Қала жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Оны қызу жүріп жатқан құрылыс қарқынынан байқауға болады. Осындай шақта уақытты үнемдеу әрі межеленген жерге тез әрі қауіпсіз жету әрбір тұрғын үшін маңызды. Сұранысты қанағаттандыруға тасымалдау сервистері, үйде отырып такси шақыру қызметі белсенді жұмыс істеуде. Әркім өз ыңғайына қарай такси сервистерін таңдайды. Дегенмен бұл турасында да мәселе жоқ емес. Халық арасында бағаны негізсіз көтеру сынды наразылықтар кездеседі.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Яндекс Global» компаниясының бас директоры Даниил Шулейконы қабылдады. Кездесуде Yandex Qazaqstan компаниясының еліміздегі қызметінің негізгі бағыттары мен даму жоспары талқыланды. Компания 2024 жылы Қазақстан бюджетіне 29,5 млрд теңге көлемінде салық төлеген. Ал 2016 жылдан бері ел экономикасына 225 млрд теңгеден астам инвестиция салған. Президент Yandex Qazaqstan-ның цифрлық трансформация, шағын және орта бизнесті қолдау, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы үлесін жоғары бағалап, жасанды интеллект белсенді дамып жатқан кезеңде қазақ тілі мен мәдениетін цифрлық кеңістікте ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Даниил Шулейко: «Яндекс Такси» платформасы арқылы 65 мыңнан астам жүргізуші әлеуметтік қорғауға ие болғанын айтты.

Бұған дейін халық такси қызметін көрсететін платформалардың бағаны негізсіз көтерілетініне байланысты ескертулар жасаған еді. Енді арнайы мониторингтік топ бағаны бақылайтын болады. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады. Яғни аталған такси қызметі енді ауа райы қолайсыз болса да, мереке күндері де бағаны негізсіз көтере алмайды. Бұл «Яндекс Таксиге» монополияға қарсы комплеанс аясында жүктелді. Агенттік цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Яндекс Такси» компаниясының алгоритмдік баға қалыптастыру тиімділігіне аудит жүргізіп, міндеттер орындалмаса айыппұл немесе лицензиядан айыру көзделген.
Яндекс комплеанс аясында бірқатар өзгеріс енгізіп, компания такси тарифтерінің және жол жүрудің базалық құнының қымбаттайтыны туралы агенттікке 3 күн бұрын хабар беруге, әуежай маңындағы кейбір тұрғын аймақтарды тарифтік аймақтан алып тастауға келіскен.
Компания сондай-ақ жол жүрудің базалық құнынан екі есе асатын сомадан комиссия ұстамауға, тарифтердің көтерілуі туралы 3 күн бұрын хабарлауға келіскен. «Эконом» тарифіндегі комиссия екі жылда бір реттен артық көтерілмейді, ал сұраныс жоғары болған жағдайда тарифтің өсуі 95% жағдайда 3 еседен аспауы керек.
– Максималды сұраныс жағдайында тарифті үш еседен артық көтеруге шектеу енгізіледі. Мысалы, ауа райы қолайсыз күндері немесе мереке күндері, мұндай сапарлар әр тоқсанда әр қалада барлық сапарлардың 5%-ынан аспауы керек, бұл талап нақты көрсетілген. Осы жылдың 30 маусымынан кешіктірмей пайдаланушыларға сапар бағасының толық құрылымын қосымшада көрсету керек, – деді баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар «Яндекс Такси» пайдаланушыларды такси қызметтеріне сұраныс деңгейі туралы тұтынушыларға хабарлап отырады. Мәселен, «Эконом» тарифінде сұраныс өте жоғары болған кезде сынақ режимінде виртуалды кезек жүйесі іске қосылады. Мұндай кезде пайдаланушы қанша адамның такси күтіп тұрғанын көре алады және өзіне тиімді тарифті таңдай алады. Егер компания тұтынушыларға жеңілдік жасайтын болса, оған кеткен шығындарды өз мойнына алады.
Такси қызметін көрсететін Яндекс бағдарламасында бағаны арнайы технология реттеп отырады. Мәселен, жаңбыр жауған кезде бәрі такси қызметін пайдалана бастайды. Бұл уақытта сұраныстың артатыны белгілі. Жолаушылардың саны артып, жүргізушілер азайған кезде баға әдеттегіден қымбаттайды.
Қалай үнемдейміз?
Такси шақырған кезде бәріміз бағаға мән береміз. Осы орайда үнемдеу жолдары туралы бірер кеңес ұсынамыз.
Балама нүктесін таңдау. Мысалы, алгоритм кейде ұсынатын картадағы мекенжайға байланысты өзгеріп отырады. Сол себепті таксиге көше бойынан немесе үйдің басқа жағынан отыру. Бұл арқылы бағаны төмендетуге болады. Өйткені жүргізуші маневр жасау үшін орын іздеуге уақыт жоғалтпайды және баға арзанырақ болады.
Сұраныс аз уақытта такси бағасы арзан болуы мүмкін. Мәселен, қарбалас кезеңде таксиге тапсырыс берсеңіз, баға қымбат болады. Мысалы, үйден таңғы 8:00-ден ерте немесе кешкі 22:30-дан кейін шығуға болады. Бұл кезде баға әлдеқайда арзан болады. Кейде адам көп жиналған жерде такси шақырушылар көбейіп баға жоғарылап кетеді. Мұндай кезде қоғамдық ортадан ерте қайту немесе адам азайған соң такси шақыруға болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!