Бүгін қаладағы СПМК-70 шағын ауданында 1500 орындық «Келешек мектебі» ашылды. Оған ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты.

Аймақ басшысы қала тұрғындарын, мұғалімдер мен оқушыларды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін айтты.
– Президентіміз «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да осы» деген болатын. Бәсекеге қабілетті, заманның жаңа шақыртуларына дайын, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды мәселе.
Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен білім саласында ауқымды жобалар мен тың бастамалар жүзеге асуда. Аймағымыздың білім беру саласына соңғы үш жылда 812 млрд 245 млн теңге, биыл 346 млрд 800 млн теңге бөлінді. Өткен жылы 31 млрд 800 млн теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.
Баршаңызды жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын! Бұл – жай ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Жаңа мектеп әрбір оқушының асыл арманын оятатын, биік мақсатқа жетелейтін ізгі орын болсын! Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыздың қатары көбейсін! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Бұл «Келешек мектебі» ұлттық жоба аясында салынған өңірдегі 10-шы білім ордасы. Барлық сыныпта оқушы саны толық, балалар екі ауысыммен оқиды. Мұнда оқушылар білім алып қана қоймай, спортпен шұғылданып, шығармашылығын дамыта алады. Қосымша онға жуық үйірме жұмыс істейді.
Қызылорда облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп салынды. 2023 жылдан бері 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. Бұл арқылы өңірдегі үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Салтанатты шарада білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан мұғалімдер мен «Келешек мектебін» сапалы етіп салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!