Бүгінде қаладағы базар айналасындағы көшеге жөндеу жүруде. Бұл дегеніңіз сатып алушыға да, сатушыға да жасалып жатқан қамқорлық деп түсінгеніміз жөн. Тағы бір айта кетерлігі, дүкендер мен кәсіпкерлік нысандардың маңдайшаларына ілінген жарнамалардың сапасы мен үйлесімділігі, тілдік нормалардың сақталмауы сын көтермей жатады. Осы кемшіліктерді жөндеу үшін нысандардың сыртқы көрінісіндегі олқылықтарға ескерту беріліп, сатушыларды жабық базарға орналастыру үшін базар әкімшілігімен келісім жүргізілуде.
Осы мәселелер мен кәсіпкерлік саласындағы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жайлы қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгенов брифингте баяндады.
Бөлім басшысының айтуынша, бүгінде қалада тіркелген кәсіпкерлер саны 35102 болса, жұмыс істейтіні –33519. Жұмыспен қамтылғандар – 69857. Кәсіп иелері 721 млрд 913 млн теңге өнім өндіріп, өсімді 38,4 пайызға көтерген. Осылайша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 217 млрд-тан асқан. Инвестиция тарту жайы да назарға алынуда. Нәтижесінде биыл құны 233,6 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба жүзеге аспақ.
– «Қызылорда Саз М» ЖШС-нің заманауи кірпіш шығару зауыты, «Қызылорда-Нан» ЖШС-нің нан-тоқаш кондитерлік өнім шығару кешені, машина жасау саласында «Марал-Нұр» ЖШС-нің вагон жөндеу депосы және «Панабек» ЖШС-нің жиһаз цехы іске қосылды.

Сондай-ақ «Rem Plast Invest» ЖШС-нің қағаз-картон өндірісі, «Ayna Glass» ЖШС-нің жоғары технологиялы айна шығару зауыты, «Техоснастка-Ремсервис» серіктестігі мен «Тұмар» жеке кәсіпкерлігінің шағын өнеркәсіптік парктері, «Қаржаубаева» жеке кәсіпкерлігінің сауда үйі мен «Orhun Medical» ЖШС-нің медициналық орталығы жақын күндері өз жұмысын бастайды. Жыл соңына дейін қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу орталығы пайдалануға беріледі. Бұған қоса, биыл«With You E&C Kyzylorda» серіктестігінің Оңтүстік Корея технологиясы бойынша қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу және «Seven Rivers Technologies» серіктестігінің шыны ыдыстарды шығару зауытының құрылысы басталады, – деді бөлім басшысы.
Қаладағы сауда базарларын жаңғырту жұмысы былтырдан бері жүргізіліп келеді. Мәселен, Сұлтан базарына құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілуде. Жақын күндері ел игілігіне табысталмақ. Бөлім басшысының айтуынша, жол картасына енгізілген 3 базардың құжаты рәсімделіп, екінші деңгейлі банктермен келіссөз жүргізілуде. Қала аумағында 12 базар тіркелген. «Жаңа» базар, «Сұлтан», «Сыбаға», «Қанат, «Талғат» базарлары әмбебап базарлар. Ал мамандандырылған базар қатарына «Сәулет» шағын базары, «Гүлдана», «Ақтөре», «Сығанақ» базары, автокөлік, «Бұлан» мал базары және «Барыс» базары кіреді.
Бұдан бөлек, тұрақты бизнес пен кәсіпкерлік бастамаларды қаржыландыру шаралары оң нәтижесін бергені қуантады. Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасымен «Ауыл аманаты» жобасы аясында 238,83 млн теңгені құрайтын 34 жоба мақұлданып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берілген.
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ арқылы «Қызылорда облысының ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуді дамыту» пилоттық жобасы аясында 293,5 млн теңгеге 7 жоба қаржыландырылған.
Бұл мүмкіндіктен қалаға қарасты елді мекендер шет қалмаған. Бұл ұйымның ««Іскер» бағдарламасымен қалаға қарасты кент және ауылдық округтен 6 пайызбен несие алуға 266,73 млн теңгені құрайтын 30 жоба ұсынылған.
Екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлерді «Даму» қорымен субсидиялау шаралары жалғасуда. Мәселен, биыл 64 жобаға қаржылай қолдау көрсетілгендігі соның айғағы.
Шынында, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға мемлекет ерекше көңіл бөлуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінетін қаражат көлемі де жыл сайын өсіп келеді. Әкімшілік кедергілер азайып, өтінім беру автоматтандырылған жүйеге енгізілуде. Тек енді кәсіпті қолға алып, еліміздің табысын еселеп, мемлекетті көркейтуге үлес қосу басты міндет болмақ.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!