Қызылорда қаласына қарасты Қызылөзек ауылдық округінің тыныс-тіршілігі жылдан-жылға жанданып, көркейіп келеді. Ауыл экономикасы мен әлеуметтік саладағы өсім мен өркендеу жүйелі жұмыс пен нақты жоспардың нәтижесі екені анық. Ауыл әкімі биылғы жылдың жарты жылдығында атқарылған жұмыс барысын БАҚ өкілдеріне берген брифингте мәлімдеді.
Қызылөзек ауылдық округіне қарасты Қараөзек, Айнакөл және Қараөзек бекеті елді мекендерінде бүгінде 629 отбасы тұрады. Халық саны 3502 адамды құрайды. Бұл ауыл әлеуетінің жыл сайын артып келе жатқандығының бір айғағы.
Ауылдық округтің 2025 жылға арналған бюджеті 723 млн теңгеге жетіп отыр. Бұл қаржының 70,5 пайызы алғашқы жартыжылдықта игеріліп, жоспарланған жұмыстың басым бөлігі жүзеге асты. Ауыл әкімінің айтуынша, жоспарланған жобалар кезең-кезеңімен орындалуда.
Қызылөзек ауылдық округінде экономикалық белсенді тұрғындар саны – 1756 адам. Оның ішінде 1132 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. 598-і өзін-өзі жұмыспен қамтып, жеке шаруашылықпен айналысуда. Ауылда жұмыссыздықпен күрес те назардан тыс қалған емес. Арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы бүгінде ауыл тұрғындарына бағыт-бағдар беруде.
Мәселен, 7 адам «Күміс жас», 2 адам «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа тартылса, 21 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, 17 азамат қоғамдық жұмысқа орналастырылған.
– Мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті дұрыс пайдалана білсек, жұмыссыздықты түбегейлі азайтуға болады. Мәселен, ауылда отырып та кәсіп ашуға, табыс табуға толық мүмкіндік бар. Бастысы, ниет пен әрекет қажет, – дейді ауыл әкімі.
Ауыл тұрғындарына әлеуметтік қолдау бағытында да бірқатар жүйелі жұмыс атқарылған. Мемлекет тарапынан 14 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 47 әлеуметтік аз қамтылған отбасына көмек көрсетілді.
Кәсіпкерлікті дамыту – басты назарда. Бүгінде округ бойынша 197 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашуға мүмкіндік беретін түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, нәтижесін көруде. Атап айтсақ, «2021-2025 жылға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жылқы бағуға арналған жоба жүзеге асып, ауыл тұрғыны қайтарымсыз грант иеленіп, жеке кәсібін бастаған. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2 млн теңгемен «Шұлық шығару» жобасы қолға алынды. Бүгінде қыз жасауын, тоқыма бұйым, сырт киім тігіп, үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Жас кәсіпкерлерді қолдау ауылдың ғана емес, экономиканың дамуына септігін тигізеді. Бүгінде 5 ауыл тұрғыны жеңілдетілген несие алып, өз жобаларын іске асыруда, – деді Сәкен Әбдіжаппар.
Ауылдық округте ауыл шаруашылығы бағытында да жүйелі жұмыс бар. Жалпы көлемі 476 гектар жерге егін егілген. Оның ішінде 109 гектарға картоп, 172 гектарға көкөніс, 195 гектарға бақша дақылдары отырғызылған. Ал мал шаруашылығына келсек, ауылдағы төрт түлік малдың жалпы саны 9676 басты құрайды.
Инфрақұрылым жаңарып келеді
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қараөзек, Айнакөл және Қараөзек бекетіндегі тозығы жеткен электр желілері жаңартылып, заманауи СИП жүйесі орнатылды. Сондай-ақ ВЛ-10 кВ электр желісінің тартылуы – тұрғындарға сапалы электр энергиясын жеткізуге жол ашты.
Автожол құрылысы да қарқын алуда. Атап айтқанда, М.Жабағыұлы, Д.Сариев, Ж.Жабаев және Айнакөл-1 көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Ауыл тұрғындарын көптен бері алаңдатқан маңызды мәселенің бірі – Қараөзек ауылына кіреберістегі «Қожақ» көпірінің жағдайы болатын. Уақыт өте ескіріп, апатты күйге жеткен бұл көпір ауыл мен қаланы жалғайтын негізгі өткел. Қазір көпірді жөндеу жұмысы қызу жүріп жатыр. Жалпы құны 292,3 млн теңгені құрайтын жоба аяқталуға жақын.
– Құрылысты «N Строй Сервис» ЖШС жүргізуде. Қыркүйек айына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ең маңыздысы, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі, – дейді Сәкен Әбдіжаппар.
Сонымен қатар округтегі үш елді мекенді газбен қамтамасыз етуге байланысты жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, қазіргі уақытта сараптамадан өтуде.
Аяқсу мәселесі де шешімін таба бастады. Сырдария өзенінен биік орналасқан ауыл жаз мезгілінде су тапшылығын көреді. Бұл бағытта «ДСУ» учаскесіне электр желісі тартылып, жаңадан орнатылған СНПЭ-500/10 электр насостық қондырғысы арқылы Қараөзек ауылына толықтай аяқсу беріліп отыр. Дизельдік насостар «Сырдария» және «Қараөзек» арналарына орнатылып, Айнакөл мен Қараөзек бекетінің егістік алқаптарына су келуде.
Елді мекеннің көркеюі, абаттандырылуы, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – басты назарда. Биыл ауыл келбетін көркейтуге бағытталған жоба аясында Қараөзек бекетінде балалар ойын алаңын салу жоспарланса, Қараөзек ауылындағы «Тағзым алаңы» жөндеуден өтіп, брусчаткалар төселген. Алдағы уақытта алаң қоршауы да жаңартылмақ. Сонымен қатар демеушілер есебінен ауыл кіреберісіне атауы жазылған қақпа мен бірнеше билборд орнатылып, соғыс және еңбек ардагерлерінің баннерлері ілінді.
– Ауылдың көркеюі тек сыртқы әдемілікпен есептелмейді. Ауыл тұрғындарының мәдениеті де ауыл айнасы деп білемін. Бүгінде жүйелі жұмыс пен нақты жоспардың арқасында ауылымыз жыл өткен сайын жаңарып келеді. Алдағы уақытта аймақтағы үздік ауылдардың қатарына қосылады деген сенімдемін, – деді ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппар.
Қызылөзек ауылдық округінде жүзеге асып жатқан жобалар аз емес. Бұл тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, ауылдың әлеуетін көтеруге бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі. Әрбір атқарылған істің артында еңбек, жауапкершілік жатыр.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!