Өткен жылы елде өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Бұл жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңгеге тең. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл саладағы өсім 6 пайызға жеткенін мәлімдеді. Айтуынша, бұл – кейінгі онжылдықтың ең жоғарғы көрсеткіші.
Экономикаға инвестиция тартуда Қазақстан көш ілгері келеді. Әлемдік бәсекеге төтеп беріп, бұл бағытта өзінің орнын айшықтаған. Өткен жылдың 9 айында елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылыпты.
– Көрсеткішке көңіл толғанымен, бұл 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем. Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендеген. Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Бірақ бүгін ғана даму бюджеті шектеулі екені айтылды. Ол ішкі жалпы өнім көлемінің небары 8 пайызын құрайды. Инвестициялық жобаларды бюджет есебінен өтеу тек қысқа мерзімдік нәтиже бере алады. Біз мұны түсінуіміз керек, – деп ерекше атап өтті Президент.
Байқағаныңыздай, көрсеткіш төмендеген өңірлер қатарында Қызылорда жоқ. Бізде керісінше, ілгерілеу ауыз толтырып айтарлықтай. Әйтсе де аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев таяуда өткен жиында бұл бағытта тоқмейілсімей, жоғары меже қою қажеттігін баса айтты.
– Экономиканың негізгі үлесін алатын мұнай қорының соңғы жылдардағы төмендеу тенденциясын ескеріп, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өте маңызды. Инвестиция көлемін 10 пайыздық өсіммен меже бекітіңіздер. Жоспарланған жобалардың барлығын мерзімінде жүзеге асыруды және іске қосуды қамтамасыз етіңіздер. Өңірдің шикізаттық қорын, қолда бар ресурстарды, инженерлік-инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, отандық және шетелдік инвестиция тарту бағытында жұмысты күшейту қажет, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, 2025-2029 жылдары аймақта құны 2 трлн теңгеге жуық 87 инвестициялық жоба жүзеге асып, 8 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл құны 275,3 млрд теңгені құрайтын 24 жобаның іске қосылуы мүмкін. Сол жобалар аясында мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделуде. Өткен жылы Қытай, Ресей, Италия, Испания, Голландия, Корея, Өзбекстан, Түркия елдерінің өкілдерімен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық жобаларды іске асыру туралы бірқатар келісімге қол қойылды.
Дәулет ТҰРСЫНХАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!