Бұл жолғы бағытымыз – Қызылөзек ауылы. Мақсатымыз мемлекеттік бағдарламалар игілігімен көркейіп жатқан ауылдың өткен шағы мен жаңарған келбетін көзбен көріп, көңілге түю, ауыл бейнесін оқырманға жеткізу, ауылда жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламаның аяқ алысын бағамдау, ауылдық округтің шежірелі тарихын елге жеткізіп, бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шерту.
Тарих беттерінде
Ауылдағы шежірелі қарттардың айтуынша, бұл әуел баста «Қараөзек» болыстығы №2 ауыл болған. 1925 жылға дейін Ақмешіт уезіне қараған. 1932 жылдан бастап округ орнына аудан құрылған. Сөйтіп, бұл өңір Аламесек, кейін Тереңөзек ауданына қараған. 1926 жылы Қараөзек болыстығында 34 ауылдық кеңес, төрт мыңдай шаруашылық, 25 мыңнан астам халық болған. Олар егін және мал шаруашылығымен айналысты. 1932-1936 жылдары «Айнакөл», «Қызылөзек», «Жаңарық» колхозы құрылған. 1950 жылы бұл колхоздар біріктіріліп, «Жаңарық» колхозы болып аталған. Колхоз 1956 жылы Сырдария өзенінің арғы бетіндегі «Карл Маркс», (қазіргі Н. Ілиясов атындағы ауыл) колхозына қосылып, бұл орынға Ақтөбе облысынан 1944 жылы «Қопа» кеңшары көшіп келген. Кейіннен ет бағытындағы «Тереңөзек ет совхозы» болған. Совет Одағының батыры Нағи Ілиясов кеңшардың құрылуына атсалысып, 1956-1960 жылдар аралығында кеңшар директоры қызметін атқарған. 1962 жылдың 25 қаңтарында «Қараөзек» өз алдына Қаракөл кеңшары болып отау тігіп, қаракөл қойын өсірумен айналысты. Ауылдық кеңеске Қараөзек ауылы, Қараөзек бекеті, Қызылорда бақша тәжірибе шаруашылығы және №10 теміржол аялдамасы елді мекені қарады. 1962-1966 жылдары Сырдария, 1966-1997 жылдары Тереңөзек ауданының құрамында болды. Еліміз тәуелсіздік алған соң ауылдық кеңестің орнына 1993 жылы Қызылөзек ауылдық округі құрылды. 1997 жылдан ауылдық округ қала құрамына енді. Ауылдық округ әкімі болып әр жылдары Бақытжан Шамшатов, Жазықбай Әбілов, Роза Боханова, Абзал Шоқпаров, Ернұр Нұржанов, Жасұлан Шынтасов атқарды. 2018 жылдан бері қарай ауылдық округ әкімі қызметін Сәкен Әбдіжаппар атқарып келеді.

«Қараөзек» кеңшары 1962 жылы Қаракөл қой совхозы болып құрылған. Ауылдың мал шаруашылығын дамытуда жеткен жетістігі үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағын, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталғандар саны көп болды. Кеңшарда 1956 жылы орталық көше, түрғын үйлер салынды. 1953 жылы колхоздан 10 жылдық мектеп ашылды. 1956 жылы балабақша, кеңсе, 1959 жылы орта мектеп, ауылдық клуб ғимараты салынды. 1962-1963 жылдары электр желілері жүргізіліп, ауылға кіреберіс жол мен орталық көше асфальтталды. 1978-1979 жылдары орталық монша, мал бордақылау алаңы мен 2 қабатты сауда орталығының құрылысы жүрді. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына қан майданда қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш орнатылды. 1976-1977 жылдары канал қазылып, автомобиль көпірі салынды. 1973 жылы «Байзақ» каналы қазылып, кеңшарға Қараөзек дариясынан су жеткізілсе, 1985 жылы «Кілем жайған» каналы қазылып, «Шегіртке» шабындығына су жеткізілді. 1977-1978 жылдары «Көксу» коллекторы қазылды. 1985 жылы бас тоған ғимараты салынды.
Жаңарған ауыл келбеті
Тарихы терең, еңбегі ерен елді мекен бүгінде өзгеріп, кемеліне келген. Ауылдық округтегі тіршіліктің негізгі бағыты – жеке кәсіпкерлік, егін және мал шаруашылығы өнімін өндіру. Жалпы құны 452 млн 114 мың теңгеге, ұзындығы 3,2 шақырым 3 көшені жөндеуге 2024 жылы 134 млн теңге қаралса, биыл құрылысты жалғастыруға Ұлттық қордан 91,5 млн теңге, қалалық бюджеттен 18,4 млн теңге қаралып, Мұхамбетияр Жабағыұлы тұйығы пайдалануға берілді.
А.Құнанбаев және Қараөзек бекеті-4 көшелерінің құрылысын жалғастыруға қажет қаражат алдағы уақытта республикалық бюджеттен бөлінбек. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде облыстық бюджеттен қаралған қаражатқа ұзындығы 3 шақырымдық Д.Сариев және Ж.Жабаев көшесі күрделі жөндеуден өтті.
Сондай-ақ қалалық бюджеттен қаралған 85 млн теңгеге ұзындығы 0,62 шақырымды құрайтын Айнакөл-1 көшесіне асфальт салынып, М.Жабағыұлы көшесіне облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жөнделуде.

Самаладай жарық көшелер елді мекенге жаңаша сипат берді. Ауыл тұрғындарының өзекті мәселесінің бірі де осы. Тұрғындар сұранысы ескеріліп, 3 елді мекендегі электр желілері қайта жаңғыртылуда. Қазіргі таңға 3 елді мекенге 1 дана КТПН, 624 дана темір бетон бағана орнатылып, 63 шақырым ВЛ-10 кВ заманауи СИП электр желісі жүргізілді. Жоба құны – 1 млрд 192 млн теңге. Қазіргі таңда барлығы 21 көшенің 18 көшесі түнгі жарықтандырылған. Бұл – жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігінің кепілі.
Су – тіршілік өзегі
Қызылөзек ауылдық округіне қарасты 3 елді мекенді ауызсумен «Нұра» топтық су құбыры РМК «Арал» СЖКБД филиалы қамтамасыз етеді. Қызылөзек және Айнакөл елді мекенінде 2013-2014 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауызсу жүйесі жаңғыртылған еді. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында жаңа ауызсу желісі мен қойма салынғаннан бері қызылөзектіктер судан таршылық көрген емес.
Ауылдық округ аумағы Сырдария өзені деңгейінен биік орналасуына байланысты жаз маусымында аяқсу тапшылығы туындап отырады. Қараөзек елді мекеніне аяқсу жеткізу мақсатында «ДСУ» учаскесіне электр желісі жеткізіліп, ауыл әкімі аппаратының меншігіндегі жаңа СНПЭ-500/10 электр насостық қондырғысы арқылы Қараөзек елді мекені аяқсумен толық қамтамасыз етілді.
Сол сияқты, Қараөзек ауылының көшелеріне аяқсу таратып отырған электр насостардың тозуына байланысты, өткен жылдың соңында қуаты 18,5 кВт болатын 1 дана үлкен және 3 кВт болатын 1 дана шағын электр насостық қондырғы сатып алынды. Алдағы уақытта көнерген насостардың орны жаңартылмақ.
Сондай-ақ ауыл әкімдігі меншігіндегі дизельдік насостық қондырғылар «Сырдария» және «Қараөзек» арналарына орнатылып, Айнакөл және Қараөзек бекеті елді мекендерімен қатар, тұрғындардың егістік жерлеріне аяқсу тұрақты беріліп отырғаны да шаруашылықпен айналысуына жол ашты.
Кәсіп түбі – береке
Ауылдық округте 197 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Елдің әлеуетін көтеретін де кәсіп иелері екені белгілі. Себебі кәсіпкерлер ауылды қолдау шарасына белсене қатысады. Жыл басынан жаңадан 10 шағын кәсіпкерлік нысан тіркеліп, 6 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.
«2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жыл басынан 2 кәсіпкердің жылқы малын өсіру жобасы қолдау тауып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы арқылы 20 млн теңге несиеге қол жеткізді.

Сонымен қатар 3 ауыл тұрғыны 4 млн 716 мың теңге қайтарымсыз грант иеленіп, өз кәсібін бастады. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеке кәсіпкер Әсел Елешова 2 млн теңге несие алып, шұлық өндіру» жобасын жүзеге асыруда. Қазір сол қаржыға тігін мен тоқыма машинасын алып, қыз жасауы, шұлық, қолғап, сырт киім тігуде. Кәсіп иесі 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жалпы ауылдық округте 6 ауыл тұрғыны 26 млн 716 мың теңге қаражатқа қол жеткізіп, сүйікті ісімен айналысуда.
Осы жобамен жеке кәсіпкер Самұрат Рүстем 5 млн теңге несие алып, Қараөзек елді мекенінен нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар шығаратын шағын цех ашып, нәтижесінде 6 тұрғын жұмыс көзін тапты. Кәсібін бастағанына көп болмаса да кәсіпкер 3 елді мекенді нан өнімімен қамтамасыз етіп отыр.
Сонымен қатар қызылөзектік Әліп Рахымжан 2018 жылы Қызылөзек ауылдық округінен «Әліп» шаруа қожалығын құрып, сиыр, қой, жылқы өсіріп, жергілікті тұрғындарға арзан бағада ет, сүт өнімдерін ұсынып отыр.
Бұған қоса кәсіпкер 2022 жылы «Биогумус» органикалық тыңайтқышын өндіру мақсатында «Сырдария-Көкшетау» несие серіктестігі арқылы 7 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 1 МТЗ-82 тракторы мен жетегін сатып алды. Сол уақыттан бері мал шаруашылығымен қоса «Калифорниялық шылаушын» өсіріп, органикалық тыңайтқыш «Биогумус» өндірумен айналысып келеді. Бастапқы уақытта 1 шаршы метр жерден бастап, бүгінде 100 шаршы метр аумақты қамтып отыр. Өндірген өнімін ағаш өсірумен айналысатын мекемелерге, негізгі бөлігін көкөніс өсіретін жеке тұрғындарға өткізуде. Қазіргі уақытта тыңайтқыштың 1 литрі 100 теңге, 1 қапшығы (50 литр) 5000 теңгеден сатылуда.
– Калифорния шылаушыны тамақты көп талғамайды. Екі шаршы метрден жылына бір тонна биогумусқа дейін алуға болады. Жәшікті дайындағанда астына дренаж қызметін атқаратын құм салады. Мұнан соң 1-2 см топырақ, 3-5 см тамақ қалдықтары, қайтадан 1,2 см топырақ салады. Арасына жұмыртқа қабығының ұнтағын салу керек. Себебі құрттар қышқыл ортаны ұнатпайды. Қыста жылы жерде ұстап күн жылынған кезде бау-бақшаға жіберуге болады. Өсімдік қалдығының барлығымен қоректеніп, оны қара шіріндіге айналдырады. Шұбалшынның өнімі биогумус кез келген егін мен бау-бақшаны жайқалтып жібереді, диқан өнімді еселеп алады. Әсіресе жылыжай егіндері мен гүлге беру өте пайдалы. Мұндай тыңайтқыш берілген жер төрт жылға дейін өзінің жоғары құнарлылығын сақтайды, – дейді кәсіп иесі.
Айта кетейік, бүгінде ауылдық округте 6 ауыл тұрғыны 26 млн 716 мың теңге қаражатқа қол жеткізіп, кәсібін жүргізуде.
Қайта жаңғырған «Қожақ» көпірі
Қызылөзек ауылындағы «Қожақ» көпірінің қайта жаңғыртылуы – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамның бірі. Қызылөзек ауылдық округінің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға барлығы 1 миллиард 600 миллион теңге қаржы бөлініп, ауылдың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталды. Тұрғындардың қауіпсіз қатынауына кедергі келтіріп келген апатты жағдайдағы «Қожақ» көпірі толықтай қайта жаңғыртудан өтіп, халық игілігіне пайдалануға берілгені де ауылдағы іргелі істерді паш етіп тұр.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!