Осы бір қағілез келген ұзын бойлы сары жігіттің ауданға келіп, із кесуші-криминалист болып істегеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Әйтсе де, өзінің елгезектігі, тез шешім қабылдап, қылмысты ашуда кішкентай ғана нәрседен себебін тауып кетуі – әріптестердің назарына іліге бастаған жайы бар.
Орта мектепті бітірген кейін Шымкенттегі әскери мектеп-интернатта оқыды. Одан Семейдегі заңгерлер даярлайтын колледжді бітіріп, Жалағаш ауданындағы ішкі істер бөліміне із кесуші болып орналасты.
Өмір ағымы өз құйынында шыр көбелек айналдырып, осы бір көп адам біле бермейтін қиын істе қылмыс әлемінің қыры мен сырына еліктіріп әкетті.
Тіпті сонау студенттік жылдардағы санасына із түсірген оқиғаны ұмыта алар емес. Практикада жүрген кезі еді. Семейдің қоңыр салқын күзі. 10 күн бұрын пойыз астына басылып өлген жас әйелдің сіңлісі соттың шешімімен келіспейтінін айтып, істі қайта қарауын сұраған. Оған себеп, көршілерінен сұрастырса, оқиға болған күні үйден қатты айқай-шу шыққан. Күдіктенген жас әйел апасының қасақана өлтірілуі мүмкін екенін айтып, арыз жазыпты.
Содан мәйітті қазып алып, зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізгенде, пойыз доңғалағы оның кеуде тұсын мыжып кеткені анықталды. Бірақ жүрегі қатты қысымнан орнынан қозғалып, жоғары шығып кеткен. Кеудені жарып, жүректі алып қарағанда, еш жері бүлінбеген, денесіне бойлай сұғылған пышақтың ізі анық көрінеді. Сөйтіп, әйелді өлтірген күйеуі болып шықты. Міне, сонда адам айлакерлігі бәрібір ақиқаттың алдында әлсіз екенін көрсетті. Қылмыс әлемінде қылмыскер қанша қулық жасадым дегенмен, артынан із қалдырады екен. Адам саусағының бедері бір-біріне ешқашан ұқсамайтынын көпшілік біле бермейді. Бұл – із кесушілер үшін таптырмас айғақ.
Міне, осындай оқиға Қанаттың есінде. «Бағира» азық-түлік дүкені тоналғаны жөнінде хабар жетісімен, жедел іздестіру тобы келіп жетті. Ішінде Қанат та бар. Кассадағы 30 мың теңге, сөредегі темекі блоктары жоқ. Оның көзі «Қазақстан» сигаретіне түсті. Өйткені сыртқы орауы жылтыр қағазбен қапталған. Күдік оған тірелгені: жанындағы темекі қораптары жоқ, ашық тұр. Қылмыскер қолымен абайсызда ұстауы мүмкін ғой. Ол тез арада ұнтақты сеуіп, қолдың таңбасын түсіріп алды да, Қызылордаға барып анықтаған. «Г»-нің саусағының ізі екенін біліп келсе, орталықтағы тағы бір дүкеннің тоналғанын естіді. Ұры артқы зат таситын жақтан кіріпті. Дүкен иелері терезенің сыртқы жағын айқыш-ұйқыш етіп, қалай болса солай темірлермен дәнекерлей салған. Ұры өзі сиятын жердегі шынының сыртындағы жапсырма қағазды қолына орап алғаннан соң сындырып, әйнектің көзін жерге алып тастай салып, сол тәсілмен ішкі қабатты да ашып, жайғастырған. Шыныға жапсырма қағаз қолдануы ұрының әйнектің сылдырламасын деген қулығы болса керек.
Күндіз келіп, сауда жасаған болып, сатушылардың ақшаны қайда қоятындарын да көрген ғой. Ненің қайда тұратынын зерттеген ол түнде де тіпті жарықты жақпай-ақ тауып алыпты. Ұрлық алдыңғыға ұқсас. Бірақ оны қалай дәлелдейсің? Терезенің ағаш жақтауында қолдың ізі жоқ. Жарық жағатын нүкте таза. Есік тұтқасында із қалмаған.
Тынымсыз ой мазалап, тығырыққа тірелген Қанаттың есіне сары жапсырғыш түсе кетті.
– Ойбай-ау, ол жапсырғышты жалаң қолмен тарқатып алған жоқ па? Неге соны көрмеске? – деген ой сарт ете түсті. Жүгіріп келіп, жапсырғыштағы ізді сараптау бөліміне алып барып зерттегенде, қылмыскер бір адам болып шықты. Міне, осындай шалт қимылдың арқасында екі күнде екі қылмысты ашып, алғыс алғаны бар.
Осы бір езуінен күлкі кетпейтін, қысыңқы көзінен жылылық төгіліп тұратын бозбала күлкілі жағдайлардың да болатындығын айтқанда, өмір, тіршілік, оның қалтарысында қатыгездік пен мейірімділік майданы алма-кезек қайшыласып жүріп жататындығына көзім жеткендей болды…
Бірде кезекшілікте отырғанда дабыл түсіп, көпқабатты үйдің тұрғыны аулақтау жерге бір әйелдің ораулы затты көміп жатқанын айтты. Хабар жетісімен бірінші болып ентігіп келген Қанат ізді гипске түсіріп алып, аяқ ізі қайда кеткенін тауып, зат көмілген шұңқырды қазып, оны ашып қарағанда, бұлар ойлағандай емес, басқа…өлген мысық болып шықты. Оның иесі жалғыз кемпір екен. Өмір бойы айнымас серігі болған Ванясын арулап көмгендегісі болса керек. Өзінің сүйікті мақұлығын бұлардың қолынан көрген кейуана біраз ренжіп, көз жасын төгіп алыпты. Мысық екеш мысықты да аялап келген қарияның қылығы көп ойларға жетелейді. Өзінің жас әйелін айуандықпен өлтірген еркек «өтіріктің құйрығы бірақ тұтам» екенін білмеген ғой, сірә.
Артындағы қалған нәрестенің көз жасы жібермесін қалай түсінбеді екен?..
Ал адамдардан жылылық таппаған кәрі әйел құрлы мейірім нұры азайып бара ма, қалай?
Сағат кешкі сегіз. Ұялы телефоны әндетіп берді.
– Шұғыл шақыртып жатыр. Мен кеттім, – деді Қанат жүре киініп.
– Уайымдамай-ақ қойыңдар.
– Жолың болсын, жас жігіт! – дедік біз де.
Бүгінде Қанат Үсейінов капитан шенін алған із кесуші.
Зайра Қалиасқарқызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!