Жұма, 30 мамыр, 23:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39,2152
27.05.2025
PDF мұрағаты

Эхинококкоз – қауiптi паразитарлық ауру

26.04.2025

318 0

Эхинококкоз ауруы – адамдар мен үй жануарлары және ауыл­шаруашылық малдарына тән аса қауiптi паразитарлық аурулардың бiрi. Ол – адам өмiрiне өте қауiптi. Адам ағзасына ұзынша құрт-эхинококктың ұрығы түсiп, өсiп-өнуiнен пайда болады. Эхинококк ит, мысық, қасқыр, түлкiнiң ащы iшегiнде болады, онда әбден өсiп жетiледi. 

Эхинококкоздың ұрығын аула­ға, су қоймасына, жайылым мен бақшаға иттер таратады. Шаң-тозаңмен, жаңбыр, қар және жайылма сумен бұл кеселдiң ұрығы алыс аймаққа да жайыла бередi. Iшек-қарында әбден өсiп-жетiлген құрттар нәжiспен бiрге, кейде өздерi сыртқа шығады да, тiмiскiлеп жүрген иттер­дiң тұмсығына, жерге аунаған­да жүнiне жабысады. Ал эхино­кокктың жетiлген мүшелерi өзiнен-өзi жылжып шыға баста­ғанда тiк iшек қатты қышиды да, жануар оны тiлiмен жалайды. Осындай иттердi еркелетiп ой­натқан кезде кеселдiң ұрығы қолға жұғады, ол арқылы ауызға түседi, бiреумен амандасқан кезде екiншi адамға ауысады, заттарды ұстаған кезде соларға көшедi.

Адам эхинококкоз дертiне оны­мен ластанып жүрген ит қауып алған кезде де, сондай-ақ пара­зиттiң ұрығымен ластанған ауаны жұтқан кезде де ауыраты­ны анықталған. Сондай-ақ жуыл­ма­ған бақша өнімдерін, жемiс-жидек­тердi, қайнатылмаған су iшкен кезде де адам ауруға душар болады.

Эхинококк адам iшiне барған соң сырт қабығынан ажырап, iшек қабырғасына қадалады, содан кейiн қан айналымына немесе лимфаға iлесiп басқа мүшелер мен тіндерге (көбiнесе бауыр мен өкпеге) өтiп, қуық формасына-эхинококк қуы­ғына айналады. Өсе бастаған эхи­нококк қуығы маңындағы тканьдердi жаншып, қысады, кейде орнынан ығыстыруы да мүмкiн. Сонымен қатар эхинококк орталық жүйке жүйесiн, iшкi  мүшелердi, iшкi секреция бездерiн зақымдай бастайды. Сырқаттың ауыр-жеңiл өтуi кеселге душар болған адам ағзасына, сырқаттың ұзақтығы паразиттiң қай мүшеге түсiп, қай мүше мен тканьдердi зақымдауына байланысты. Эхинококк қуығы өте жай өсетiндiктен сырқат белгiлерi бiртiндеп бiлiнiп, бiрнеше жылға созылады.

Эхинококкоз – өте қауiптi сырқат, оны әзiрге тек ота жасау (операция) арқылы емдеп келедi. Жеке бас тазалығын және әлеуметтiк гигиенаны дұрыс сақ­тағанда ауруды жұқтырмауға бо­ла­ды. Әсiресе өзiнiң тұрмысы мен жұмысы жануарлар арасында өтетiн немесе үнемi мал сою жұмыстарымен айналысушылар, малшылар айрықша сақтық жасап,  өздерiнiң денсаулығына мейлiнше назар аударулары қажет.

Тамақ iшер алдында қолды мұқият сабындап жуып, кеселге кезiккен ит, тағы басқа жануар­ларға айрықша сақтықпен жанас­қан дұрыс. Иттi үйге кiргiзбеу, азық-түлiк тұрған жердi иiскетпеу, өздерi ас-су iшiп жүрген аяқ-табақтан қорек бермеу, балалардың итпен, мысықпен ойнауына жол бермеу керек. Сондай-ақ жемiс-жидектердi қайнаған сумен шайып алған абзал, қайнамаған суды iшпеген жөн. Азық-түлiк зат­тарын шыбыннан, тарақан, тыш­қаннан қорғау қажет, өйткенi олар эхинококк ұрығымен ластауы мүмкiн.

Ит ұстайтын мекемелер, ұйым­дар, шаруашылықтар және жеке адамдар өз иттерiне жылына 3-4 рет құртқа қарсы егудi дер кезiнде жасатып, жылына екi рет вете­ринарлық тiркеуден өткiзiп отыруы­  қажет.

Ж.СҚАҚОВА,

Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 

бас маманы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: