Сенбі, 23 тамыз, 03:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№63,2176
23.08.2025
PDF мұрағаты

«Сыр сұлуына» орақ түсті: Отандық сорт өзін дәлелдеді ме?

23.08.2025

50 0

Ықылым заманнан иыққа кетпенін іліп, маңдайдан жерге тамған тамшы тердің несібесін терген Сыр халқы үшін бүгін де күріш дақылы басты орында. Бірақ «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, су тапшылығы бүйірден қысқанда не жердің құнарын сақтауды, не күріш көлемін азайтып, су үнемдеуді білмей, шақшадай басы шарадай болған шаруалардың жанайқайын да естіп жүрміз. «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, мамандар күн сайын «суды қалай жеткіземіз?» деп, мәселені мінберде айтып жүр. Бірақ сирақтан келмей қалған Сырдария суының сиқына қарап, басымызды төмен саламыз. Шалғайдағы шаруаның ала жаздайғы еңбегі еш кетпесе екен деген ой бәрімізді мазалайды. Ғалымдар енді мәселені шешудің жанама әдістерін де ортаға салып, бір-бірінің ойын таразылауда.

Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Қарауылтөбе ауылындағы егістік алқабының 240 гектарына биыл күріштің «Сыр сұлуы» сорты егілді. Жыл сайын су мәселесі мінберден түспей тұрғанына қарап, мұндағы ғалымдар түрлі тәжірибе жасап жүр. Түске дейін ауылдық мәдениет үйінде бас қосқан зиялылар бұл жолы «етігімен су кешіп», егіс басына барды. Қытайлық шағын комбайнды сынамадан өткізіп, «Сыр сұлуына» орақ салды. Қадірменді қонақтардың арасында Сенат депутаты Руслан Рүстемов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев та бар.

«Сыр сұлуы» – отандық сорт. Мамандардың айтуынша, бұл күріш сорты біздің өңірге қолайлы. Климаттық жағдайға да, су үнемдеуге де тиімділігін көрсеткен.

– Бізде  қазір  егіліп  жатқан  күріштің  70-80 па­йызы – ресейлік сорттар. Ал «Сыр сұлуы» олардан әлдеқайда бұрын піседі. Вегетациялық кезең қысқарған сайын суды үнемдеу де, шығыны да азаяды. Міне, сол себепті біз алдағы уақытта осы сорттың көлемін ұлғайтқымыз келеді, – дейді техника ғылымдарының кандидаты, доцент Жанұзақ Байманов.

Өңірдегі ірілі-ұсақты шаруашылықтардың көп­шілігі «Сыр сұлуын» аз көлемде егіп бастаған. Солардың бірі – Қармақшы ауданындағы «Жаңажол» серіктестігі. Шаруашылық төрағасы Орынбасар Төлепов тәжірибесімен бөлісті.

– Осыдан 5-6 жыл бұрын 5 гектар жерге ектік. Әр гектарына 70 центнерден өнім алдық. Бірақ дақылдың сырын білмегендіктен бе, әйтеуір, өнімділігі азайып кетті. Күтіп-баптау жағынан кемшін кеткен болар. Бірақ бұл сорттың өзіне тән ерекшеліктері бар. Мәселен, өнімділігі аз болса да, өтімділігі оның орнын басады. Нарыққа төтеп беретін дақыл. Тағы бір ерекшелігі, «Сыр сұлуы» егілген жерге қамыс шықпайды. Алдағы уақытта өнімділігін зерттеп, арттыруға күш салып егу жоспарда бар, – дейді Орынбасар Өтепұлы.

Белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы Серікбай Өмірзақов та бұл сорттың жан-жақты тиімді екенін айтады.

– Кез келген дақылға өз алдына күтім керек. Сол тәрізді «Сыр сұлуына» өзіне қажетті күтімін жасап, баптар болсақ, рекордтық өнім алуға әбден болады, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Ғалымдардың айтуынша, күріш көлемін тым қатты азайтып жіберу жердің тұздылығын арттырып алуға әкеледі. Ал тұзданған жер түкке жарамсыз болып қалатыны анық.

– Біз қазір күріш дақылын 50 пайыздық деңгейде ауыспалы егіс тәртібімен ұстап тұруымыз керек. Жердің тұзын күріш егу арқылы ғана шая аламыз. Тұздылық туралы айтып кеттік қой, мысалы, қашыртқы суды қайта кәдеге асырып, су үнемдеген жағдайдың өзі қауіп. Өйткені онсыз да жердің тұзын шайған суды қайта апарып атызға құйсақ, қанша еңбек зая кетеді. Сондықтан оны арнаның суымен араластыру тәрізді нұсқаларын қолға алған жөн. «Сыр сұлуымен» бірге «Ақмаржанды» да қолға алу керек. Жергілікті жерге тән сортымыз жоғалу алдында тұр, – дейді Жанұзақ Байманов.

Бүгінде ғалымдар күріш егу бағытындағы көптеген ұсынысын ортаға салып келеді. Мәселен, суды автоматтандыру әдісі шаруаға қолайлы болар еді…

– Қазір сушылар күріш алқабының суын тарту, ашу жұмыстарында әбігерге түседі. Атыздардың көлемі 2-2,5 гектар. Өзгелер тамшылатып суару тәрізді әдістерді айтып жүр. Әрине, шет мемлекеттерде мұндай әдіс бар. Бірақ біздегі атыздың көлемі мен олардың елді мекендерден шалғай орналасуы су мен электр қуатын апаруға қиындық әкеледі. Оның есесіне, суды автоматтандыру әдісі арқылы кәрізге арналған құбырлармен қарапайым түрде ашып-жабу әдісі бар. Біз оны да ұсынып жүрміз. Күріш егуді шаруаға қиындатпай, осындай оңтайлы әдістерін жасау көп мәселені шешеді, – дейді Ж.Байманов.

Биыл диқандар күрішке қажетті карбамид тыңайтқышының табылмағанын, болғанның өзінде қымбатқа түсетінін айтты. Ал оның орнына жергілікті биогумус өнімдерін пайдаланыпты. Нәтижесінде күріш өнімділігі артады деп күтілуде.

Ауылшаруашылық құрылымдарының өкілдері бас қосқан жиында қытайлық компанияның шағын комбайны таныстырылды. Құны 22 миллион теңге тұратын техника атыздың ортасына барған соң қақалды да қалды. Жарнамасы жер жарған осындай шетелдік техникалардың дәстүрлі егін жинауға дәрменсіз екенін алға тартқан шаруалар өзара мұның тиімсіздігін айтты.

– Бұрын-соңды елде мұндай техника болған. Өсіп тұрған күріштің дәнін ыдысына алып қалып, сабағын сол күйінде турап жіберетін. Бірақ күріш сабағымен қоса орылып, оны кепкен соң комбайнмен жеп, қамбаға құрғақ күйінде апарғанға жетпейді. Ал мынадай жағдайдан соң ала жаздайғы еңбегіңіз көгеріп, қызып, өртеніп жатпасына кім кепіл?! Оның үстіне, өнімділігі тым аз. Бір науқанда 196 гектар деген аз ғой. Біздің комбайндар 5 мың гектарлап жұмыс істейді. Ал шағын шаруаға жақсы дегеннің өзінде 22 миллион теңгеге алатын оның шамасы бар ма?! Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Саудагердің сөзіне сеніп, тегін келгендей ала берсе, шаруаның несі қалады, – деген сынды пікірлер айтылды.

Сыр өңірінде күріш тақырыбында айтылар әңгіме көп. Бастысы, балапанды күзде санайтын қазақ «Сыр сұлуының» да, «Ақмаржанның» да өнімділігі мен тиімділігін қамбаға түскен соң тағы да талқыға салмақ.

Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген

Нұрболат Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: