Шағын және орта кәсіп ел экономикасын алға тартатын күшке айналуы тиіс. бұл мақсатта елімізде түрлі бағдарламалар іске асып келеді. Соның нәтижесінде аймақта шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында кәсіпкерлерді қолдауға ерекше назар аударылған.
Облыс орталығы – Қызылорда қаласында кәсіпкерлік саласы қарқын алып, оны дамытуда айтарлықтай оң өзгеріс бар. Мәселен, жыл басынан бері қала көлемінде тіркелген кәсіпкерлер саны 35 102 бірлікке жетіп, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандар 95,5%-ды немесе 33 519 бірлікті құрап отыр.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін үнемі айтып келеді. Бұл бағытта Сыр өңірінің бас қаласында жүйелі жұмыстар бар. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау аясындағы мемлекеттік бағдарламалар өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұртшылыққа дем беруде. Оның ішінде «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ арқылы «Қызылорда облысының ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді дамыту» пилоттық жобасы аясында 293,5 млн теңгеге 7 жоба қолдау алды. Одан бөлек, «Іскер» бағдарламасымен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерден 6 пайызбен несие алуға 266,73 млн теңгені құрайтын 29 жоба ұсынылды, – дейді қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгенов.

Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы қоғамда кеңінен қолдау тапты. Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қабылданған бұл жоба өзінің өміршеңдігін көрсетті. Жоба аясында әлеуметтің табысын арттыруға, шағын кәсіпті түлетуге мол мүмкіндік туып тұр. Әсіресе қалаға қарасты ауылдық округтерде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен өз шаруасын дөңгелеткен кәсіпкерлер аз емес. Кейбірі мал басын асылдандырумен айналысса, енді бірі ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосуда.
– Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары оң нәтижесін беруде. Ауыл тұрғындaрының әл-aуқaтын жaқсaрту мақсатында іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында оң тәжірибе қалыптасып, тіршілік тамырына қан жүгірді. Бағдарлама ауыл тұрғындарына өте қолайлы болып отыр. Бұл жоба аясында түрлі кәсіп көзін ашып, халықтың табысын арттыруға оң ықпал етуде. Бүгінде кәсіпкерлер табысты еңбек етіп келеді. Биыл қалада «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 238,83 млн теңгеге 34 жобаға 2,5%-бен жеңілдетілген несие берілген, – дейді қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгенов.
Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлік мақсатта ұсынылған несиелерді «Даму» қорымен субсидиялау шаралары жалғасуда. Осы уақытқа дейін қалада жалпы құны 3691 млрд теңгені құрайтын 64 жоба субсидияланған. Қаланың сол жағалауында жалпы ауданы 1,9 мың шаршы метр шағын өнеркәсіптік аймағы пайдалануға берілген. Мұнда кәсіпкерлер сүт өндірісі, кондитерлік цехы, жартылай фабрикаттар цехы жұмысын жандандыруда.
Қалада өңдеу өнеркәсібі саласында бірқатар маңызды жоба жүзеге асуда. Олардың заманауи кірпіш шығару, жоғары технологиялы айна жасау, кондитерлік кешені мен шағын өндірістік алаңдары және жиһаз өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды атап өтуге болады.
– Биыл гофрленген қағаздар мен картонның жалпақ қабаттары өндірісінің құрылысы басталды. Ал машина жасау саласына келсек, вагон жөндеу депосын салу және жолаушылар вагондарын өндіретін кәсіпорынның қажетті жабдықтары жеткізілді. Өндіріс орны жақын күндері өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу бағатында да бірнеше жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Атап айтқанда, шикізатты өңдеу, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу желісі бар шыны ыдыстарын өндіру зауыттары іске қосылады, – дейді Мұхтар Әбдімаратұлы.
«2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін арттырып, кәсіптік бағытты дамытуға мүмкіндік бермек.
– Қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің ұйымдастыруымен «Жұмысшы күні» жалпы республикалық жобасы аясында мектеп оқушыларына қаладағы ірі кәсіпорын мен мекеме базасына экскурсия ұйымдастырылды. Оқушылар ең алдымен «Orda Glass LTD» ЖШС-нің шыны зауытында болып, қысқа уақытта қуатты кәсіпорынға айналған мекеменің жұмысын көрді. Шыны зауыты өткен жылы 6,7 млрд теңгені құрайтын энергия үнемдейтін жаңа құрылғылармен толықтырылып, өндіріс көлемі екі есеге артты. Оқушылар қаладағы ең ірі кәсіпорынның бірі – «Жан-Арай» ЖШС күріш ақтау зауытының да жұмысымен танысты. Мұндағы техникалық мүмкіндіктер, өндіріске қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету және жұмыс процесі экскурсия мүшелеріне толық таныстырылып, жастар жұмысшы мамандарымен сұрақ-жауап алмасты, – дейді қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгенов.
Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, облыс орталығында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 124,2 млдр теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 136,5 пайызды құрады. Биыл қала көлемінде 233,6 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде.
– Бүгінде инвестиция тартуды арттыру мақсатында құрылған «Өндіріс» индустриялық аймақ басқарушы компаниясының жетекшілігімен жұмыс істеуде. Аталған индустриялық аймақта жалпы құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 2 жоба – «Қызылорда Саз М» ЖШС заманауи кірпіш зауыты және «Айна Гласс» ЖШС жоғары технологиялы айна шығару зауыты орналастырылып, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ қазан айында «Seven Rivers Technologies» ЖШС шыны қалдықтарын кәдеге жарату және қайта өңдеу желісі бар шыны ыдыстарын шығару зауытының құрылысы басталады деп жоспарлануда, – дейді Мұхтар Әбдімаратұлы.
Кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Бұған қоса, жергілікті өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өзгерістер байқалады. Жоғарыдағы көрсеткіштер қалада кәсіпкерлікті қолдау бағытында нақты істер атқарылып жатқандығының дәлелі. Өңір экономикасының өсуіне де бұл саланың ықпалы зор. Сол үшін де кәсіпкерлікпен айналысу және оларға қолайлы жағдай жасау маңызды.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!