндеуге де назар аударатынын айтты. Жоба құны 328 млн теңге болатын көшелердің құжаттары қайта қаралып, түзетуге қаржы сұралған. Тасарықтағы және басқа шағын аудандардағы бірнеше тұрғын үйдің шатырына жөндеу жүргізу үшін 23,6 млн теңге бөлінгенін атап айтты.
Ақжарма: Талдыаралға – таза ауызсу
Келесі бағыт Ақжарма ауылдық округі болды. Соңғы жылдары Ақжарма ауылдық округінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ауыл табиғи газға қосылып, жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген және бірнеше көшеге жарық шамдары орнатылып, балалар ойын алаңдары мен тас жолдар салынған. Бұл – ауылдық округтің өмір сапасын жақсартуға арналған жүйелі жұмыстың көрінісі.
Қала әкімінің айтуынша, Ақжарма ауылдық округінің жыл басындағы бюджеті 158,4 млн теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 431,6 млн теңгеге жеткен. Бұл – округті дамытуға деген басым бағыттың дәлелі.
– Өткен жылы ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы – ауылға табиғи газдың тартылуы. Бұл – тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, өмір сапасын арттыруға тікелей әсер ететін үлкен жетістік, – деді қала әкімі Нұржан Сәбитұлы.
Сондай-ақ Баймұрат батыр ауылында 422,5 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория салынды. Бұл нысан ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге жол ашты десек артық айтқандық емес. Ақжармада жол, жарық, ауызсу сынды инфрақұрылым мәселелері де кешенді түрде шешілуде. Талдыарал елді мекенінде балалар ойын алаңы мен көше шамдары орнатылып, тұрғындардың өмір сүруі әлдеқайда жақсарып келеді.
– Баймұрат батыр ауылының жаңа көшелеріне тас жол салуға қажетті қаржының 31,1 млн теңгесі бөлініп, алғашқы кезеңде 2 көшеге тас төселді. Ал 2025 жылы 292,2 млн теңгеге 17 көшеде жұмыстар жалғасуда. Жалпы жоба құны 372,4 млн теңгені құрайды, – деді қала басшысы.
Сонымен қатар Талдыарал елді мекенінде құны 656,9 млн теңгені құрайтын су тарату насос станциясының құрылысы басталды. Бұл ауылды таза ауызсумен қамтуды түбегейлі шешуге бағытталған ірі жоба. 2024 жылы округ бойынша жобалық құны 30,5 млн теңге болатын 7 жоба мемлекеттік қолдау арқылы қаржыландырылды. Оның ішінде «Бастау Бизнес» аясында 5 жоба 7,4 млн теңге грант жеңіп алды.
Қала басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, негізгі мәселелерге арнайы тоқталды.
– «Құбас» көшесіне электр желісін тарту Тасбөгет РЭС-тің 2025 жылға арналған жоспарына енгізіліп, жұмыстар басталмақ. Көпқабатты үйлерді газдандыру «СМП Қызылорда» ЖШС және «ҚазГазАймақ» мекемелері тарапынан тиісті жұмыстар заң аясында жүргізілуде. Ұялы байланыс және интернет сапасын жақсарту үшін жаңа байланыс мұнарасы орнатылып, жабдықтар орнату бойынша келісімдер жүріп жатыр. Талдыаралдың жаңа көшелеріне жарық жүргізу жобасы бойынша мердігерге қатысты сот шешімі шыққан, енді компания өз міндетін орындауға кіріспек, – деп нақты атап өтті қала басшысы Нұржан Ахатов.
Сондай-ақ демеушілер есебінен жабық спорт кешенін салу, жаңа көшелерге су құбырын тарту сияқты жобалар да жоспарға енгізілгені айтылды.
Ақсуат: Өткен жылғы бюджет миллиардтан асты
Қала әкімінің тұрғындармен кездесуі Ақсуатта жалғасты. Кездесу барысында елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымның жай-күйі, инженерлік желілердің ахуалы және алдағы жоспарлар сөз болды. 2024 жылы Ақсуат округінің бюджеті 1,2 млрд теңгеге дейін ұлғайып, түрлі бағыттағы ірі жобаларға жол ашылды. Бұл қаржы жол салу, жарықтандыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру және әлеуметтік қолдау шараларын қамтыды. Ауыл ішіндегі ондаған көшеге асфальт төселіп, жарық бағаналары орнатылып, электр желілері жаңартылуда. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныстары мен көтерген мәселелері де назардан тыс қалмай, нақты шешімдер қабылданған.
– 2024 жылы Ақсуат ауылдық округінің бюджеті 1 млрд 225,7 млн теңгеге жетіп, бұрын-соңды болмаған ауқымды жобалар жүзеге аса бастады. Ал 2025 жылға 788 млн теңге жоспарланған. Былтыр ауылдық округтегі Бәйтен, С.Стамбеков көшелеріне республикалық бюджеттен 98,6 млн теңгеге жол салынса, С.Байқадамов, Т.Ақмырзаева, Қаратабан, Ө.Құлманов, М.Дүйсенбаев көшелерін облыстық және қалалық бюджет есебінен 865,8 млн теңгеге жөндеуден өткіздік. П.Тлепбаев, А.Найзағараев, Б.Жүсіпбеков, Канал-2 сияқты маңызды көшелерде де 100 млн теңгеге жол құрылысы басталды, бұл жұмыстарға биыл 616,7 млн теңге бөлініп әрі қарай жалғасады, – деді қала әкімі Нұржан Сәбитұлы.
Округтің 32 көшесіне электр желілерін тарту жұмыстары 2024 жылы басталып, оған 74 млн теңге бөлінді. Биыл бұл бағытта 573 млн теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл 22,5 шақырымнан аса жаңадан қоныстанушы аумақтарды жарықпен толық қамтуға мүмкіндік береді.
– Электр желілерін толық тартқан соң, ауылдағы бұрын жарық көрмеген көшелер мәселесі түбегейлі шешіледі», – деді қала әкімі.
Былтыр А.Құнанбаев, Т.Бекмұратов, Б.Епенов және Қ.Үсенбаев көшелеріне 17 млн теңгеге түнгі жарық шамдары орнатылған. 2025 жылы А.Арысбаев, О.Жакенов, Орманбаев көшелеріне тағы да 11,2 млн теңгеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар А.Найзағараев пен Е.Адыранова көшелерінде 5,6 млн теңгеге спорт жаттығу алаңы және 5,1 млн теңгеге балалар ойын алаңы салынды.
Қосшыңырау: Инфрақұрылым жақсарды
Қала әкімінің халықпен кездесуі Қосшыңырау ауылдық округінде жалғасты. Соңғы жылдары Қосшыңырау округінде жол, жарық, газ, ауызсу, әлеуметтік нысандар құрылысы сияқты маңызды бағыттарда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы 144,9 млн теңге көлемінде бекітілген округ бюджеті 2025 жылы 201,7 млн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл өсім ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған нақты жобаларға жол ашты. Кездесу барысында халықпен ашық сұхбат құрылып, тұрғындар ұсыныс пікірлерін жеткізді. Қала басшысы әрбір мәселе назарда екенін айтып, нақты шешімдер мен алдағы жоспарлармен бөлісті.
2025 жылы Қосшыңырау ауылдық округінің бюджеті 201,7 млн теңгеге жеткен. Бұл ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, жарық, жол, газ, әлеуметтік нысандар құрылысы және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың көрінісі.
– Өткен жылы Досан елді мекенінің жаңа қоныс аумағына 50 млн теңгеге электр желісі тартылса, биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 307,1 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауылдың басты мәселесінің бірі жарықпен қамту жайының шешілуі деген сөз, – деді қала әкімі Нұржан Сәбитұлы.
Абай ауылындағы Телемұра және Гагарин көшелеріне түнгі жарық шамдарын орнатуға 3,7 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар Досан ауылының №2, 7 және 12 көшелеріне демеушілердің қолдауымен құжаттар дайындалып, қалалық бюджеттен 49,2 млн теңге бөлініп, жол жөндеу жұмыстары басталған. 2024-2025 жылдары 10 млн теңге қаржыға балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдары жөнделіп, жаңадан салынған.
Қарауылтөбе: Ауызсуға жаңа құбыр тартылмақ
Қарауылтөбе ауылдық округі де қала әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Қала басшысы ауылдың өзекті мәселелерін шешуде нақты жоспарлар жасалып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырма берді.
Қарауылтөбе ауылдық округі қала іргесіндегі әлеуеті мықты елді мекендердің бірі. Соңғы жылдары мұнда халық саны артып, жаңа қоныс аудандары бой көтеріп келеді. Осыған орай, ауылдың инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу күн тәртібінен түспейтін маңызды міндеттердің бірі. Сапар барысында қала әкімі алдымен елді мекеннің инфрақұрылымдық жағдайын аралап көрді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңадан салынған жаяу жүргіншілер жолы, түнгі жарық бағаналары, көшелердің жай-күйі назарға алынды.
– Қарауылтөбе қарқынды дамып келе жатқан ауылдық округтердің бірі. 2025 жылы ауылда бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Оның ішінде дәрігерлік амбулатория құрылысы, электр желілерін жаңарту, ауызсу қысымын арттыру және балаларға арналған ойын алаңын салу сынды маңызды бастамалар бар. Біз бұл жұмыстардың бәрін тұрғындармен бірлесе отырып жүзеге асырамыз, – деді қала әкімі ауыл халқымен кездесу барысында.
Электр желілерін жаңарту жобасы бойынша 348,2 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Ауызсу қысымын арттыру мақсатында қосымша құбыр тарту мәселесі қолға алынған.
Қызылжарма ауылы: Ғимараттар жөндеуді қажет етеді
Қызылжарма ауылына ат басын бұрған қала әкімі ауылдың даму барысын бақылап, тұрғындармен тікелей кездесті. Халық саны 13 мыңнан асатын, қалаға іргелес орналасқан Қызылжарма елді мекені инфрақұрылымы қарқынды жаңартылып жатқан округтердің бірі. Сапар барысында қала басшысы ауылдағы жол, жарық, су, әлеуметтік нысандар сынды негізгі мәселелермен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныс, пікірлерін тыңдады.
Сапар аясында қала әкімі алдымен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауыл ішінде 6 көшеге асфальт төселіп, 737,9 млн теңгеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл округтің жол сапасын жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды бастама.
– Халыққа жайлы орта қалыптастыру басты міндетіміз. Соңғы жылдары Қызылжарма ауылында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Біз бұл үрдісті тоқтатпаймыз. Күрделі жөндеу, жарықтандыру, жол құрылысы және сумен қамту кешенді шешілуі тиіс мәселелер. Жергілікті бюджет есебінен 5 млн теңгеге Дүйсенбиев, Мұратбаев, Новая көшелеріне түнгі жарық шамдары орнатылды. Бұдан бөлек, тағы 9,8 млн теңгеге Сражадинов, Камалов, Нағызбеков, Ешимов көшелеріне жарық бағаналары қойылып, пайдалануға берілді. Жарықтандыру мәселесі бойынша 2025 жылы жалпы сомасы 43,3 млн теңгені құрайтын жұмыстар өз жалғасын табады, – деді қала әкімі тұрғындармен кездесуде.
Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысандардың бірі – «Тағзым алаңы» да толық абаттандырылып, жаңартылды. Бұл жұмысқа 25,2 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар санитарлық тазалыққа 20,2 млн теңге қаралып, жүйелі тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Ауылдың өзекті мәселелерінің бірі – ауызсу. Бұл бағытта ауыл әкімдігі тарапынан 244,8 млн теңгеге 3 ұңғыма қазу жобасы ұсынылып, қазіргі таңда «Бақ-Береке» ЖШС мердігер мекемесі бұрғылау жұмыстарын бастап кеткенін айтты.
– Қызылжарма халқы көп шоғырланған, қарқынды дамып келе жатқан округ. Мұндағы ауызсу, кәріз жүйесі, жарықтандыру сияқты мәселелер тікелей бақылауымда. Бөлінген қаржы уақытында әрі тиімді игерілуі қажет. Әр істің артында халықтың үміті бар, – деген қала әкімі сала басшыларына нақты тапсырма берді.
Ауылда 67 көшеге электр желісін тарту жұмыстары да басталып кетті. Бұл мақсатта 350 млн теңге бөлініп, «Сәт-Сервис» ЖШС мердігер ретінде бекітілген. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталуға жақын.
Кездесу барысында кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту саласына да назар аударылды. 2024 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында құны 334,7 млн теңге болатын 70 жоба қолдау тапқан. Округте қазіргі уақытта 445 жеке кәсіпкер, 16 шаруа қожалығы тіркелген.
Қала әкімі сапар барысында бірқатар әлеуметтік нысандарға да аялдады. №144 Сақтапберген Әлжіков атындағы орта мектеп, «Сыр дидары» балабақшасы, дәрігерлік амбулатория мен мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Мекемелерде көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, күрделі жөндеу қажеттіліктері бойынша тиісті бөлімдерге нақты тапсырма берілді.

Қызылөзек: Халықтың ұсынысы – басты назарда
Қызылөзек ауылдық округі – соңғы жылдары ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып жатқан ауылдардың бірі. Халқының белсенділігі мен дамуға деген ұмтылысы жоғары бұл округті Қызылорда қаласының әкімі назардан тыс қалдырмады.
– Қызылөзек – соңғы жылдары даму қарқыны жоғары ауылдық округтердің бірі. Ауылдағы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін біз жүйелі жұмыс істеп келеміз. Инфрақұрылымнан бастап, кәсіпкерлікке дейін кешенді қолдау көрсетілуде. 2025 жылға округ бюджеті 723 млн теңгеден асып отыр. Бұл қаражат негізінен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдағы 3 елді мекендегі электр желілерін жаңғыртуға 1 млрд 192 млн теңге қаралған. Сонымен қатар ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын А.Құнанбаев, Қараөзек бекеті-4 көшесі және М.Жабағыұлы тұйығының жол құрылысы толықтай аяқталды. Жол, жарық, ауызсу ауылдағы өмір сапасын анықтайтын басты көрсеткіштер. Қызылөзекте осы бағыттағы жұмыстар жүйелі қолға алынған. Біз басталған жобалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын бақылауда ұстаймыз, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ биыл Қараөзек ауылына кіреберістегі «Қожақ» көпірінің күрделі жөндеуіне 292 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Газдандыру бағытында 3 елді мекенге ілеспе газ тарту үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізіліп жатыр. Қаржыландыруға ұсыныс республикалық бюджетке жолданатын болады. Қосымша түнгі жарықтандыру мен балалар ойын алаңын салу жұмыстары да биылғы жоспарға енгізілген.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындармен еркін форматтағы сұхбат өткізіп, әрбір сұраққа жеке тоқталды. Сондай-ақ бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
– Қызылөзек әлеуеті жоғары, халқы ынтымақты ауыл. Сіздердің ұсыныстарыңыз біз үшін бағыт-бағдар. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны тиімді пайдалана отырып, ауылдың келешегіне бірге қызмет етеміз, – деді қала әкімі.
Талсуат: Әр жобаның артында халықтың үміті бар
Күн тәртібіндегі жұмыс сапарын қала басшысы Талсуат ауылымен аяқтады. Ауылдың бүгінгі жай-күйін көзбен көріп, тұрғындармен ашық пікір алмасқан әкім округтің даму қарқынына оң баға берді. Қаладан қашық емес Талсуатта инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
2025 жылға ауылдық округтің бюджеті 160,5 млн теңгені құрап отыр. Бұл қаражат негізінен жол жөндеу, жарықтандыру, абаттандыру, ауызсу, әлеуметтік нысандарды қолдау және кәсіпкерлікке жол ашу бағытында жұмсалуда. Сығанақ пен №3 тұйық көшелеріне қиыршық тас, ал №1 тұйық көшесіне жарық шамдары орнатылып, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру ісі жалғасып жатыр. Сонымен қатар Тағзым алаңы абаттандырылып, әлеуметтік мекемелерге дейін жаяу жүргіншілер жолы мен жарық желілері тартылды.
– Талсуат – болашағы бар, дамуға бейім ауыл. Бұл жерде халық белсенді, елге жанашыр. Біз әр тұрғынның тұрмысын жақсарту үшін нақты жұмыс істейміз. Жол, жарық, су, әлеуметтік нысандар бұлардың бәрі кезең-кезеңімен шешіледі. Әр істің артында адамның өмірі тұр. Сондықтан жауапкершілік жоғары. Біз халықпен бірге бір бағытта қадам басуға дайынбыз, – деді қала әкімі тұрғындарымен кездесу кезінде.

Әр ауыл – бір тарих, әр көшесі еңбекпен өрілген өмір жолы. Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтерді аралаған қала әкімінің бұл кездесуі – халықпен жан-жақты байланыс орнатудың, ауылдың тыныс-тіршілігін терең түсінудің, әрбір мәселені өз орнында шешуге бағытталған шынайы әрекеттің көрінісі. Белкөлден бастау алған бұл сапар Қызылөзекке дейін жалғасып, қала іргесіндегі әрбір елді мекенге серпіліс берді. Қалаға іргелес жатқан бұл округтер – қаланың дамуына өзіндік үлес қосып отырған, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендер. Алайда шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Жол мәселесі, жарықтың әлсіздігі, ауызсу тапшылығы, әлеуметтік нысандардың ескіруі, кәсіпкерлікке қолдаудың жеткіліксіздігі сияқты мәселелер тұрғындардың күнделікті өміріне әсер етпей қоймайды. Бұл түйткілдердің әрқайсысы әкім назарынан тыс қалмады. Керісінше, әр мәселе нақты зерттеліп, салалық басқармаларға, бөлім басшыларына міндеттер жүктелді. Әр округте басталған құрылыс, абаттандыру, инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары жүйелі дамудың айғағы.
– Әр ауыл біз үшін маңызды. Әр ауылдың гүлденуі біздің ортақ парызымыз. Біз атқарылып жатқан әр істі жіті бақылап отырамыз. Бөлінген қаражаттың тиімді игерілуі, сапалы жұмыс, уақытында аяқтау – басты назарда. Себебі әр жобаның артында халықтың үміті, сенімі бар, – деді қала әкімі бір кездесуінде.
Әр ауылда өткен кездесулер есеп беру емес, керісінше түсінісу мен ортақ мүдде төңірегінде келісу болды. Бұл әкім мен халықтың арасындағы сенім көпірінің берік болуына жол ашты.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!