Бүгінде әлемде ауыл шаруашылығы саласы жаңа белеске қадам басты. Ендігі кезекте фермерлер тек өнім алып қана қоймай, ауадағы зиянды көмірқышқыл газын топыраққа «байлап», климатты сақтауға атсалыспақ. Бұл бағыт ғылымда «карбон егіншілігі» деп аталады. Халықаралық зерттеулер көрсеткендей, егер әлемдегі барлық егістік жерлер осы әдіске көшсе, жылына 2-ден 5 миллиард тоннаға дейін көміртек шығарындыларын азайтуға мүмкіндік бар. Бұл саладағы басты тәсілдің бірі – топырақты барынша қозғамау немесе мүлде жер жыртпау. Тәжірибе көрсеткендей, жер жырту топырақ астындағы көміртектің ауаға ұшып кетуіне әкеледі. Сондықтан мамандар топырақты қопсытпай, керісінше егін қалдықтарымен жауып тастауды жөн көреді. Бұл жердің ылғалдығын сақтап, эрозиядан қорғайды.
«Nature» журналында жарияланған мета-талдау мәліметтеріне сүйенсек, мұндай жабын топырақтағы органикалық заттарды жылына орташа есеппен 10-20 пайызға арттыра алады.Тағы бір маңызды қадам – алқаптарды ағашпен қоршау. Агроорманмелиорация деп аталатын бұл әдіс желдің екпінін басып, егінді ыстықтан қорғайды. Дүниежүзілік банк деректері бойынша, ағаш егілген алқаптар қазіргі егістікке қарағанда көміртекті үш есе көп жинайды. Бұл тек экологияға емес, фермердің қалтасына да пайдалы, себебі өнімділік артады.Мал шаруашылығында да айтарлықтай өзгерістер бар. Жайылымдарды жүйелі пайдалану, яғни малды бір жерде ұзақ ұстамай, кезекпен жаю арқылы шөп тамырын нығайтуға болады. Мықты тамыр – көміртектің жер астындағы ең сенімді қоймасы. Ал күріш егетін өңірлерде су деңгейін басқару арқылы метан газының бөлінуін едәуір азайтуға болатыны ғылыми дәлелденген.Карбон егіншілігі – жердің құнарын қайтарудың жалғыз жолы. Еуропалық Одақ елдері қазірдің өзінде топырақта көміртек жинаған фермерлерге арнайы субсидия төлеуді бастап кетті. Бұл табиғатты қорғай отырып, табыс табудың жаңа үлгісі.
Топырақ – климат қорғаны
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласы тек өнім алу көзі емес, табиғатты сақтаудың басты құралына айналып келеді. Осы бағыттағы тың қадамның бірі – карбон егіншілігі. Бұл әдістің негізі қарапайым: топырақты органикалық көміртекпен байыту арқылы топырақ құнарын арттыру және ауа райының өзгеруіне тосқауыл қою. Топырақтағы құнарлылық деңгейі ондағы органикалық заттарға байланысты. Олар өсімдік қалдықтары, тамыр жүйесі мен пайдалы микроорганизмдер арқылы табиғи түрде жиналады. Бұл процесті реттеудің екі негізгі жолы бар. Алдымен, егіс алқаптарында биомассаны көбейтіп, тамыры терең дақылдарды егу арқылы топыраққа көміртектің көбірек сіңуіне жағдай жасау керек. Екіншіден, жиналған байлықты сақтап қалу маңызды. Ол үшін жердің эрозияға ұшырамауын қадағалап, ылғалды дұрыс сақтау және топырақтың тым тез тозуына жол бермеу қажет. Ғалымдар бұл амалды ауыл шаруашылығын табиғи жүйелерге барынша жақындату деп түсіндіреді. Мұндай тәсіл тек ауадағы зиянды газдарды азайтып қана қоймайды, сонымен бірге жердің су режимін жақсартып, өнімділікті еселей түседі. Демек, карбон егіншілігі – Жер-Ананың денсаулығы мен болашақ өнімнің басты кепілі.
Климаттық есептілік: Көміртекті бақылаудың жаңа деңгейі
Карбон егіншілігінің болашағы тек жерді өңдеуде ғана емес, сол жерден алынған нәтиженің қаншалықты дәл екендігінде жатыр. Бүгінде халықаралық деңгейде кеңінен қолданылатын MRV жүйесі ауыл шаруашылығындағы «көрінбейтін» жетістіктерді нақты цифрларға айналдыратын басты құрал. Мониторинг, есеп беру және тексеру деген үш негізгі кезеңнен тұратын бұл тетік көміртегі жобаларының ашықтығын қамтамасыз етеді. Мамандар топырақтың құрамын тікелей далалық жағдайда тексеріп, ондағы органикалық көміртектің үлесін жоғары дәлдікпен анықтайды. Бұл ретте тек көмірқышқыл газы ғана емес, сонымен қатар атмосфераға әсері 25 есе күшті метан мен 300 есе қуатты азот тотығында арнайы камералар арқылы қатаң бақылауға алынады. Заманауи технологиялар бұл процесті жеңілдете түсті. Қазіргі таңда спутниктік зондтау арқылы өсімдік жамылғысы мен топырақ ылғалдылығы ғарыштан бақыланады. Еуропалық ғарыш агенттігінің (ESA) мәліметтері бойынша, қашықтан бақылау технологиялары мониторинг шығындарын айтарлықтай азайтып, деректердің дәлдігін 90%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Демек, MRV жүйесі экологиялық бастамаларды нақты экономикалық табысқа айналдыратын сенімді көпір.
Жер-Ананы демеу: Карбон егіншілігі жаһандық трендке айналды
Топырақтың көміртегін сіңіру қабілетін арттыруға негізделген «карбон егіншілігі» қазіргі таңда көптеген мемлекетте сәтті сынақтан өтуде. Бұл бағытта Австралия мемлекеті көш бастап тұр. Мұнда көміртек бірліктерін шығарудың арнайы жүйесі енгізіліп, топырақ құнарын өлшеу арқылы нақты есеп жүргізіледі. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бұл елде 400-ден астам осындай жоба тіркелген. Дегенмен, сарапшылар көміртек алу процесінің күрделі екенін, топырақтағы оң өзгерістерді растау үшін бірнеше жыл қажет екенін айтады. Африка құрлығындағы Кения тәжірибесі де көңіл қуантады. Жергілікті фермерлер қауымдастығы бірігіп, агроорман жүйесін енгізу арқылы топырақтың эрозияға ұшырауын тоқтатты. Халықаралық зерттеулер көрсеткендей, Кенияның ауыл шаруашылығы карбон жобасы аясында 60 мыңнан астам фермер тек өнімділікті арттырып қана қоймай, сату арқылы қосымша табыс тауып отыр. Бұл тәсіл кедейшілікпен күресте тиімді құрал екенін дәлелдеді. Еуропа Одағы болса, бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан келіп, көміртегін сертификаттаудың бірыңғай жүйесін әзірлеуге кірісті. Еуропалық комиссияның дерегінше, бұл қадам нарықтағы алаяқтықты жойып, халықаралық инвесторлардың сенімін арттырады. Сонымен қатар мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-та климаттық жобаларға айрықша көңіл бөлуде. Америка үкіметі климатқа бейім ауыл шаруашылығы саласын қолдау үшін 20 миллиард доллардан астам инвестиция бөліп, фермерлерге зиянды қалдықтарды азайтатын жаңа технологияларды енгізуге жағдай жасады. Бұл бағдарламалар алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласын «жасылэкономиканың» қозғаушы күшіне айналдырмақ.
Қазақстанның жасыл белесі
Қазақстан жаһандық климаттық өзгерістерге қарсы күресте батыл қадам жасап, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді стратегиялық басымдық ретінде айқындады. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы саласына ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Ел үкіметі мен ғалымдар топырақтың табиғи әлеуетін пайдалана отырып, парниктік газдарды ауаға таратпай, жер астында сақтаудың тиімді жолдарын іздестіруде. Осы мақсатта құрылған «KAZ AGRO CARBON» агроклиматтық полигоны еліміздегі көміртек теңгерімін ғылыми негізде зерттейтін алғашқы ірі алаңға айналды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігі халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, еліміздің әр өңіріндегі топырақ жағдайын көрсететін цифрлық картаны әзірлеуді қолға алды. Бұл құжат қай өңірде көміртек жобаларын тиімді жүзеге асыруға болатынын нақты көрсетіп береді.
Жасыл реформа: Карбон егіншілігі ауыл шаруашылығы саласын жарқын ете ме?
Карбон егіншілігі – бүгінде жай ғана экологиялық термин емес, ауыл шаруашылығы мен климат саясатын ұштастырған стратегиялық бағыт. Бұл әдіс топырақтың құнарын арттыра отырып, атмосферадағы зиянды көмірқышқыл газын жер астына «бұғаулауға» мүмкіндік береді. Дүниежүзілік банктің зерттеулеріне сүйенсек, көміртегін сату нарығы алдағы жылдары әлемдік экономиканың ажырамас бөлігіне айналады. Қазақстан үшін бұл бағыт – экологиялық парыз ғана емес, аграрлық сектордың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үлкен мүмкіндік. Әсіресе, Қызылорда облысының бұл жобаны жүзеге асыруда орны ерекше. Өңірдің күрделі табиғи жағдайына қарамастан, карбон егіншілігін енгізу арқылы топырақтың деградациясын 20-30 пайызға азайтуға болатыны ғылыми дәлелденген. Сарапшылардың мәліметінше, су ресурстарын үнемді пайдалану мен егін түрін әртараптандыру өңірдің экономикалық тұрақтылығын едәуір нығайтпақ. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, топыраққа көміртегін жинақтау технологиясы астық шығымдылығын орта есеппен 10-15 пайызға арттыруға септігін тигізеді.
Алдағы уақытта елімізде іске қосылатын пилоттық жобалар Қазақстанның жеке «ұлттық карбон моделін» қалыптастыруға жол ашады. Бұл тек қоршаған ортаны қорғау емес, сонымен қатар «жасыл экономикаға» нық қадам басудың алғышарты. Осылайша, дәстүрлі егіншіліктен жоғары технологиялық және экологиялық таза ауыл шаруашылығына көшу кезеңі басталмақ. Бұл қадам Қазақстанды жаһандық экологиялық картада жаңа қырынан танытары анық.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
