Сейсенбі, 17 маусым, 05:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№43 – 2156
14.06.2025
PDF мұрағаты

«Келешектің мектебі»  қандай болады?

27.05.2025

164 0

Елімізде жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасалуда. Уақыт талабына сай жаңа технологиямен қамтылған жаңа білім ордалары «Жайлы мектеп» жобасы аясында жүзеге асты. Екі жыл ішінде ұлттық жоба аясында 460 мың орынға арналған 217 мектеп салу жоспарланса, бүгінде республика көлемінде 105 мектептің құрылысы аяқталып, қалған 112 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Бұл мектептердің жартысына жуығы ауылдық жерлерде салынып жатқанын ескерсек, алдағы уақытта қала мен ауылда сапалы білім алуда еш кедергі болмайтынын атап өткен жөн. Ұлт болашағының сапалы білім алуына жағдай жасаған ұлттық жоба енді «Келешек мектептері» деген атаумен жалғасын таппақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылы аяқталар тұста орталық коммуникациялар орталығында берген брифингте айтты. Сонымен, «Келешек мектептері» қандай болады?

– Бұл жоба – елімізде орта білім сапасын арттыруға және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл – жай ғана мектеп ғимараттары емес, ұлт болашағы өсіп шығатын киелі білім ордалары. Сондықтан ұлттық жоба аясында қалыптасатын білім ұйымдарын «Келешек мектептері» деп атауды ұсынып отырмыз», – деді министр.

Бұл мектептердің артықшылығын айта кеткен жөн. Білім ордасының көлемі типтік жобаларға қарағанда, 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы 4 есеге артық. Барлық мектеп заманауи жиһазбен және құрал-жаб­дықтармен толықтай қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жоба­сының негізгі мақсаты – жаңа техно­логиялар мен әдістерді тиімді қолдана алатын білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету. Жаңа форматтағы мектептерде педагогтердің кәсіби шеберлігін үздіксіз арттыруға басымдық берілмек.

«Келешектің мектебі»  қандай болады?

– Осы мақсатта мұғалімдерге арналған жаңа педагогикалық тәсілдер, заманауи әдіс­темелер мен цифрлық құралдарды меңгеруге бағытталған бағдарлама әзірленді. Бүгінгі күні 3000-нан астам мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Алдағы уақытта басым бағыттар бойынша барлық педагогтер оқытумен қамтылады, бұл елімізде кәсіби құзы­реттіліктерді дамытудың бірыңғай стандар­тын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді министр Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған білім ұясында оқыту жүйесінің басым бағыттарына кеңінен тоқталды.

– Бұл мектептердегі тәрбие процесі тек білім­ді ғана емес, сонымен қатар «Адал Азамат» деп атайтын жоғары моральдық қасиеттерге ие және қоғамның дамуына үлес қосуға дайын жауапты, адал, бастамашыл азаматты қалыптастыруға бағытталған. Балалар ерте жастан бастап еңбекті құрметтеу, әлеуметтік әділдік, адалдық және жауапкершілік қағидаларын үйренеді. Осы тұлғалық жеке қасиеттерді біз Қазақстанның табысты дамуы­ның негізі деп санаймыз. Сонымен қатар жоба аясында біз ұлттық мәдениет пен күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде экологиялық тәрбиені қалыптастырамыз. Бұл «Таза Қазақстан» республикалық акциясы идеяларының қисынды жалғасы: экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру біздің балалармен жұмысымыздың маңызды бағытына айналуда, – деді Ғани Бейсембаев.

«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептерде оқушыларға кәсіби бағдар беруді басты назарға алған. Яғни мектеп оқушылары болашақ мамандығына қарай бейімделмек.

– Бастауыш сыныптардан бастап түрлі мамандық иелерімен кездесу, жобалық апталар ұйымдастырылады. 7-сыныпта оқушы­лар үшін тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгі­зіледі. Бұл үдерісті тиімді үй­лес­тіру және басқару мақсатында «Мансап ком­пасы» ар­найы цифрлық платформасы әзір­ленуде. Ол оқушыларға болашақ кәсіби бағытын және әрі қарайғы білім алу жолын саналы түрде таңдауға көмектеседі, – деді министр.

Оқушыларды еңбекке баулу және олардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында мектептерде әмбебап шеберханалар мен студиялар, сондай-ақ ерте кәсіби білім беруге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Атап айтқанда, тігін, аспаз­дық, ІТ, ағаш шеберханасы және басқа да бағыттар бойынша оқу бөлмелері қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: