Қала іргесіндегі Тасбөгет кенті соңғы жылдары кәсібі өрлеген, ғимараттармен көркейген, дүбірлі еңбекпен түлеген шырайлы елді мекенге айналды. Кент көшелерінің барлығы жарықтандырылып, жол, кәсіпкерлік өрге басуда.
Мәселен, кенттің биылға бекітілген бюджеті 500,8 млн теңге болса, 10 айлық жоспар 448,3 млн теңгені құрап, 100 пайызға орындалған. Салық түсімінің жылдық жоспары 157 млн теңге болып болжанса, жоспар артығымен жүзеге асқан.

Ең өзекті мәселенің бірі ифрақұрылымды дамытуда да ілгерілеушілік бар. Нақтыласақ, кенттегі жаңа бейітті қоршау және тегістеуге қалалық бюджеттен 83,5 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «SM ORDA GROUP» ЖШС жеңімпаз мердігер жұмысты толық аяқталған. Сонымен қатар кенттегі 95 көпқабатты үйдің 25-і апатты деп танылған еді. Сондай-ақ өткен жылы Наурыз, Тасарық шағын ауданындағы 10 үйдің шатырын жөндеуге қалалық бюджеттен 68 млн бөлінсе, қалалық бюджеттен бөлінген 104,5 млн теңгеге С.Сейфуллин №23, 8, Наурыз №65, 19, 11А, 31, 31А, 40, Қ.Баймағанбетов №7А, З.Шүкіров №12, 14, Наурыз №7, 20, 70, Ә.Молдағұлова 39а, Ж.Махамбетов 31 көпқабатты 16 тұрғын үйлердің шатыры жөнделген.

Тұрғындардың сұранысына сай облыс және қала басшылығының қолдауымен кенттегі М.Шоқай көшесінің Ш.Есенов пен Қ.Баймағанбетов көшелерінің аралығы орташа жөндеуден өтіп, көліктердің қозғалысына кедергі келтірмейтін болды.

Биыл тасбөгеттіктер үшін жағымды жаңалық, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен 1,2 млрд теңге бөлініп, кенттегі ұзындығы 2,7 шақырымдық жылу құбыры жаңартылуда. Бұл жұмыстар толық аяқталса, көпқабатты үйлер қыстың қытымыр аязында сыр бермейді.

– Кент тұрғындарының жиі көтеретін мәселесі – көшелерді жарықтандыру. Себебі көшелері толық асфальтталмаған, кедір-бұдыр шет аумақтарда бұл шынында, ойландыратын мәселе еді. Биыл бұл мәселеге нүкте қойылып, қала және кент бюджетінен бөлінген 53,5 млн теңгеге З.Мәмбетов, С.Сейфуллин, Н.Өткелбаев, Ә. Жангелдин, А. Жанкин, Ж. Әбілқасымов, М.Абдраманов, Ж.Дүйсенов, С.Өтеуов және Т.Батыршаев, Е. Қосжанов Юсупов, Жалғасбаев көшелеріне 515 жарықшам орнатылған. Самаладай жарық көшелерде тасбөгеттіктер емін-еркін жүріп-тұруға мүмкіндік береді және ұсақ бұзақылыққа тосқауыл болады деп ойлаймын, – дейді кент әкімі Айдын Тыныштықбай .

Тасбөгет кенті бұрын Сырдария ауданының орталығы болған тарихы терең мекен. Арық жүйелерін мезгілінде тазалап отырса, аяқсу да көп бөлігіне келіп тұр. Бұған қоса кент аумағын абаттандыру және арық жүйелерін тазалау, аяқсумен қамтамасыз етуге қалалық бюджеттен 15 млн теңге қаржы қаралып, мердігер мекеме атсалысқан.

Ауызсу мәселесінде де іркіліс жоқ. Таза су тұрақты беріліп отыр. Ал биыл кентке қарасты Сабалақ саяжайы тұрғындарының ауызсу мәселесі шешімін тапқан. Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 188,7 млн теңге және қалалық бюджеттен 200,3 млн теңге бөлініп, «Авангард ПГС» ЖШС жоспарға сәйкес қарқынды жұмыс жүргізуде.
Тасбөгет кентіндегі салық түсімін молайтып, экономиканы көтеріп отырған кәсіпкерлік саласы екені белгілі. Соған сәйкес әкімдік тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға айырықша көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары кентте кәсіптік бағытқа бет бұрған тұрғындар саны күн сайын артып келеді.
Атап айтқанда, тіркелген кәсіпкерлік нысан саны 912-ні құрайды. Оның 638-і жеке кәсіпкер, 256-ы заңды тұлға, 18-і шаруа қожалығы. Биылдың өзінде 5 азық-түлік шағын маркеті, 2 көлік жуу бекеті, 2 дәмхана, 2 техникалық жөндеу орталығы (ТЖО) және 1 отбасылық кафе ашылды.
Өткен жылы кент тұрғындары мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау, дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, нәтижесінде 64 тұрғын өз жобаларын сәтті қорғап, 159,7 млн теңге көлемінде қаржы иемденіп, кәсібін дөңгелетуде.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бисенова» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Айжан Бисенова 5 млн теңге мемлекеттік грант жеңіп алып, ультракүлгін бояуды пайдалану арқылы қабырғалық принтермен сурет салу қызметін ұсынуда.
2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері дүкенінің иесі жас кәсіпкер Әділ Бақдәулет «Өңірлік инвестиция орталығы» мекемесі арқылы 5 млн теңге қаржы алып, ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысуда.
Ал кент тұрғыны Руслан Ибраев биыл грант қаражатын ұтып алып, Тасбөгет кентінің орталығынан массаж кабинетін ашып, түрлі заманауи құрылғылар алып, кәсібін бастады.
– Бұрын кентте мұндай емдік қызмет түрі болмағандықтан, мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрмек ниетпен грант қаражатын алуға үміткер болдым. Бақытыма орай өзім армандаған қаржыға қол жеткізіп, массаж креслосын, емге керекті құрылғылар алдым. Ал массажға келетін болсам, оның 80-нен астам әдісі, техникасы, әсер етуі және пайдасы мен қарсы көрсетілімі бар. Адам денсаулығымен айналысқан соң барынша мұқият жұмыс істеу керек. Үнемі білімімді жетілдіріп, массаждың көптеген түрін әлі де үйреніп келемін. Швед пен тай массажын жасаймын. Швед массажы өте кең таралған. Ол бұлшық еттің үстіңгі қабатындағы жұмсақ ырғақты тоқылдату қимылымен жасалады. Бұл нүктелі массаж қан тамырының спазмы, артроз, саусақ артрозы, асқазан-ішек патологиясы, бронх демікпесі, өкпе қабынуы, инсульт және көру, есту, дәм сезу бұзылысында қолданылады, – дейді жеке кәсіп иесі.
Үйірменің үйретері көп
Мектеп жасындағы балалардың ынтасы мен қызығушылығын оятып, бос уақытын тиімді пайдалану үшін Оқушылар үйінің орны ерекше. Тасбөгет кентінде орналасқан «Қызылорда қаласының оқушылар мен жасөспірімдер үйінде» үйірме жұмысы жолға қойылып, тәлім-тәрбиемен сусындаған оқушылар халықаралық жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Жоғары жетістіктің бәрі мұғалімнің үздіксіз еңбегінің нәтижесі екені белгілі.
Оқушылар мен жасөспірімдер үйінің директоры Гауһар Құдайбергенованың айтуынша, балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізу үшін үйірменің пайдасы зор. Оқушылардың бойындағы таланты мен өнеріне қарай қай үйірмеге барғысы келетінін өздері шешеді.
– Оқушылардың жетістігіне келер болсақ, ауыз толтырып айтатын жетістік бар. Мәселен, «Ән-терме» үйірмесінің «Асыл мұра» дәстүрлі әншілер ансамблі ІІІ халықаралық «Түркі Әлемі» атты халық аспаптар ансамбльдері мен оркестрлері байқау-фестивалінің І орын жеңімпазы атанды.
Сонымен қатар «BALBULAQ» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Өнерге қанат қаққандар» VІ халықаралық өнер байқауына қатысқан «Ән-терме» үйірмесі мүшелері Гүлсезім Өмірсерік, Нұрила Айдархан, Жанерке Батырбекқызы, Айдын Темірбек дәстүрлі ән аталымынан арнайы дипломмен марапатталды.
Астана қаласында өткен «Astana-Mereу» XІX халықаралық орындаушылар конкурсында Мұхаммед Әли Ақтұрған және Жанерке Жанболатқызы сертификат алса, Ғабиден Мәделханов Кенен Әзірбаев атындағы арнайы дипломмен марапатталса, Нөсер Айдосұлы І орын иеленді, – дейді білім мекемесінің директоры.
Сонымен қатар үйірме мүшесі Нөсер Айдосұлы Астана қаласында өткен «Төрлет, еңбек адамы!» атты республикалық ақындар айтысының ашылуында әкесі Айдос Рахметовтің жыр арнауын орындап, қаржылай сертификат иеленген.
Осылайша, жұлдызы жанған өнерпазымыз «Асыл мұра» дәстүрлі әншілер ансамблі «Nuray Art Fest» І халықаралық көпжанрлы байқауында бас жүлде иеленіп, Түркияға жолдама ұтып алған.
Тәрбие ұясында тұрақты түрде «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» тақырыбында «Бес асық» ойыны жүргізіледі. Апта сайын «Менің Қазақстаным» оқу аптасының басында бірінші сабақта барлық үйірмеде еліміздің әнұраны орындалады. Мұнан бөлек, жол ережесін, өмір қауіпсіздігін зерделеу, білім алушылардың жеке қауіпсіздігін, мінез-құлқын тәрбиелеу мақсатында күн сайын ақпарат беріледі. Бағдарламада ұсынылған әлеуметтік жобалар бойынша қосымша білім беру ұйымында «Шабыт» және «Балалар кітапханасы» жобасы жүзеге асуда.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!