Жұма, 28 ақпан, 00:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15,2128
25.02.2025
PDF мұрағаты

Электронды сауда қарқынды дамып келеді

28.01.2025

104 0

Фото: Н. Нұржаубай

Электронды сауда нарығы бүгінде ел экономикасының қозғаушы күшіне айналып келеді. Осы бағытта елімізде іргелі реформалар жүргізіліп, электронды сауда қарқын алғаны белгілі. Осылайша, онлайн сауда жаңа трендтердің біріне айналып отыр.

         Өткен аптада премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде электронды сауданы дамыту мәселесі қаралды.  Былтыр электронды сауда нарығының көлемі 3,2 трлн теңгені  құраған. Ал бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі үлесі 14,5 пайызға жеткен. Отырыста  электрондық сауданың экономикалық өсудің қозғаушы күші ретіндегі маңызы айтылды. Сала 300 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Ал еңбек өнімділігінің өсуі дүкен мен нарықтық сатылымға қарағанда 30 пайыздан асып кеткен. 

Премьер-министр электрондық сауда нарығының дамуын ескере отырып, сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қатар, бәсекенің заңсыз тәсілдеріне тап болған өндірушілер үшін де қауіпті азайту қажет екеніне назар аударды.

 – Біздегі нарықтың ауқымды бөлігін шетелдік интернет-алаңдар алып жатыр. Оларды отандық тауар экспортын арттыру үшін тиімді пайдалануға болады. Екінші жағынан, тұтынушылардың құқығы мен зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес дерегін қорғауға байланысты мәселе туындайды. Маркетплейстердегі тауарлар сапасына да қатысты сұрақтар бар. Шетелдік алаңдар түгілі, отандық маркетплейстер де сапаға кепілдік бере алмайды. Өнімнің түпнұсқасы туралы көбіне ақпарат берілмейді, – дейді Үкімет басшысы.  

Дегенмен сауда және интеграция министрінің сөзіне сүйенсек, халықаралық тәжірибе кешенді тәсілдерді қолдану қажет екенін көрсетеді. Яғни қауіпсіз және ашық коммерциялық ортаны қамтамасыз ету үшін кешенді реттеуді ұсынатын платформалардың өздеріне де, өнімдерге де талаптарды қамтиды. Демек, салық заңнамасы авторлық құқықты бұзу, сапасыз және қауіпті тауарларды ұсыну үшін «қатаң» стандарттар қабылданып жатқанын айтып өтті. Бұл тұрғыда тұтынушылардың құқықтарын қорғау және деректерді қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылмақ.

– Электрондық сауда – әлемдік экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Бүгінде әлем халқының 30 пайызы интернет арқылы онлайн сауда жасайды. 2024 жылы жаһандық электрондық коммерция нарығының жалпы көлемі шамамен 6,3 триллион АҚШ долларын құрап, оның ішінде электрондық сауданың үлесі 20% пайыз болды. Алдағы жылдары электрондық коммерцияның көлемі 9 триллионға дейін өседі деп болжанып отыр, –  деді Арман Шаққалиев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, қазір сауда құрылымы қарқынды өзгеруде.

– «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп республика бойынша кәсіпкерлер үшін электронды сауда бойынша оқу орталықтары ашылды. Жақын арада 10 мың жұмыс орны құрылады. Электронды сауда саласында халықаралық құжаттарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде, ол  дүниежүзілік сауда ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық және Орталық Азия аясында жүзеге асуда.  Қазір электронды саудада жасанды интеллект технологияларын енгізу, дербестендіру, әлеуметтік желілер арқылы сауданың өсуі, тікелей эфир арқылы сауда жасау сұранысқа ие. Сонымен қатар компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі артып, экологиялық таза өнімдерге сұраныс көбейіп келеді, – дейді ол.

Осы орайда айта кететін жайт, мобильді аударымды бақылау туралы айтыла  бастағаннан қазақстандықтар соңғы уақытта қолма-қол сауда жасауға ауыса бастаған. Ұлттық банктің зерттеуі осындай нәтижелерді көрсеткен. Алайда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев электронды сауда көлемін 9,3 трлн теңгеге жеткізуді жоспарлауда.

 – 2023 жылмен салыстырғанда, 2024 жылдың 11 айында онлайн сауда көлемі 1,3 трлн теңгеге артқан. Ал жоспарға сәйкес бөлшек сауда көлемі 10 пайыздық көрсеткішке жетуі керек. Мобильді аударымдар мәселесінде электронды сауданы ынталандыру үшін біз бұл мәселені қайта қарауымыз қажет. Алайда ынталандыру үшін электрондық сауда көлемі жыл сайын артып отыратынына сенімдіміз, – дейді министр.

Онлайн сауда дәстүрлі емес сауда жүйесіне жатады. Кез келген затқа тапсырыс бергенде тұтынушы нақты тауарды көре алмайды. Яғни техникалық жай-күйі қандай, сипаттамалар мен фотосуреттің бір-біріне сәйкестігін де біле алмайсың. Дегенмен, электронды сауданың халық үшін де тиімділігі жоғары болып тұр. Мәселен, уақытты және қаржыны үнемдеу жағынан тиімді екені анықталған. Ал бизнес өкілдері үшін мүмкіндік көзіне айналып отыр. Осы тұрғыда халық арасында электронды саудаға байланысты пікірлер алуан түрлі. Дегенмен олардың басым бөлігі онлайн сауданың тиімдігін және бағасы жағынан қолжетімді екенін айтады.  

– Онлайн сауда тиімді. Қазіргі уақытта көп адамдар уақыттың тығыздығын айтады. Тіпті үйден, жұмыстан шықпай-ақ тапсырыс беріп, керек затымызды алуға мүмкіндік бар. Мен көбінесе  «Kaspi.kz»  және Temu сайты арқылы тапсырыс беремін. Осы уақытқа дейін берген тапсырыстарымның барлығы жақсы, сапалы болып келді, – дейді Бесарық ауылының тұрғыны Жадыра Қоштаева.

Қалай десек те, электронды сауда – әлемдік экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Бүгінде әлем халқының 30 пайызы интернет арқылы онлайн сауда жасағанды қолдап отыр. Ел тұрғындары да бұл саланың қыр-сырын жедел меңгеріп алды. Мәселен, ресми деректерге сүйенсек, елімізде соңғы 4 жылда электронды сауда көлемі бес есе өсіп, осы саладан  300 мың адам «екі қолға бір күрек» тапқан.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: