Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, бәрі әдемі көрінеді. Бренд киім, қымбат көлік, саяхаттар, бақытты отбасы, мінсіз жұптар. Аз уақыттың ішінде әлеуметтік желі арқылы табысқа жетіп, инстаграм жұлдызына айналған жандар жетерлік. Мұндай көріністерді көргенде қызығасың, кейде еріксіз қызғана да қарайсың. Алайда осы жылтыраған өмірдің де өзіндік құпиясы бар. Әлеуметтік желідегі өмір шынымен осындай мінсіз
Инстаграмда бәрі мінсіз көрінеді…
Әлеуметтік желіде қызыға қарайтын жандардың өмірінде ешқандай мәселе жоқ деп ойлайсыз ба? Әдемі фото, бақыттан басы айналған рөлдегі жандардың видеосы, күлімдеген жүзі. Кейде бәрі мінсіз көрінеді. Бірақ шынайы өмірде дәл осылай мінсіз болып жүру мүмкін бе? Көп жағдайда адамдар әлеуметтік желіде өз қиындығын ашық көрсетпейді. Күйзеліс, жанжал, қаржылық қиындық, ішкі толғаныс мұның бәрі кадр сыртында қалады. Біз тек алдын ала ойластырылған, жылтыраған, өңделген бейнені ғана көреміз. Алыстан мысал іздемей-ақ, өз ортамызға көз салайық. Студенттік ортада бәріміз қызыға қарайтын бір танысымыз бар еді. Күн сайын инстаграм парақшасында гүл шоғы, қымбат сыйлық. Біз де таңырқай қараймыз. Бірде ол жүз бір раушан гүлін ортақ чатқа салып, бәрімізді қызықтыра түсті. Алайда көп ұзамай сол фотолардың «Pinterest» қосымшасынан алынғаны белгілі болды. Шын мәнінде, құрбымыздың өмірі ойдағыдай емес екен. Бірақ ол өз өмірін барынша мінсіз етіп көрсетуге тырысқан. Ал біз сырттай «қандай бақытты жұп» деп тамсанып жүрдік. Кейін бұл көріністің қолдан жасалған, жасанды екені белгілі болды. Міне, әлеуметтік желідегі өмірдің бәрі мінсіз, бақытты емес.
Кадр сыртындағы шынайы өмір қандай?
Әлеуметтік желіде көріп жүрген кей отбасыларда ешқашан дау-дамай болмайды деп ойлаймыз. Әрине, олай емес. Алайда әлеуметтік желі бұл шындықты көрсетпейді. Экран бетінде тек шаттыққа толы сәттер мен мінсіз көріністерді ғана ұсынады. Көпшілікке ұсынылатын контент өмірдің бір ғана жарқын қырын бейнелейді. Ал көлеңкеде қалған шынайы өмір мен қиындықтар кадр сыртында қала береді. Сол сияқты бүгінгі қоғамда қалыптасқан «мінсіз сұлулық» ұғымы да көбіне жасанды болып келеді. Экраннан көрінген сұлулықтың бәрін шынайы деп қабылдау – үлкен қателік. Қазіргі таңда түрлі фильтрлер мен өңдеу қосымшалары арқылы адамның бет-әлпетін де, дене бітімін де әп-сәтте өзгертуге болады. Адамды арықтатын, теріні тегістейтін, келбетті мінсіз етіп көрсететін қосымшалар жетерлік. Осының салдарынан кейбір жастар келбетіне көңілі толмай, өзін өзгелермен салыстырып, күйзеліске түседі. Нәтижесінде, инстаграм талап еткен сұлулықтың стандартын қолдан жасаймын деп, пластикалық оталардың құрбаны болады. Олар экрандағы жалған бейнемен жарысып, өз болмысын қабылдай алмайды.
Өзгенің өмірі қызық па?
Қазіргі таңда жастардың кейін күйзеліске түсуіне әлеуметтік желінің де ықпалы бар. Себебі инстаграмда 18-19 жастағы жастардың үй алып, көлік мініп, әлемді аралап жүргенін жиі көреміз. Мұндай көріністерден кейін, әсіресе жастар өздеріне «мен де осы жасымда үлкен жетістікке жетуім керек» деген үнсіз, бірақ ауыр талап қояды. Нәтижесінде, көпшілігі күйзеліске түсіп, әлеуметтік желінің қатаң талабына ілесе алмай, соңы тоқыраумен аяқталады. Өз өмірін өзгелермен салыстыру – ең қауіпті әдеттердің бірі. Алайда әлеуметтік желі мұны ескермейді. Ол бәріне бірдей «мінсіз өмірдің» ортақ талабын ұсынып қойғандай әсер қалдырады. Міне, әлеуметтік желінің ең үлкен кемшілігі де осында. Ол адамның ішкі жан дүниесін емес, тек сыртқы көріністі ғана бағалауға үйретеді. Біреудің қолдан жасалған өмірін көріп, кей жандардың уақыты өте береді.
Түйін: Бақытты адам өмірінің бақытты кезеңін ешкімге көрсетпейді. Дәлелдемейді. Жай ғана тыныш өмір сүреді.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!