Жексенбі, 24 қараша, 20:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Эмоцияны эмодзимен жеткізесіз бе?

16.07.2024

468 0

17 шілде – дүниежүзілік эмодзи күні. Бұл кішкентай, бірақ мағыналы символдар арқылы бүкіл әлемдегі адамдарды біріктіретін мереке. Эмодзилер эмоцияларды, көңіл-күйді және тіпті бүкіл оқиғаларды сөзсіз жеткізуге көмектесетін цифрлық коммуникацияның ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі уақытта эмодзи саны 3782-ге дейін жетті. «Эмодзи» сөзі (немесе ағылшынша «emoji») жапон тілінен енген: яғни сурет және белгі, символ дегенді білдіреді. 1999 жылы Сигетака Курита командасымен i-mode мобильді интернет платформасын құру аясында ұялы телефондардағы онлайн хабарласуды жеңілдету үшін эмодзи таңбаларын ойлап тапты. Алғашқы эмодзи 170-тен астам таңбадан тұратын топтама болды, олардың әрқайсысы 12х12 пиксель ұяшыққа орналастырылды. Әрине олар біз үйренгеннен айтарлықтай ерекшеленді, түрлері әлдеқайда қарапайым және кіші еді. Бүгінгі таңда эмодзилер күнделікті хат алмасуда, әлеуметтік желілерде қолданылады, бұл хабарламаларымызға түрлі эмоция қосады. Смайликтер, жүректер, жануарлар, тағам және басқа да көптеген эмодзилер көңіл-күй мен ниетті сөзсіз жеткізуге көмектеседі. Эмодзилер заманауи коммуникацияның ажырамас бөлігіне айналып, онлайн әңгімеге жан бітіріп, мазмұнды ете түсті.

Эмодзи пайда болғанға дейін жұршылық 1982 жылы американдық ғалым Скотт Фалман ұсынған 🙂 және 😀 сияқты таңбалар мен әріптерден жасалған эмотикондарды белсенді түрде пайдаланды. Алғашқы смайликтер немесе эмотикон авторы американдық ғалым және информатик Скотт Фалман болып саналады. Ол маңызды хабарламаларды әзілден ажырату үшін университеттің онлайн форумына эмотикон белгішелерді енгізуді ұсынды. Көбіне адамдар эмодзиді смайликтермен шатастырады. Басты айырмашылығы – эмозди  түрлі-түсті және графи­калық бейне­лер ретінде болса, смайликтерде тек белгілер мен әріптер пайдаланады.

Алғашқы ұсынылған эмодзилер топтама­сы Жапонияда тез танымал болды. 2010 жылы эмодзилер Юникод стандартына енгізілді, бұл эмодзилердің бірнеше платформалар мен құрылғыларда пайдалануға мүмкіндік берді. Apple және Google сияқты ірі ком­паниялардың өздері ойлап тапқан эмодзи нұсқаларын стандартты топтамаға қосымша енгізе бастады, бұл эмодзидің одан әрі әлемде танымал болуына ықпал етті.

Эмодзилер тез арада цифрлық бай­ланыстың ажырамас бөлігіне айналып, адам­дарға қарапайым суреттер арқылы эмо­цияларды, идеяларды және тіпті мәдени қасиеттерді көрсетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 3700-ден астам түрлі эмодзилер бар және олардың саны өсуде, бұл адамның эмоциялары мен тәжірибесінің әртүрлілігін көрсетеді.

Қазірде эмодзилерді жастардан бастап үлкендерге дейін әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және электрондық пошта­да белсенді пайдаланады. Бұл эмодзи­лер­дің эмоцияларды тез және оңай білдіруге мүмкіндік беретініне байланысты, әсіресе қазіргідей уақыт жетпейтін кезеңде маңызды. Мысалы, сіздің күніңіз қалай өткені туралы ұзақ хабарлама жазудың орнына, жай ғана негізгі ойлар мен көңіл-күйді білдіретін бірнеше эмодзилерді жібере аласыз. Сонымен қатар эмодзилер адамдар арасында жақынырақ және эмоционалды байланыс жасауға көмектеседі. Олар қолдауды, қуанышты және басқа эмоцияларды білдіруге мүмкіндік беріп, қарым-қатынасты шынайы етеді. Эмодзилер мәдени алмасуда да маңызды рөл атқарады. Олар әр түрлі елдер мен мәдениеттердің өкілдеріне тілдік кедергісіз сөйлесуге мүмкіндік береді. Мысалы, жүрек немесе смайлик эмодзиін бүкіл әлемдегі адамдар өздерінің ана тіліне қарамастан түсінеді. Бұл эмодзилер адамдарды біріктіретін және өзара түсіністікке ықпал ететін әмбебап байланыс құралына айналдырады.

Эмодзи күні

Эмодзи күнін 17 шілде күні атап өту да жай таңдалған жоқ. Себебі «күнтізбе» эмодзиінде 17 шілде көрсетілген. Дүние­жүзілік эмодзи күнін алғаш рет 2014 жылы атап өтті. Дүниежүзілік эмодзи күнін тойлау үшін арнайы Twitter аккаунты пайда болды. «17 шілдеде дүниежүзілік эмодзи күні болатынын жазу үшін арнайы Twitter аккаунтын аштым, ол уақытта басқа жоспар болған жоқ», – дейді австралиялық эмодзи тарихшысы, «Emojipedia» сайтының негізін қалаушы, дүниежүзілік эмодзилер күнінің негізін қалаушы және танымал эмодзи сарапшысы Джереми Бердж.

Юникод консорциумының бірнеше комитеттерінде жұмыс істейтін Джереми Бердждің айтуынша, консорциумға жыл сайын жүздеген жаңа эмодзилер жібереді. Эмодзилерді кеңінен пайдаланған соң, түрлі жаңа эмодзилерді қосуға ұсыныс түсті. Сол уақытта «Мен адамдардың эмодзи кештерін, көптеген кеңселерде эмодзи күндерін өткізетінін көрдім», – дейді Джереми Бердж.

Эмодзи күнінде Британ мұражайы өзінің коллекциясындағы эмодзилер де бар заттардың фотосуреттерін твиттерде жарияласа, «Reddit» платформасында күн сайын миллионнан астам адам логотипін эмодзиге өзгертті.

Соңғы жылдары эмодзилер психология, лингвистика және коммуникация сала­ларындағы ғылыми зерттеулердің нысанына айналды. Ғалымдар эмодзилердің хабарларды қабылдау мен түсінуге қалай әсер ететінін, сондай-ақ олардың мәдениетаралық ком­муникациядағы рөлін зерттеп жатыр. Мысалы, зерттеулер эмодзидің желідегі қарым-қатынаста жағымды атмосфераны құруға және жанжалды азайтуға көмектесетінін көрсетті.

«Emojipedia»-ның бас редакторы Кит Брони соңғы бір жылда ең көп қолданыла­тын 10 эмодзиді анықтады. Ең көп қолданыла­тын үш эмодзи: жылаған эмодзи, күлкі эмодзиі және қызыл жүрек болды. 2023 жылы шыққан жаңа эмодзилердің ішінде ең танымалы қызғылт жүрек, дірілдеген бет, көк және сұр жүректер болды. «Emojipedia»-ның бас редакторы позитивті эмодзилерді пайдалану адамдардың достарымен және отбасымен  жақсы уақыт өткізуге және бүкіл әлемде «қуатты байланыс құралы» болып қала беретінін айтты.

Эмодзи статистикасы

«Сontentdetector.ai» сайтының ұсынған ақпараты бойынша Юникод стандар­тында 3782 эмодзи бар, оның ішінде соңғы 15.1 нұсқасында мемлекттердің туын, адамдардың жынысы, тері реңін байқататын және басқа әр түрлі 118 жаңа эмодзи қосылған. Facebook Messenger-де күн сайын орта есеппен 5 миллиард эмодзи жіберілсе, оның 900 миллионы күн сайын Messenger қолданбасында мәтінсіз пайдаланылады. Ал Жаңа жыл қарсаңында Facebook Messenger-де эмодзилердің ең көп пайдаланылуы байқалады, бұл эмодзилерді ең көп пайдаланатын күн. Зерттеушілер француздар эмодзиді хабарламалардың 20 пайызында қолданатынын анықтады, бұл ең көп пайдаланатын Ресей мен АҚШ-қа қарағанда айтарлықтай көп. 2015 жыл­дың ортасында Instagram пікірлерінің жартысынан көбі эмодзилерді қамтыды, бұл олардың әлеуметтік желілердегі өзара әрекеттесудегі эмодзидің рөлін көрсетеді. «Econsultancy» зерттеулері электрондық поштаның тақырып жолындағы эмодзилердің ашылу жылдамдығын 60 пайызға артты­ратынын, бірақ 40 пайызға кері әсер ететінін көрсетеді. Twitter деректері бойынша эмод­зилерді пайдаланушылардың 86 пайызы 24 жастан төмен екенін көрсетеді, ал әйелдер 57 пайызын құрайды. Жұмыс орнында эмодзилерді пайдалану ұнамдылыққа (78%), сенімге (63%) және жағымды жаңалықтардың шынайылығына (74%) оң әсер етеді. 2021 жылы «Adobe» өткізген сауалнамасы аясында респонденттердің 83 пайызы эмодзилердің әр түрлі болуын қалайтынын көрсетті, олар қазіргі эмодзилер адамның жеке басындағы жағдайды көрсетпейді деп ойлайды. «Adweek» сауалнамасы интернет қолданушылардың 92%-ы эмодзилерді қолданатынын көрсетті, эмодзилерді пайдалануда жасына қарағанда жынысы маңыздырақ рөл атқарады. Шын­дығында, ерлердің 60%-ы эмодзилерді үнемі қолданса, әйелдердің 78 пайызы тұрақты пайдаланушылар (аптасына бірнеше рет эмодзилерді қолданады).

2016 жылы зерттеушілер 212 елдегі 4 миллион телефон пайдаланушысының 427 миллион хабарламасын зерттеді. Олар эмодзилерді пайдалану орны мен мәдениетіне байланысты әр түрлі болатынын білгісі келді.

«SurveyMonkey» жүргізген сауалнамада 560 адамның эмодзи туралы пікірін білген. Сонда 18 бен 29 жас аралығындағы адамдардың 46 пайызы эмодзилерді электрондық пошта және цифрлық хабар алмасу үшін қолайлы деп санайтынын көрсетті. Мысалы, адамдардың 53 пайызы эмодзилерді көңіл көтеру үшін пайдаланады, ал қалғаны эмодзиды өз ойларын жақсы жеткізу тәсілі ретінде қарастырады. Басқаша айтқанда, адамдардың көбі эмодзилерді пайдаланатындықтан әңгімені қызықтырақ көреді.

Эмодзи – эмоцияларды білдіруді жеңілдететін және хабарларды түсінуді жақсартатын заманауи коммуникацияның маңызды құралы. Дегенмен оларды пай­далану түсінбеушіліктерді болдырмау үшін контекстке мұқият болуды және түсінуді талап етеді. Болашақта эмодзилердің одан әрі дамуы мен эволюциясын, сондай-ақ олар цифрлық коммуникацияның жаңа түріне айналуы мүмкін.

София

Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: