Сенбі, 28 желтоқсан, 09:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Инфляция

12.10.2024

380 0

Бұл күнде Ақшабек тек қана ақшаның тілінде сөйлейді.
Мұның атын әулие әкесі қалай ғана тап басып «Ақшабек» деп қойғанына кейде айран-асыр қалады. Айдарынан жел ескен атышулы коммерсант болатынын көзбен көріп, қолмен қойғандай.
Институт бітіріп келіп, банкіде істеп жүріп, айдай аппақ Теңгегүл деген қызға құлай ғашық болып, ақыл-естен айрылып, ақыры үйленіп тынған. Мынаны қараңыз, сүйіктісі Теңгегүлдің әкесінің аты Сомбай, шешесінің аты Ділдә екен. Ырымшыл Ақшабек бұның өзін жақсылыққа жорыған. Алақанын сүйіп, маңдайына басып: “Алтын шыққан жерді белден қаз деген… Әуелі құдай, осыдан балалы болсам аттарын Долларбек, Иенгүл, Франкбай, Лирбек қоямын. Әулетімізден ақшаның ыстық лебі ұрып тұрсын” деп кесіп-пішіп, өзіне-өзі ант-су ішкен. Уәдесінде тұрды. Жігіт екен.
Бір ұрт, бірқыдыру қыңырлығы бар Ақшабекті коммерцияға үйреткен, ақшаның алғаш дәмін татырған – жарықтық әкесі. Тас бұйра, қою қара шашының арасында арам шөптей қылтиған ақ бөгені болатын. Кеш батса, дәлдек танау ұлына соны жұлдырады.
– Әр тал бөген шашыма екі тиыннан беремін, – деп баласын еміндіріп қойып, ырқылдай күледі. Жан қалтасын соққылап, тиындарын сылдырататын.
Тиынның сылдыры құлағына тиген соң, екі қолы алдына сыймай отырған Ақшабек тектен-текке жата ма. Құнжыңдап келіп, теледидар көріп жатқан әкесінің қауғадай басына тас кенедей жабысады. Сүліктей қадалып екі-үш сағат тапжылмайды. Одан жаман болмайды. Жұлған ақ шашын әкесіне санап тапсырып, қолы майланады. Баласына дән риза болған әкесінің мұның қалтасына ұрған бір уыс тиынын шашау шығармай, тәтті сүттен босаған қалбырлардың тесігіне салып жинайды. Және де жұрттың баласы сияқты көр-жерге жұмсамайды. Тіпті шешесінің «Мектепте жұмсарсың» деп берген тиын-тебенін де ретсіз шығармайды. Басқалар буфеттен самса алып жеп тұрғанда, бұл үйінен май жағып, шекер сеуіп алып келген нанын ұрты бүлкілдеп күйсеп отырғаны. «Темір қаңылтырым тезірек толып, екіншісін бастасам…» деп тәтті қиялға беріледі.
Алтыншы сыныпқа дейін Ақшабектің нағашысы айтқандай «миы сұйықтау болды ма, әлде шәңгіл басы кеш пісті ме?», сабақтан сөктей үш болатын. Төрт деген – үш ұйықтаса түсіне кірмеген баға. Бес дегенді танып-білсе бұйырмасын.
Бір күні құлағы едірейіп шай ішіп отырған Ақшабекке әкесі:
– Биылғы жыл жақсы оқып шықсаң, дүние дүниеде қалсын, айтқаным айтқан, он мың теңгенің белсебетін алып беремін, – деді. Әкесінің айтып ауыз жиып, солай деуі-ақ мұң екен, бұл ойын-күлкіні басы бүтін қойды. Бала болып далаға бейсеубат аттамайды. Елден бұрын тұрып, елдің соңынан жатады. Жатса да, тұрса да, жүрсе де, отырса да, қолында – кітап. Құшақтап ұйықтайды, құшақтап тұрады.
Сол жылы айды аспанға шығарып, “удәрник” болды. Талайды көрген мұғалімдердің өзі мұның сырын білмей, аузы ашылып қалды. Быдық директордан естіген мақтауы бір төбе. Дабысы жер жарды. Ал әкесі сөзін жұтпады.
– Түбінде бір жерден жарып шығасың, мәледес! – деп арқасынан қағып, бір айлығына су жаңа белсебет әкеліп, астына мінгізді.
Бұл белсебет басына қонар құттың басы болды. «Болар бала боғынан» дегендей, Ақшабек өз бизнесін ашып алды. Көшенің қарадомалақтарын кезекке иіріп қойып, бір айналдыратын да, қолдарындағы бес-он теңгелерін қағып алатын. Елу теңге болса, он айналдырады шолақ көшені. Әдемі белсебетке мінгеніне олар мәз, қалтасына сыңғырлап ақша түскеніне бұл мәз.
«Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, әккі болған Ақшабек келе-келе үйдегі аға-жеңгелері, түздегі ақсақал-қарасақалдар жолай бір шаруаға жұмсаса, беті бүлк етпей:
– Ақша бересің бе? – деп бір қадам аттап баспай, сарт ете қалатын болды.
Анау басын изесе, Ақшабек алақанына түкіріп:
– Қанша? – деп нақты бағасын сол жерде біліп алады. Обалына не керек, алатын тиын-тебені көңіліне қонса, ебелек қағып, шырайы кіріп, жұмсаған жақтың, тапсырған жұмыстың ебін тауып, есебін келтіріп тап-тұянақтай қылып орындайды. Артынан, сірә да, адам жүргізбейді.
Мектеп бітіретін жылы Ақшабек жалы күдірейіп, әке-шешесіне төтесінен шарт қойды.
– Тестен ылғи бес алсам қанша бересіңдер?-деді.
Әкесі нәукиген, бадырақ көзімен бір қарады да, қабағы кіржиіп күбірлей қалды. Іштей есеп жүргізіп, санап отыр.
– Отыз… – деді бір кезде ұлына.
Ақшабек ыршып үсті.
– Отыз-ақ па? Отыз мыңға бола басымды ауыртамын ба?! – деп шалқайды.
– Қой, әй, не сандалап отырсың? Құр малтаңды езбе! Ақша далада жатыр ма, оңай болса тауып көрсейші… Әлде мен не, ақша туып жатыр дейсің бе? Одан қалды оқысаң өзің үшін, қарақан басың үшін… Алатын қатының, туатын балаң үшін… Менің басыма көктас қоймайсың. Ырымың жаман, – деді әкесі кілт ашуланып, қисық шәпкесін жерге ұрып.
– Ау, бар болғыр-ау, одан артық бізде ақша жоқ қой… – деді шешесі күмілжіп.
– Оқымай-ақ адам болып жүргендер көп. Біреудің шарбағының қарын күреп, біреудің сиыр қорасын тазалап та күнелтуге болады… – деп Ақшабек енді кері бақты.
Жағы суалып, маңдайын қасыған әкесі шынымен ойланып қалды. Мына баласын оқыта алмаса, жан-жағындағы дос-дұшпаны бетін шымшып күлмей ме? Таза масқара сонда болады. Тәйтік ұлының бет-аузы күйелеш-күйелеш, үсті-басы шаң-шаң болып, базарда арба сүйретіп, қапшық арқалап жүргенін көз алдына елестетіп, дымы құрыған әкесі:
– Жә, бас аман болсын, несие аламын. Бөліп-бөліп төлеп құтылармын, – деп байлауын айтты.-Жүз мың жете ме?
Ақшабектің көзі күлімдеп, жайнаң қағып, басын изеді. Нарық белгіленді – сауда бітті. Әукиген әке мен тәйтиген бала қол алысты.
Ақша дегенде уәдесіне тас берік Ақшабек ұйықтамады-жатпады, кітапқа жабысты, көз майын тауысты. Тест күні әлекедей жалаңдап жүз балл алып шықты. Тіл-көзден сақтасын, әкесінің ғана емес, бүкіл мектептің мақтанышына айналды. Грантты қанжығасына байлап, басынан күн, аяғынан ай туды.
Ақшаға алабөтен сүйіспеншілігі Ақшабекті адастырмады.
Қатарлары өкшесі тесіліп, табаны тозып жаяу жүргенде, еті тірі Ақшабек жиған-тергенінің арқасында иномарка мінген. Құрдастарының тақымы шетелдік көлікке енді-енді тие бастағанда, бұл оқ бойы озып «Ақшабек и К» деген әжептәуір фирма ашып, табысты күреп жатқан. Айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрды.
– Ақшасы бар алып та жығар, шалып та жығар. Ақшасыз адам – нөл. Қалтаң қалың болса төр сенікі… – деп мысқылдай күліп Ақшабек балаларының құлағына күнде-күн құйып отыратын.
Соңғы дағдарыс кімге келмеді. Жасыратыны жоқ, Ақшабекті де айналып өтпеген. Шаруасы аздап шайқалақтап тұрған. Әсіресе, соңғы бес-алты айда ақшалы қалтасының түбі қолпылдап, мойнына су кетіп жүрген.
– Жазда Ямайкаға жолдама әпермесең, магистратураны тастаймын, – деп кеше кенже баласы Франкбай телефонмен шарт қойған.
«Әй, бұл зәнталақ ақшаны далаға шашудан басқаны біле ме?!» деп Ақшабектің миы қатып кеткен. Бүгін екі хабар қабаттаса келді.
– Күйеу балаңызбен қосылдым… Сіз айтқан соң ғана… Уәде еткен сомаңызды салып жіберіңіз, – деді қызы Иенгүл.
– Бір жақсы қызметтің ұшы көрінді. Таласушы көп. Бәрі де тықпалап жатыр. Мен бір-ақ ұрайын, есеп-шотыма жүз мың аудар, – деді Лирбек олармен жағаласып.
Мыналардың жұмысын қалай бітіремін деп ойы он саққа бөлініп, басы қатып отырғанда тұңғышы Долларбек:
– Сүйінші, әке! Қызды болдым. «Бірінші немереме «Тайота» мінгізем» дегеніңіз қайда? Ақшасын салып жіберіңіз тездетіп… Бір делдалмен саудаласып қойдым… – деді ай-шайға қарамай.
– Ау, Долларжан-ау… – деді басы әңкі-тәкі болған Ақшабек айтар сөз таба алмай тұтығып.
– Атын кім қоямыз? – деді ұлы бастырмалатып.
Аузына әп-сәтте ештеңе түспеген Ақшабек шеке тамыры жарылардай солқылдап:
– Инфляция…– дей берді.
– Инфляция…


Ерғали АБДУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: