Сейсенбі, 21 қазан, 11:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80, 2192
21.10.2025
PDF мұрағаты

Инвестиция игілігі

21.10.2025

47 0

Мемлекет басшысы «Жасанды ин­тел­лект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифр­лық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауында Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды

– Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвес­тицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саяса­ты мардымды деп айта алмаймын. Қа­ражаттың көбі шикізат салаларына құйы­лып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясаты­на басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет. Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсат­пен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсы­рыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек, – деді Президент.

Кейінгі жылдарда облыста жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар­дың ауқымы мен сипаты бұрынғыдан өзгеріп, тек бір саламен шектелмей, өнер­кәсіптен бастап энергетикаға, ауыл шаруа­шылығынан әлеуметтік инфра­құрылымға дейін кең өріс алды. Бұл – экономикалық көрсеткіштерді өсіру ғана емес, аймақтың келешегін қалып­тастыратын жүйелі трансформация. Мемлекеттік саясат пен жеке инвестицияның тиімді үйлесімі, халықаралық әріптестік пен жергілікті кәсіпкерліктің белсенділігі өңірге жаңа серпін беруде. 2025 жылы қолға алған жобалар саны мен олардың экономикалық әсері – Қызылорданың инвестициялық тартымдылығының нақты дәлелі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптан­дыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аймақта индустриялық-инновациялық жобаларды жүзегше асыруға арнайы жағдай жаса­лу­да. Мәселен, Қорқыт Ата арнайы эко­номикалық аймағы (АЭА) құрылып, инвестиорлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер пакеті ұсынылу­да. Биыл аймақта «Қорқыт Ата» ар­найы экономикалық аймағы құрыл­ды. Арнайы экономикалық аймақ Қызылорда халықаралық әуежайының жанында орналасқан, жалпы аумағы 550 гектарды құрайды және 25 жыл, яғни 2049 жылға дейін жұмыс істейді. Аймақтың құрылымында үш сектор қарастырылған: авиацияға қызмет көр­сету аймағы 50 гектарды, көтерме және бөлшек сауда мен қоймалау аймағы 100 гектарды, ал өнеркәсіптік аймақ 400 гектарды қамтиды. АЭА қатысушылары жер, мүлік, корпоративтік табыс және қосылған құн салықтарынан, жер пай­далану төлемдерінен босатылады, ше­тел­дік жұмыс күшін квотасыз тарту­ға мүмкіндік берілген. Бұл инвес­тор­лар үшін өте қолайлы жағдай. Маусым айында Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» форумында қытайлық компаниялармен су есеп­теу құрылғыларын шығару, ауыл шаруа­шылығы техникасын жинау, кальций­ленген силикат тақтайшаларын өнді­ру және жылыжай кешені құрылысы бойынша жалпы құны 30,5 млрд теңгені құрайтын төрт меморандумға қол қойылды. Оның үшеуі осы Қорқыт Ата АЭА аумағында жүзеге аспақ. Мұндай қадамдар об­лысқа шетелдік капитал мен жаңа технологияларды тартуға жол ашып, өңір экономикасын жаңғыртуға серпін береді.

Инвестиция игілігі

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, экономика ғы­лымдарының кандидаты Алмагүл Абдимомынованың айтуынша, өңірлік дамудың табысы ең алдымен әлеуметтік факторларға тіреледі.

– Өңірлік даму үрдісінде әлеуметтік факторлардың ролі айрықша маңызға ие. Себебі әлеуметтік факторлар халықтың өмір сүру сапасын, адами капиталдың дамуын, еңбек нарығының тиімділігін және жалпы өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Сонымен бірге Қызылордада әлеуметтік инфрақұры­лым дамуының әркелкілігі – халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін басты факторлардың бірі, сондықтан инфрақұрылымдық жобаларды жергі­лікті ерекшеліктерге бейімдеп іске асыру шешуші мәнге ие. Осы негізде ұсынылатын инвестициялық бастамалар өңірдің ұзақмерзімді даму мақсатына жұмыс істейді, – дейді Алмагүл Абдимомынова.

Өңдеу өндірісі өркендеуде

Бүгінде бірқатар жаңа өндіріс орын­дары іске қосылып, құрылысы бастау алуда. Солардың бірі 2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы және индустриялық даму бастамасы аясында еліміздің аумағында табақша шыны өндіретін жалғыз зауыт – «Orda Glass Ltd» іске қосылды. Кәсіпорынның жыл сайынғы өндірістік көлемі – 197,1 мың тонна. Жобаны жүзеге асыру үшін 42 миллиард теңге көлемінде шетелдік қаржы тартылған. Шыны өндірісі қосалқы өндірістердің дамуына негіз болып отыр. Болашақта айна, шыны ыдыс шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу жоспарда бар. Бұл өз кезегінде облыс экономикасын әртараптандырып, шыны кластерін қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, импорттық тәуелділікті азайтып, отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Енді сол зауыттың маңайында қосалқы өндірістер шоғыры қалыптасуда. Мысалы, Қытай инвесторлары шыны зауыты жанында тағы бір ірі жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытуда. Жалпы құны 27,1 млрд теңге болатын бұл жоба үш жыл ішінде екі кезеңмен іске асырылып, шыны өнімдерінің түр-түрін шығаратын кәсіпорын құруды көздейді. Сонымен қатар жергілікті «Комфорт-1 KZ» компаниясы шыны өңдеу аясын кеңейтіп, автокөлік әйнегін өндіруді жолға қою үшін 4 гектар жер телімін алды. Шыны өндірісінің өркен жаюына қажетті негізгі шикізат – кальцийленген сода енді аймақта өндіріледі. «Арал сода» зауыты деп аталатын кальцийленген сода өндіретін ірі кәсіпорынның құрылысы 2025 жылдың III тоқсанында Арал ауданында басталып, 2028 жыл­ға қарай аяқтау жоспарланып отыр. Жылдық қуаттылығы 300 мың тонна­лық бұл зауытқа 147 млрд теңге инвестиция тартылып, 700 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сода зауыты іске қосылған кезде өңір сұранысын қамтып қоймай, республиканы қамтамасыз ететін бірегей өндіріске айналмақ.

Инвестиция игілігі

Сондай-ақ құрылыс материалдары өндірісі де инвесторлар назарында. 2025 жылы Қызылорда қаласында жаңа кірпіш зауыты іске қосылды. Жобаның ерекшелігі – заманауи технологиямен түрлі пішіндегі сапалы кірпіштер шығарып, жылу тиімділігі жоғары құ­рылыс материалымен ішкі нарықты қамту. Кірпіш зауытының ашылуында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өнеркәсіп саласындағы жұмыстарға ерекше тоқталған еді.

– Біз аймағымыздың экономикасын әртараптандыру арқылы жоғары өнімді, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес өңдеу өнеркәсібін құруды мақсат еткен жұмыстарды кезең-кезеңімен атқарудамыз. Бұл бағытта алдағы бесжылдықта құны 2 трлн теңгені құрайтын 89 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделуде, – деді аймақ басшысы.

Өңдеу өнеркәсібінің әртүрлі тарма­ғында көптеген орта және шағын жоба іске асуда. Мәселен, «Жолаушылар вагондарын жөндеу, техникалық қызмет көрсету кешені және вагон құрастыру зауытының» жобасы. Бұл темір жол жолаушылар вагондарына техникалық қызмет көрсетіп, өңірде вагон жөн­деу кластерін қалыптастырмақ. Түр­кия­лық инвестордың қатысуымен салынып жатқан «Orhun Medical» заманауи медицина орталығы да ашы­лып, тұрғындарға жоғары сапалы диагностикалық және емдеу қызметін ұсынуда. Азық-түлік өндірісі бағытында кондитер және макарон фабрикасы іске қосылды. Бұл жоба ішкі нарықты сапалы тамақ өнімдерімен қамтуда. Айталық, кондитер және макарон өндіру фабрикасы облысты сырттан тасымалданатын азық-түлікке тәуелді­ліктен арылтып, тіпті келешекте өнім­дерін экспортқа шығаруы ықтимал.

Инвестиция игілігі

Жалпы, 2025 жылы іске қосылатын өндірістік жобалар аз емес. Мұнай-химия (сода), металлургия (мырыш-қорғасын), құрылыс материалдары (шыны, кірпіш, қиыршық тас, айна), машина жасау (вагон жөндеу), тамақ және жеңіл өнеркәсіп (кондитер, макарон, сүт өнімдері) – барлық негізгі салалар бойынша инвестициялық жоба­лар қолға алынған. Мұның барлығы өңір экономикасын әртараптандырып, мыңдаған жұмыс орнын ашуға, салық базасын кеңейтуге және тұрғындардың табысын арттыруға қызмет етеді.

Энергетика және жасыл экономика жобалары

Сыр өңірі энергетикалық инфрақұ­ры­лымын жаңартып, энергия қауіпсіз­дігін нығайтуда. Облыстың ең ірі энер­гетикалық жобасы – Қызылорда қаласындағы жаңа жылу электр орта­лығы (ЖЭО). Бұл жобаны түркиялық «Aksa Energy» компаниясы әріптестік негізінде жүзеге асырып, 240 МВт қуаттағы заманауи газ-турбиналық стан­са салуда. Инвестиция көлемі – 215 млрд теңге, осы уақытқа дейін 178 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Станса іске қосылғанда Қызылорда қаласын жылумен және өңірді электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артық өндірілген 60 МВт электр қуатын көршілес аймақтарға сатуға мүмкіндік туады. Шынында да, тұрғындар үшін үздіксіз электр және жылу беру – өмір сүру сапасының негізі, ал өндіріс орындары үшін тұрақты энергия – дамудың кепілі. Демек, бұл энергетикалық жоба әрі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жаңа өндірістердің кедергісіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

Энергетика саласындағы тағы бір қуанышты жаңалық – облыста жаңар­тылатын энергия көздері пайда бола бастады. Бүгінде облыста жалпы қуаты 89 МВт болатын 9 күн-электр станциясы жұмыс істейді. Оның үшеуі шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған. Қуаттылығы 201,5 МВт болатын тағы 6 жоба қолға алынған. Мамандардың айтуынша, облыста күн энергиясының әлеуеті жылына 32 триллион кВт/сағат, ал жел энергиясы 2,7 триллион кВт/сағат. Күн сәулесінің түсу ұзақтығы орта есеппен 3000 сағатқа дейін жететінін ескерсек, бұл бағытта жаңа жобаларды жүзеге асыруға өте қолайлы жағдай қалыптасқан. Бұл – Қызылорда қаласында жаңартылатын энергия дәуіріне жасаған алғашқы қадамы. Жаңартылатын энер­гия көздерінің іске қосылуы өңір­дің энергетикалық балансын әртараптан­дырып, экологиялық ахуалын жақсарту­ға үлес қосады. Бұған қоса, күн шуағы мол Сыр елінде күн электр стансаларын салуға табиғи жағдайдың өзі қолайлы, демек, бұл секторда келешекте қосымша жобалар іске асуы әбден мүмкін.

Көлік қызметі және логистика

Инвестициялық жобалар өңірдің көлік-логистика әлеуетін де айналып өтпеді. 2024 жылдың аяғында Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата» халықара­лық әуежайының жаңа терминалы іске қосылды. Заманауи әуежай терминалы Болат Өтемұратов қорының 16,6 млрд теңге көлеміндегі демеушілік қар­­жысына салынды, ал жергілікті бюджет­тен сыртқы инженерлік инф­рақұрылым тартуға 4,3 млрд теңге бө­лінді. Өткен жылдың қараша айында жаңа терминалды Премьер-Министр О.Бектенов салтанатты түрде ашты. Заманауи терминал әуежайдың жыл­дық жолаушы өткізу қабілетін 300 мыңнан 2 миллионға дейін, яғни 7 есеге арттыр­ды. Расында, қазірдің өзінде Қызылорда әуежайынан аптасына 26 рет ішкі рейстер ұшса, 2025 жылы Антальяға тікелей халықаралық чартерлік рейс ашылды. Авиациямен қатар, көлік инфрақұрылымын жетілдіру де күн тәр­тібінде. Көлік және коммуникация саласында аймақ үшін стратегиялық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолын жаңғырту жұмыс­тары жалғасуда. Республикалық маңызы бар бұл жол Қызылорданы орталық Қазақстанмен тікелей байланыстырады. Жоба аяқталғанда бұл бағыттағы жүру уақыты қысқарып, облыстың транзиттік мүмкіндіктері артады жос­парлануда. Сонымен бірге облыс ішінде ауданаралық жолдарды жөндеуге де қомақты қаражат бөлініп, елді мекен­дердің қатынасы жақсарып келеді.

Қорқыт Ата арнайы экономикалық аймағы осы көлік инфрақұрылымы артықшылықтарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Арнайы экономикалық аймақ құрамында қарастырылған 100 гектарлық көтерме-тарату және қоймалау аймағы тікелей әуежай мен авто/теміржол магистральдарына жақын орналасқан. Мұнда ірі логистикалық хабтар, заманауи қоймалар салынып, облыс өндірісін республика және шетел нарықтарына шығару жеңілдейді деп көзделуде. Мысалы, жуырда Қызылорда облысы делегациясының Қытайға сапа­ры барысында қытай инвесторлары ар­найы экономикалық аймақ аумағында ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауытын және су есептегіш құралдар шығаратын өндіріс ашуға қызығушылық білдіріп, келісімдерге қол қойылды. Бұл жобалар жүзеге асса, Қызылордада құрастырылған комбайн, трактор сияқты техникалар көрші өңірлерге дәл осы жерден тікелей жөнелтіледі. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймағында ин­весторларға дайын өндірістік ғимарат ұсыну мәселесі де қолға алынған: облыс әкімдігі мен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесіп, стандартқа сай шағын өнеркәсіптік ай­мақтар салуды жоспарланған. Мұндай дайын индустриалдық алаңдар сырттан келетін кәсіпкерлерге бірден іске кірісіп, өндірісті жылдам орналастыруға жағдай жасамақ.

Инфрақұрылыммен қатар, өңірде туризм саласы да инвестициядан тыс қалған жоқ. Қызылорда қаласында «Rixos» брендімен бес жұлдызды қонақ үй құрылысы басталды. Халықаралық деңгейдегі luxury-қонақүйдің ашылуы облысқа іскерлік және мәдени шара­ларды көптеп тартып, туристер үшін жоғарыжағдай туғызады деп күтілуде. Бұған қоса, Байқоңыр қалашығының туристік әлеуетін пайдалану бағытында «ғарыш туризміне» қызығушылар үшін сервистік қызметтер дамуда. Арал өңірінде экологиялық туризм бойынша да жобаларға инвесторлар тартылуда. Жалпы, қонақ үй, мейманхана бизнесінің дамуы қызмет көрсету саласындағы шағын және орта кәсіпкерліктің кеңеюіне жол ашады.

Бүгінде Сыр өңірінде жүзеге асып жатқан сан-салалы инвестициялық жобалар өңір дамуына тың тыныс берді. Өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, инфра­құрылым, әлеу­меттік және мәдени салалар бойынша қолға алынған бас­тамалар экономиканы жаңғыртып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Әрбір жаңа зауыт, әрбір ашылған әлеуметтік нысан – Сыр халқына қызмет ететін игілік.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Абдимомы­нова Алмагүл Шәкірбекқызының айтуын­ша, өңірлік саясат алдымен тең­сіздік пен инфрақұрылым олқылық­тарын шешуі керек.

– Инвестициялар тек ЖІӨ-ді өсірмей, әлеуметтік саланың «қатты» (мектеп, аурухана) және «жұмсақ» (мәдени орта, қызмет сапасы) компо­ненттерін жаңартады. Теориялық база айқын. Өңірлік дамудағы әлеуметтік әл-ауқат, өмір сүру деңгейі, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылымға байланысты үдеріс­тердің жиынтығы» және олар өңірдің даму қарқыны мен бағытына әсер етеді. Әлеуметтік даму адамның түрлі қажеттіліктерін қана­ғаттандыру мүм­кіндіктерінің артуы ретінде түсін­діріледі. Демек, жаңа мектеп пен емхана – экономикалық тиімділік­тің де, адами капитал сапа­сының да те­ті­гі, – дейді ол.

Инвестициялық жобалар аймақ эко­номикасына серпін беруде. Мәселен, бұрын тек мұнай мен уран өндірісімен белгілі болған Қызылорда енді шыны, сода, құрылыс материалдарын, азық-түлік өнімдерін өндіруші өңірге айналуда. Бұл – экономиканы әртарап­тандыру саясатының жемісі. Жаңа кәсіпорындар мыңдаған тұрақты жұмыс орнын ашса, жаңғырған инфрақұрылым халыққа қолайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз етеді. Оның үстіне, инвестициялардың үлкен бөлігі жеке бизнес арқылы келгені қуантады. Демек, бизнес климат жақсарып, шетелдік және отандық кәсіп­керлер Сыр еліне сенім артып отыр деген сөз.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Алмагүл Шәкірбекқызының айтуынша, әлеумет­тік инфрақұрылымға инвестиция халық­тың күнделікті сапалық көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді.

– Инвестициялық күн тәртібі әлеу­меттік саясатпен бірге жүруі тиіс. «Тек мемлекеттік органдар, жергілікті билік және қоғам бірлесіп әрекет еткен жағдайда ғана осы салаларда нақты жақсартуға қол жеткізуге болады. Маман даярлау және тар­ту бағдарламалары, денсаулық сақ­тау мен білім беру мекемелерінің мате­­риалдық-техникалық базасын жаңарту, қызмет сапасына бақылауды күшейту, ұлттық жобаларды толық әрі сапалы іске асыру. Сондай-ақ ауылдық инфра­құрылымға арналған арнайы бағ­дар­ламалар, жергілікті мамандарды тартуға ынталандыру, өмір сүру сапасын тұрақты бағалап, нәтижелерін өңірлік стратегияға ен­гізу. Осыларды жүйелі түрде орын­дау – әртараптандырудың әлеуметтік нәтижесін нақтылаудың кілті.

Қызылорда жұртшылығы үшін ин­вестициялық жобалардың әрқайсысы маңызды. Өйткені олардың игілігін ел көреді. Жаңа мектептер мен ауру­ханалар – болашақ ұрпақтың саулығы мен біліміне салынған капитал. Жаңа жолдар мен әуежай – еркін қатынас пен бизнестің өркен жаюының негізі. Зауыт-фабрикалар – тұрақты жұмыспен қамту мен тұрмыс сапасын көтерудің кепілі. Мәдени және туристік нысандар қоғамның рухани байлығын еселейді. Мұның бәрі сайып келгенде, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, ел экономикасының дамуына үлес қосады.

С.Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: