Жаңа оқу жылы қарсаңында аймақта білім саласында жақсы жаңалықтар көп. Биыл Қызылорда қаласы бойынша 6547 бала 1-сыныпқа барады деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім.
Биылғы жаңа оқу жылы тағы бір тарихи сәтімен есте қалды. Конституция күні мен Білім күні қарсаңында «Арай» шағын ауданында 1500 орындық «Келешек мектебі» есігін айқара ашты. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Аймақ басшысы жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бала – бәріне бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі тең болуы тиіс» деген еді. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да осы. Жаңа мектептер – жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін салынуда, – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.
Іс-шарада білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен құрылысты сапалы әрі мерзімінде салған мердігер мекеме қызметкерлеріне Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Жаңа оқу жылынан бастап «Келешек мектебінде» мектепалды даярлық сыныптары ашылып, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер тереңдетіліп оқытылады. Заманауи құралдармен жабдықталған мектепте оқушылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Соңғы жылдары өңіріміздің білім саласына қомақты қаржы бөлініп келеді. Облыстық бюджеттің көлемі 2022 жылдан бері 226 пайызға өсіп, 823 млрд 400 млн теңгеге жетті. Соның ішінде білім саласына соңғы үш жылда 812 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Жаңа мектептердің бой көтеруі тек сәулетті ғимараттардың салынуы емес, бұл – келешекке салынған инвестиция. Шаһардағы жаңа оқу жылына дайындық жоғары деңгейде екенін байқауға болады.
Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!