Қалаға іргелес орналасқан Ақсуат ауылдық округінде жергілікті жұрт өзін–өзі жұмыспен қамтып, тірлік етуде. Ауыл халқының саны күннен–күнге көбейіп, жаңадан көшіп келгендер бар. Сондықтан да инфрақұрылым мәселесі назардан түспей тұр.
– Ауылымыздағы ең өзекті мәселелердің бірі – жаңа қонысты электр жарығымен қамту. Өткен жылы 32 көшені электр желілерімен қамту мақсатында 74 млн теңгеге құрылыс жұмыстары басталды. Биыл бұл жұмыстарды жалғастыруға 573 млн 51 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс толық аяқталғаннан кейін электр желілерімен қамтылмай қалған 22,5 шақырымды құрайтын жаңа қоныс тұрғындарының электр желісіне қатысты туындаған мәселесі шешімін табады. Одан бөлек, қоғамдық көліктер қатынайтын басты көшелер П.Тлепбаев, А.Найзағараев, Б.Жүсіпбеков, Канал-2 көшелерінде 100 млн теңгеге жол құрылысы басталды. Биыл қалған 616 млн 756 мың теңгеге жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 11 млн 232 мың теңгеге 1,22 км болатын А.Арысбаев, Орманбаевтар, О.Жакенов көшелеріне жарық бағаналарын орнату жұмыстары аяқталды, – деді қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Ақсуат ауылдық округінің әкімі Нұрболат Бақытов.
Округ бойынша 2025 жылдың 6 айында 60 отбасына 16,6 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Жыл басынан бері тұрақты жұмысқа – 66, ақылы қоғамдық жұмысқа – 33, әлеуметтік жұмыс орындарына 4 адам орналасқан. Ал «Жастар практикасына» 9, «Күміс жас» бағдарламасына 12 адам тартылған. «Бастау Бизнес» курсын 10 адам оқып, сертификат алды.
Ауыл әкімінің айтуынша, Ақсуатта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Атап айтсақ, мұнда 602 шағын кәсіпкерлік тіркелген.
– Биыл 6 айдың ішінде 11 кәсіпкер 281 млн теңге несие алған. Оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8 кәсіпкер 46 млн теңге алды. Қайтарымсыз қаржы алып, кәсіп бастауға талаптанғандар бойынша 28,3 млн теңгені құрайтын 18 жоба қолдау тапты. Сонымен қатар «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы» микро қаржы ұйымы арқылы 9,8 млн теңгені құрайтын ағаш шеберханасы жобасы қолдау тапты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеке кәсіпкер Аралбаеваның арзан шұлық өнімдері ауыл, қала тұрғындарын қамтамасыз етсе, қазіргі таңда басқа облыстардан да тапсырыстар қабылдауда. «Сабира ЖК» кәсіп иесі көрпе тігіп, мақта, жүн түтіп, ескі көрпелерді жаңалауда. Сондай-ақ ауылдағы екі жылыжай өнімдері тұрғындарға сатылуда. Ал жеке кәсіпкер Ләззат Сейтова тұрғындарды нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек, балалар массаж орталығы қызмет көрсетуде. Автокөліктерді жөндеу, темір бұйымдар өндіру, тігін цехы ашылып жұмыс істеуде. Бұл жұмыстардың барлығы мемлекет тарапынан кәсіп ашуға қолдау болғанның нәтижесі. Сонымен қатар Сырдария ауданы, Бесарық ауылының әлеуметтік- экономикалық дамуындағы бизнес инкубатор жобасын ауылымызда дамыту мақсатында, шағын өнеркәсіптік-сауда кешені құрылысын салу жоспарлануда, – деді ауыл әкімі Нұрболат Бақытов.
Ауылды тұрмыстық қалдықтардан тазарту «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тұрақты түрде жүргізіліп келеді. «Бақыт кілті» қоғамдық қорының демеушілігімен ағаш шарбақтары әзірленген. Ауыл іргесінің кеңеюіне байланысты тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонның орнын ауылдан тыс жерге орналастыру мақсатында тиісті құжаттар әзірленуде.
Сонымен қатар ұлттық спортты дамыту мақсатында арнайы жер телімі белгіленіп, қазіргі таңда құжаттары рәсімделуде.
Ауыл әкімінің айтуынша, ауызсу мен аяқсу мәселесі шешімін тапқан. Бұрын тұрғындар жол мәселесін айтып, жиі шағымданса, бұл мәселе де шешімін тауып келеді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!