Жұма, 27 желтоқсан, 06:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Электронды Kundelik: білім берудегі жаңа дәуір

21.09.2024

463 0

Цифрландыру дәуірінде білім беру елеулі өзгерістерге ұшырап, цифрлық платформалар оқу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналуда. Осы бастаманың жемісі – электронды күнделік оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де бірқатар жеңілдіктер ұсынатын оқудағы инновациялық тәсілдің жарқын үлгісі ретінде қалыптасты. Цифрлық күнделікті пайдалану кестеге, үй тапсырмасына және бағаларға жылдам қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы оқу процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибе

«Рамблер» порталында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, әлемде электрондық күнделік жүйесін пайдалантын елдер көп. Мәселен, Бельгиядағы Фландрия қаласында аймақтық мектептерде электронды оқытуға жасанды интеллект енгізілген екен. Мұғалім тақырыпты түсіндіріп, содан кейін жасанды интеллект баламен жұмыс істей бастайды. Ол балаға бейімделіп, баланың оқу жылдамдығын, оның зейінінің қалыптасуы мен дамуы деңгейін және басқа да ақпаратты таниды. Бұл – әрбір оқу орнына арналған жеке онлайн платформа. Жасанды интеллект оқуышының үлгерімін талдап, содан кейін кері байланыс береді. Сабақты жақсы түсінген балалар үй тапсырмасын алмайды. Бейжіңдік журналист Николай Мастеров Қытай мектептеріндегі білім өте жоғары деңгейде екенін хабарлайды. Оның айтуынша, Қытайдағы жекеменшік мектептерде барлық пәндер шет тілінде оқытылады. Оқыту деңгейі басқа: электронды күнделік, үй тапсырмасы барлығы да бала мектепке келіп, компьютерін ашып, сабақ оқиды, мұның бәрін ата-анасы немесе мұғалімдері онлайн қадағалай алады. Ең қызығы оқушы өзімен бірге оқу құралдарын алып жүрмейді. Шанхайлық ата-аналар арнайы бағдарлама арқылы кез келген уақытта сыныптағы оқу үдерісін онлайн бақылай алады екен. Үндістанда да ата-аналар балаларының бағаларын бақылай алатын электронды журналдар бар. Лингвомәдениеттанушы, нью-делилік журналист Нидхи Балачандранның айтуынша бұл жүйе ата-аналар оқу процесінде енгізілуін қалайтын пәнді көрсетіп, өз ұсыныстарын білдіретін бірегей платформа. Ал еліміздегі сондай платформалардың бірі – «Kundelik.kz».

Білім беруді жаңа деңгейге көтеретін отандық платформа

Көпшіліктің ойында «Күнделік» тек қана электронды журнал ретінде қалыптасқан болуы мүмкін. Бірақ «Күнделік» – бұдан әлдеқайда кең ауқымды жоба, білім беруді жаңа деңгейге көтеретін қазақстандық цифрлық платформа. Бұл бағалау жүйесінің ашықтығын арттыруға көмектесіп, сонымен қатар оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер арасындағы байланысты жеңілдетеді. Қазақстанның білім беру үдерісіне электронды күнделікті енгізу заманауи және қолжетімді білім беру ортасын құрудағы алға жасалған қадам. Бұл әкімшілік процедураларды жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар өскелең ұрпақтың цифрлық дағдыларын дамытуға көмектесіп келеді. «Kundelik.kz» – оқу мен дамудың жаңа көкжиектерін ашатын дәстүрлі білім мен жаңа технологиялық шешімдер арасындағы көпір. Еліміздегі электронды «Kundelik.kz» жүйесі оқу үлгерімі мен сабаққа қатысуын қадағалау процесін жеңілдетіп, оқушының оқуға деген ынтасын арттыруға көмектесіп, үлгерімін бақылауға септеседі. Мұғалімдер үшін Kundelik.kz сабақты тиімді жоспарлауға және оқу материалын басқаруға мүмкіндік беріп, білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Бүгінгі таңда «Күнделік» жүйесі еліміздің білім беру саласында үлкен маңызға ие. Оның тиімділігі мен қолжетімділігі әрбір пайдаланушы үшін оқу процесін жеңілдетіп, сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады.

Платформада 690 млн аса сабақ бар

Соңғы сегіз жыл ішінде «Kundelik.kz» жүйесі оқу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналып, миллиондаған оқушы мен ата-ана үшін сенімді электронды күнделікке айналды. Іске қосылған сәттен бастап платформа 3,5 миллионнан астам оқушыны тіркеді. Бүгінде «Kundelik.kz» электронды күнделігі 690 миллион сабақ, ҚР Оқу-ағарту министрлігімен серіктесте платформада оқу бағдарламасына сай келетін 15 мыңнан аса бейне-сабақ орналасқан. «Kundelik.kz» компаниясының сандық қызметтер меңгерушісі Ердос Мадинаевтың айтуынша, платформа тек білім берумен шектелмей, серіктестік жобалар арқылы қосымша артықшылықтар ұсынады.

– Еліміздің жетекші кітап баспалары: «Атамұра», «Алматы Кітап», «Мектеп», «Көкжиек-Горизонт», «Арман-ПВ» электронды кітаптары, интерактивті сабақтар, білім беру қосымшалары – бұлардың бәрі біздің пайдаланушыларымызға жаңа технологияларды қолдануға үйретеді. Testter.kz платформасымен ынтымақтастық аясында ұстаздарға біліктілікті арттыру бойынша тестілеу процедурасына дайындалудың бірегей мүмкіндігі ұсынылған, – дейді Ердос Әлібекұлы.

Сандық мұғалім

Платформада мұғалімдерге арналған «Сандық мұғалім», «Kundelik-Expert» кәсіби біліктілікті арттыру курстары бар. Бұл курстар мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға, заманауи технологияларды пайдалана отырып, білім беру сапасын жоғарылатуға бағытталған. Курста тестілеу мен интерактивті тапсырмалар арқылы білімін тексеруге мүмкіндік бар. «Сандық мұғалім» курсының нәтижесі қуантарлық. Онлайн-курсты бүгінге дейін 100 мыңнан аса мұғалім оқыған.

Үздік баға үшін бонус

Жалпы, «Күнделік» – бұл тек оқу құралы емес, сонымен қатар оқушыларды цифрлық әлемге енгізудің алғашқы қадамы. Cеріктестік жобалар арқылы қосымша артықшылықтар да ұсынады екен. Мысалы, «Kүнделік Bonus» пен Halyk Bank-тің серіктестігі аясында оқушыларға үздік бағалары үшін бонус алу мүмкіндігі. Платформа маманының айтуынша, бұл оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттырып, сатып алу үшін бонустарды жинақтау және үздік бағалар мен жетістіктер үшін оқушылардың үлгерімін жақсартуға арналған.

– Бағдарлама аясында оқушылар үздік бағалар үшін бонустарды жинап, оларды «Sulpak», «Kari», «Flip» дүкендерінің бонустарына және Tele2 ГБ-тарына айырбастай алады. Оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырумен қатар, оларға түрлі қызықты ұтыс ойындары да ұйымдастырылады. Жеңімпаздар заманауи гаджеттер мен компанияның атаулы сыйлықтарын ұтып алу мүмкіндігіне ие, – дейді Ердос Мадинаев.

«Күнделік» жүйесінің мүмкіндіктері

Электронды күнделіктің басты артықшылықтарының бірі – ақпаратпен лезде алмасу мүмкіндігі. Мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналарына барлық өзгерістер мен бағалардан хабардар болуға мүмкіндік береді. – «Күнделік» платформасы мектеп қауымдастығының әрбір мүшесіне бірқатар қызметтер мен мүмкіндіктерді ұсынады. Атап айтқанда, мұғалімдерге бағаларды енгізу, оқушылардың үлгерімін бақылау, дайын оқу материалдарын қолдану яғни, қысқа мерзімді жоспар, бейне-сабақтар және цифрлық сауаттылықты арттыратын онлайн-курстарды өту мүмкіндігі беріледі. Оқушылар мен ата-аналар үшін бағалар мен үй тапсырмаларын көру, интерактивті оқу материалдарына жедел қолжетімділік және K.Bonus адалдық бағдарламасы қарастырылған. Білім бөлімдеріне арналған BigData «Kundelik.kz» мониторинг және талдау жүйесі – еліміздің мектептерінде электронды журналдарды жүргізу бойынша статистика алуға және оқушылардың білім сапасы мен үлгеріміне қатысты толыққанды ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін ұсынады. Сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы негізгі тамақтандыру процестерін автоматтандыруға, Қазақстан мектептеріндегі тамақтану жүйесіндегі есептілік пен ашықтықты қамтамасыз ететін «Kundelik.MektepMenu» қызметі іске қосылған, – дейді «Kundelik.kz» компаниясының сандық қызметтер меңгерушісі. Бұл көрсеткіш «Kundelik» жай алаң емес, дәстүрлі білім беру шекарасын кеңейтуге көмектесетін тұтас экожүйе екенін көрсетеді. Жыл сайын сабақтар мен дәрістер саны артып, электронды оқытуға қызығушылық пен сенімнің жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Бұл оқушылар мен мұғалімдерге нақты уақыт режимінде байланыста болуға, ақпарат алмасуға және үлгерімді бақылауға мүмкіндік береді. Қорытындылай келгенде, «Күнделік» – бұл тек бүгінгі күннің шешімі ғана емес, болашақтың цифрлық білім беру ортасы. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі білім беру жүйелері цифрлық форматқа ауысуда, ал «Күнделік» – осы бағыттағы көшбасшылардың бірі. Платформа жыл сайын жаңарып, жаңа мүмкіндіктермен толықтырылып келеді. Қазақстанның білім беру жүйесін жаңа белестерге шығарып, білім алуды қолжетімді, қызықты және сапалы ету – «Күнделік» жобасының басты мақсаты. Сондықтан, бұл тек электронды журнал емес, білім беру процесін заманауи форматта ұйымдастыруға арналған таптырмас құрал.

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: