Сейсенбі, 16 қыркүйек, 11:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№70, 2183
16.09.2025
PDF мұрағаты

Кәсіп өзіңе де, елге де пайдалы болуы керек

16.09.2025

58 0

Айжан Берлібекқызы шұжық өндірісін осыдан бір жыл бұрын ғана қолға алған. Осы аз ғана уақыт ішінде ол сұранысқа сай өнім де шығарды, екі адамды жұмыспен қамтып та үлгерді. Іскер келіншек бүгінде дамудың даңғыл жолына шыққан. Оның тұтынушылары да таза, табиғи өнімге жиі тапсырыс береді.

Бір данышпан «Әлемді, жерді жап-жарық етіп отыратын екі нәрсе бар. Біреуі – күн, екіншісі – әйел» депті. Расында, дүниеге ұрпақ әкеліп, баласының жай-күйін жасайтын сол нәзікжандылар бүгінде қоғамның қайсыбір саласында да өздерінің жарқын тұстарын көрсетіп жүр. Сондай қайсар жанның бірі – Айжан Берлібекқызы.

Айжанның бір жыл бұрын қолға алған кәсібі қазір әжептәуір танылып қалған. Расында кәсіптің көзін тауып, көш ілгері жүретін адамдардың идеясы мықты келетіні рас. Кәсіпкер креативті ойлай білгенінің, үздіксіз еңбектенуінің нәтижесінде қаланың шанхай бөлігіндегі өз үйінің ауласында шұжық өндіретін цех ашты. Осылайша кәсіпкер 2 адамды жұмыспен қамтыды.

– Оңай жерден пайда табамын деген адам қателеседі. Қай кәсіпті де бастау үшін биік мақсат, күн сайынғы ізденіс керек. Шұжық шығарудың жаңа технологиясын меңгеріп, өзім армандаған құрылғыны алдым. Қазір белсенді, еңбекқор адамға жұмыстың түрі көп. Мәселен, ұмытылып бара жатқан қойдың бүйеніне салынған етке «батыр» деген атау бердік. Расында, ет жемесе түсіне кіретін қазақ халқы ет өнімдеріне келгенде тазалыққа, ұқыптылыққа, сапасы мен құрамына қатты мән береді. Тауық етінен жасалған сосисканы балаларға қуырып таңғы асқа беруге болады. Түйетауықтың етінен де істейміз. Оның етінің құрамындағы мелотонин аутизммен ауыратын балалардың ұйқысын жөндесе, серотонин көңіл күйін  көтереді. Көбіне шұжықты жылқы етінен жасаймыз. Кейде тапсырыс берсе,  қойдың, сиырдың етін де пайдаланамыз. Жылқының жаясы, тауықтың төс еті, чили шұжығы, үйректің төс еті, жылқыдан сервелат, «аңшы шұжығы», жылқының жаясын майын қосып істейтін «батыр» шұжығы бүгінде сұранысқа ие. «Батыр» шұжығының салмағы 9-10 келі тартады, – дейді кәсіпкер.

Айжанның ет өнімдерін көбіне кафелер алады. Қала аумағында мал бордақылау ісімен айналысатындар көп. Шикізаттан мәселе жоқ, тек күн сайын ет бағасының қымбаттап жатқаны болмаса…

– Қартаның ішіне өкпе-бауыр қосып та істейміз. Етті ешқандай ысырап етпей кәдеге жаратамыз. Біздің ерекшелігіміз, қойдың құйрық майын альфа ағашымен ыстаймыз. Құйрық май өте өтімді өнім. Күн салқындағанда саудасы қызады. Қазір сол жағалаудағы жаңадан ашылған коммуналдық базарға орналастық. Бұл жерде бүкіл жағдай жасалған.  Құрал-жабдықтардың бәрі бар, – дейді Айжан Берлібекқызы.

Кәсіп өзіңе де, елге де пайдалы болуы керек

Бүгінде екі адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен кәсіпкер алдағы уақытта тағы үш адамға жұмыс бермек. Кәсібін дамыта жүріп, айналаға да пайдасын тигізгісі келеді.

– Қарап жүрмей, халықтың кәдесіне асқым келеді. Қандай кәсіп болса да, бір жағынан өзіңе пайдалы болса, екінші жағынан жұртшылықтың алғысын алу керек. Сыр жұртшылығына халал, денсаулыққа пайдалы ет өнімдерін алдағы уақытта да ұсынбақпын. Өңірдегі кәсіпкерлер тауарларының көрмесіне үнемі қатысып тұрамын. Басқа әріптестермен тәжірибе алмасуға бұл үлкен мүмкіндік. Таза өзіміздің отандық өнімді тұтынсақ, денсаулыққа да пайдалы. Менің мақсатым – тұтынушыларға дәмді шұжық  ұсынып, көңіл-күйін көтеріп, ризашылығын алу, – дейді кәсіпкер.

Алдына келген жанға табағынан бұрын қабағын ұсынатын қазақтың кішіпейіл, инабатты, ибалы қыздарының кәсіпте де көш бастап жүргені қуантады. Бұл ретте Айжан Берлібекқызы – көп адамға үлгі.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ,

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: