Жексенбі, 24 қараша, 15:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Келіндер сыны

02.07.2024

416 0

(интермедия)

Әріптесіміз, белгілі қаламгер Нұрлан Көбегенұлы журналистер күні қарсаңында «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен және Қазақстан Журналистер одағының «Алтын медалімен» марапатталды. Көпшілікті тәнті етер талай туындының авторы Нұрлан Көбегенұлының «Алдаркөсенің ұрпағымын» деп әзіл әлемінде де өзінің сүрлеуін салғанын былайғы жұрт жақсы біледі. Ендеше, «Әріптес әлеміндегі» жүкті бүгін сатира сардарының интермедиясы көтермек…

Сахнаға жүргізуші күлімсіреп шығып, көрерменге хабарлама айтады.

– Құрметті көрермендер, қадірлі жерлестер! Біз бүгін Сыр елінің келін­дерін сынға алғалы отырмыз. Басқаша түсініп қалмаңыздар, бүгін сіздердің алдарыңызда келіндер сынын өткіземіз. Олар жай келіндер емес, бүгінгі сайы­сымызға облысымыздың төрт бұры­шынан менмін деген келіндерді шақыр­дық. Сайысқа өздеріңіз баға бересіздер, құрметті көрермен! Ендеше, таныс болыңыздар! Бірінші Аралдан арып-ашып келіп отырған Ақсазан келінге құрмет көрсетіп қойыңыздар! Келіңіз, төрлетіңіз.

Аралдың келіні халыққа иіліп сәлем салады.

Екінші келін Байқоңырдан құйын­датып келіп жеткен Желдібике жеңгемізді қарсы алыңыздар. Келіңіз, сахна төрінен орын алыңыз.

Байқоңырдан келген келін бір ысқы­рып жіберіп, сәлемін салады.

Үшінші келін Жалағаштан жаяу жет­кен желаяқ жеңгеміз Жетіскен ханымға қошеметтеріңізді аямаңыздар. Кәнекей, жеңеше келіңіз, жақсы жеттіңіз бе?

Жалағаштың келіні сәлемін салып, қатарға тұрады.

Төртінші келін Жаңақорғаннан хун­даймен құйғытып келіп отырған Торлама жеңгемізді қарсы алайық. Кәнекей, келіңіз.

Жаңақорғанның келіні де сызылып сәлемін салады.

– Құрметті бүгінгі сайысқа қатысушы Сыр елінің келіндері! Сайыс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – таныстыру. Өз-өздеріңізді көрерменге таныстырасыздар. Ендеше, бірінші нөмірлі сайыскер Арал­дың аппақ келіні Ақсазанды ортаға шақырамыз. Ал, бастаңыз.

– Сәлем бердік. Амансыздар ма? Үй-іші, көрші-көлем аман ба? Менің атым – Ақсазан. Балықшының қызымын. Анам да, ағам да, күйеуім де, атам да, туыс­қаным да, көршім де, құрбым да, қасқа, бәріміз – балықшымыз. Кәсібіміз балық аулау. Енем екеу­міз балықтың қа­быршағын таң ат­қаннан кешке дейін шаққа аршып біті­реміз. Түскі та­маққа қарма жасай­мын, кеш­кі тамаққа балық қуырамын. Қонақ келсе, балық асып беремін. Шай­дың орнына балықтың сорпасын ішеміз. Биыл су болмай, балық та өлімсіреп шықты ғой. Қазір көлдің орнында қалып қойған балықтарды теріп алып жеп жүрміз. Несібеміз ғой енді. Өлә, ұмытып бара жатыр екенмін ғой, сыйлыққа ысталған балық әкелдім. Мінекей, алыңыз. Өткен жылдан қалған.

– Ой, рақмет, ақ келін. Қошемет көрсетіп қойыңыздар. Аралдан келген Ақсазан келін! Балығыңызбен бас жару­ға болады екен. Енді екінші нөмірлі Желдібике келінді қарсы алыңыздар. Ал, жеңеше, өзіңізді таныстырыңыз.

– Мен Байқоңырдан келдім. Есімімді Желдібике деп әжем қойған. Ауылда отыз күннің 29 күнінде жел тұрып, бір тынық күнінде дүниеге келіппін. Әкем қуанып, «Тынықгүл қоямын» деген екен, әжем «ырымға қайшы болады» деп, Желдібике қойыпты. Содан бері осы, жел болмаса басым ауырады. Әдетім ысқырып жүремін. Байқоңырдан ұшатын зымырандарды жақсы көремін. Олар ұшпаса, жел болмайды ғой. Қазір бес балам бар, бірінен соң бірін ысқырып жүріп тудым. Байқоңырдың келіндері, қайдасыңдар? Желдібике көрерменге қарап, барынша ысқырады.

 Баққаныңыз бес бала, ысқырығыңыз жер жарады екен. Рақмет, Желдібике келін. Қошемет, ағайын! Үшінші нөмірлі келін де асығып тұр екен. Жалағаштан келген Жетіскен келінге құрмет көрсет­сеңіздер. Ортаға келіңіз. Жетіскен жеңеше, өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

– Мен бұл жерге жетіскеннен келген жоқпын. Ауылда шаруа көп. Егінге шығу керек. Биыл суды аз береміз деп айтқан екен, соған дауласып жатырмыз. «Сайыс болады» деген соң «ауылдың намысын қорғайын» деп күріштіктен жүгіріп жеткен бойым осы. Ауылда күрішті де егеміз, малды да бағамыз, байға да қараймыз, баланы да туамыз. Енемізге солай ант бергенбіз. Қысқаша осы.

– Бәрекелді, керемет таныстыру болды. Қошемет көрсетіп қойыңыздар. Төртінші нөмірлі келінге де кезек келді. Торлама келінді ортаға шақырайық. Ал, жеңеше, өзіңізді таныстырыңыз. Есіміңізді ерекшелеп неге Торлама қойған?

– Рақмет, қайным. Көп жаса, бақуатты бол. Алла сыйласын. Үбірлі-шүбірлі бол. Жағың түспей, жамандық көрме.

– Әумин, жеңеше, әумин. Өзіңізді таныстырсаңызшы. Үш келіннен қалып қоймаңыз.

– Бопты, таныстырайын. Олай мені қорлама, есімім – Торлама. Әкем диқан. Мен егіздің сыңарымын. Біз дүниеге келген жылы торлама қауын көп шығып, отбасымызды тоқшылыққа кенелтіпті. Содан кейін ағама Тоқшылық, маған Торлама деп ат қойған. Шүкір, қазір бір үйді дөңгелетіп жүрмін. Енемнің қолын жылы суға, атамның аяғын ыстық суға салып отырмын. Аллаға мың да шүкір. «Күйеу бала атасының топырағынан жаратылған» демекші, жолдасым әкемнің аузынан түсіп қал­ғандай, моп-момақан. Машаллаһ.

– Керемет таныстыру. Жарайсыз, Торлама жеңеше. Қошемет көрсетіп қойыңыздар. Енді сайыстың екінші кезеңі басталады. Ол – сұраққа жауап беру. Менің қолымда сұрақтар бар. Бәрі келіндік міндетке қатысты. Сұрақтарды ретімен алып, жауап беретін боласыздар. Ақсазан келін, сіз бірінші келесіз. Сұрақ алыңыз.

Ақсазан келіп, бір сұрақты алып, оқиды.

– Таңертеңнен кешке дейін келіннің атқаратын жұмыстарын атап шық.

– Таңертең келін күйеуін ұйқыдан оятып, шайын беріп, балыққа шығарып салады. Сосын ата-енесіне 3 самауыр шай қайнатып беріп, бір сағаттан кейін малын жайғап, одан үйге келіп, балаларының сабағын оқытып, арасында түскі асқа балық асып, түсте күйеуінің әкелген сазандарын аршып, тұздап, кешке қуыруға дайындап қояды. Түскі балықты жеп алған ата-енесі шөлдеп, тілі салақтап, шай деп, айқайлаған кезде 4 cамауыр шай беріп, шөлін қандырып, кешке малға шығады. Арасында балығын қуырып, тағы да жатарға 5 самауыр шай дайындайды. Кешкі он екіде күйеуінің әңгімесін тыңдап жатып, ұйқыға кетеді.

– Не деген ерлік бұл! Жарайсыз, Ақсазан жеңеше! Қошеметтеп қойыңыз­дар. Енді екінші келін келсін. Ал, Желдібике жеңеше, сұрақ алыңыз да, оқи қойыңыз.

– Қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайын іні, қайын апа, қайынсіңліні қалай атайсыз?

– Біздің ауылда бетіне қарап тұрып айта береді. Қайын атамды «Космос ата» деймін. Зуылдап, ұшады да жүреді, кейде қайда кетіп қалғанын білмей, таппай қаласың. Қайын енемді «Үндемес апа» деймін. Құпияны ішіне сақтайды, білсе де, үндемей отыра береді, секретін ашпайтын орыстар секілді, ұқсамаса тумағыр. Қайын ағамды «Протон қайнаға» деймін. Бір ішсе болды, тез құлайды. Қайнымды «Төре бала» деймін. Төретамнан шықпайды. Қайын апамды «Мұңсыз тәте» деймін, төбесіне у төгі­ліп жатса да, аузын ашпайды. Қайын­сіңілімді «Айлағым» деймін еркелетіп. Басқа жаққа кетпей, ғарыш айлағына тұрмысқа шықты.

– Керемет жауап! Жарайсыз. Мына қошеметтің бәрі сіз үшін, Желдібике жеңеше. Үшінші келіннің де кезегі келді. Жетіскен жеңеше, ортаға келіңіз. Сұрақты алыңыз да, айтып жіберіңіз.

– Келінге салатын қандай тыйымдар бар?

– Тыныш отыра берсең, тыйым көп. Сондықтан тірі болу керек. Дегенмен келіннің аты келін, тәртіпке бағынасың. Ауылда «шалбар киме», «кешке жалғыз өзің қыдырма», «тойға күйеусіз барма» деген тыйымдар бар. Жүз жерден тілің қышып бара жатсаң да, әкімің жөн сөйлемесе де, тыныш отыр. Өсек айтқың келіп, ішің жарылып бара жатса да, тіліңді тістеп қал. Кейде үйден шығып бара жатқанда, біреу жөтелсе, шошып кетесің. Әбден тыйым көріп қалған қазақтың келіндеріміз ғой.

– Қазақтың келіндері жасасын! Жарайсыз, Жетіскен жеңеше. Төртінші келінді ортаға шақырайық. Торлама келін, мына сұрақтың бірін алыңыз да, жауабыңызды айтып жіберсеңіз.

– «Келін туралы мақал-мәтелдер айт» депті. Қайсыбірін айтайын.

– Бес мақал-мәтел айтсаңыз жеткілікті.

– Жарайды. Келін қыз болмас, кемпір жаз болмас. Сиыры бар келінді өрістен көр, соткасы бар келінді желіден көр. Құда бай болсын, келін соған сай болсын. Келін күйеубаланың қалтасынан жаратылған. Инстада подписчигі көп келіннен сақтан.

– Не деген мақалдар! Жарайсыз, Торлама жеңеше! Қошемет, ағайын! Енді шешуші сәт! Үшінші кезеңге де аяқ бастық. Бұл кезеңнің шарты бойынша әрқайсыңыз өз өнерлеріңізді көрсетесіздер. Бірінші бастайтын Арал­дан келген Ақсазанға қошемет көрсетіп қояйық.

Ақсазан ортаға шығып, қазақша би билеп береді.

– Керемет биледіңіз. Беліңіз мың бір рет бұрылғанда, басымыз айналып кете жаздады. Жарайсыз. Келесі кезек Желдібикеде. Келіңіз. Қандай өнеріңіз бар?

– Мен секіріп билейтін ән орын­дай­мын. Көйлегіме сәйкес «Жылтыр көйлек» әнін орындаймын.

– Жақсы, мархабат!

Желдібике «Жылтыр көйлек» әнін орындап береді.

– Ән салғанда сізді танымай қалдық ғой. Үйде ән шырқап жүрсіз бе?

– Зымыран ұшқан сайын әу дейміз ғой шетімізден. Бірақ кім тыңдайды дейсің әнімізді?

– Бәрекелді. Енді келесі кезек Жетіскен жеңешемізде. Ортаға келіңіз. Сіздің өнеріңізді тамашалайық.

– Мен қыз кезімде хорда ән айтатын едім. Кейін бәрі қалды ғой. Қазір хормен күріш егеміз. Мен де бір билеп берейін.

Жетіскен заманауи би билеп, жұртты күлкіге қарық қылады.

– Мәссаған! Биді өлтірдіңіз ғой. Кімнен үйреніп жүрсіз?

– Студент қайынсіңлімнен. Қаладан келген сайын жасырынып билеп аламыз. Әйтпесе ауылда биге де тыйым бар.

– Жақсы, рақмет. Бүгінгі сайысты қоры­тындылайтын төртінші сайыскеріміз Торламаны ортаға шақырамыз. Сіздің өнеріңізді тамашалайық.

– Мен де ән шырқап берейін. Әнім енелерге арналады.

Торлама «Ене» деген өлеңді орындайды.

– Керемет орындайды екенсіз. Ене­лердің көңілін бір көтеріп тастадыңыз. Рақмет. Бүгінгі қатысушыларға қошемет­теріңізді аямаңыздар.

Ал, құрметті көрермендер, жүлдегерді анықтайтын уақыт та келіп жетті. Мен әр келінді атағанда сіздер қол шапалақтап, дем бересіздер. Кімнің қошеметі көп әрі ұзақ болады, сол бүгінгі сайысымыздың жеңімпазы атанады. Ал, кеттік.

Жүргізуші әр келінді ортаға шақы­рып, көрерменнің қошеметіне сәйкес, жеңімпазды анықтайды.

– Сонымен, көрермендер, сайыстың жеңімпазын жариялайтын уақыт та келіп жетті. Өздеріңіздің қошеметтеріңе орай «Сыр келіні-2024» сайысының жеңімпазы анықталды. Құтты болсын, ағайын!

Жеңімпаз болған келінді өзге келіндер құттықтап, құшақтап, сахнадан шығып кетеді. Ал жүргізуші көрерменмен қош­тасады.

– Құрметті көрермендер, келесі жылы «Сыр әжесі» сайысын жоспар­лап отырмыз. Соған осы кезден дайындалыңыздар. Әзірге қош, сау болыңыздар!

Нұрлан КӨБЕГЕНҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: