Қазақтың бүтіндігі мен азаттығы үшін күрескен және осы жолда мерт болған Кенесары ханның соңғы шайқасы өткен тарихи жер қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылдық аймағының Күнгей деп аталатыны тарихтан белгілі. Хан Кененің қасіретті соңғы күніне куә болған жерлер сол маңдағы Кекілік, Сеңгір таулары мен Әулиешоқы. Ал Кекілік пен Сеңгірдің аралығында жатқан Майтөбеге Кене хан ту тіккен.
Еліміз тәуелсіздік алған соң хан ұрпақтары Майтөбе басындағы қорым тастың қақ ортасына биіктігі бес метрлік еңселі ескерткіш орнатыпты. Осы ескерткіштің айналасына көптеген қазақ руы атынан тағзым тұғыр тастары орнатылған. Тіпті мұнда туысқан өзбек, ұйғыр, татар, дүнген, орыс халқының атынан ескерткіш тақта қойылған.
Осындай тастұғырды Майтөбеге жуырда шөмен-шөмекей тайпасына қарасты тоқа, көнек, аспан, бозғұл руының ұрпақтары қойды. Мұратбек Есболов қойған қара түсті гранитке: «Ұлт азаттығы үшін мерт болған Кенесары хан мен қазақ батырларының аруағына тағзым. Кіші жүз, Алшын, Шөменұлы Шөмекей ұрпақтарынан, қараша, 2025 жыл» деп жазылған.
Іс-шараны Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафа ашты. Келелі басқосуда сексеннің сеңгіріне келген Қожамқұл Алдабергенов, Ізбасар Бердімұратов сөз сөйлеп, жиылған жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.
Іс-шарадан соң Қордай ауданында Кенесары хан мен сарбаздарының аруағына арнап ас берілді. Асқа Тасбай Елханұлы ақсақал бата берсе, Оспан қари Әбдулқадыр әруақтардың рухына құран бағыштады. Қордай ауданы, Жамбыл, Жаңатұрмыс ауылдарының ақсақалдар кеңесі төрағасы Нұрбек Жөкеев, «Компания Сырым Блеке» құрылыс компаниясының директоры, меценат Елмұрат Күнібеков, республикалық «Таң-Шолпан» әдеби журналының бас редакторы, жазушы Нұрлыбек Саматұлы мен ұйымдастырушылар Асан Әлжанов, Қорғанбай Көбеев, Жақып Мұхамедамин, «Аспан-Дөйт» компаниясының басшысы Айдарбек Жетесбаев, Мұратбек Есболов Қайрат Баймаханов сөз алып, хан Кене жорықтары туралы тарихи деректер айтты.
Ас соңында Сыр сүлейі Сәрсенбай жыраудың немересі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, дарынды жырау Майра Сәрсенбаева Базар жыраудың «Тіршіліктің түрлері» термесін толғап, жиылған жұртты тәнті етті.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!