Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз. Біз өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген, өз тағдырын өзі шеше алатынына көптің көзін жеткізген, болашаққа нық қадам басқан біртұтас ұлтпыз», – деген болатын.
Еліміздегі тұрақтылықты нығайту үшін Ассамблея мүшелері табанды еңбек етіп келеді. Қоғамдағы татулықты сақтау, халықтың береке-бірлігін нығайту – алда тұрған айқын мақсаттардың бірі. Ал осы мақсатты жүзеге асыру барысында әр облыстағы ұлттық-мәдени орталықтар Достық үйі атты бір шаңырақ астына бірігіп, өнімді жұмыс атқарып келеді. Олар ұлтаралық келісім мен татулықты нығайтып, Қазақстан Халқы Ассамблеясының стратегиясын жүзеге асыруда.
– Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру бағытында Достық үйінің алар орны ерекше. Бүгінде бұл ғимарат татулық пен бірліктің, достық пен жасампаздықтың ордасына айналып отыр. Достық үйі – әр елдің мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртып, елдегі саяси өміріне араласуына белсене қызмет атқаруда. Бүгінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында 11 этномәдени бірлестік пен 9 қоғамдық құрылым белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Этномәдени бірлестіктердің мәдени күндері мен атаулы мерекелері дәл осы орталықта кең көлемде аталып өтеді. Достық үйінде би залы, «Ассамблея жастары» ұйымы және тіл үйрету кабинеті тұрақты қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар бұл ғимаратта ақсақалдар мен аналар кеңесі, ассамблея жастары, журналистер клубы, ғылыми-сараптамалық топ, медиаторлар кеңесі, «Жомарт жан» орталығы және ақпараттық түсіндіру тобы жұмыс істейді. Бұл құрылымдар бүгінде этносаралық татулықты нығайтуға, өзара түсіністік пен тиімді диалог орнатуға зор үлес қосып отыр, – дейді Қоғамдық келісім КММ директоры Бақытжан Камалов.
Көп ұлтты елімізде Достық үйлеріне жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр, атқарар ауқымды жұмыс та жеткілікті. Бірліктің ордасына айналған ғимарат алдағы уақытта да бұл мақсатты абыроймен орындайтыны сөзсіз. Себебі облыс орталығында жаңадан «Достық үйі» салынуда. Бұл бірлік пен ынтымақты нығайтуға атсалысқан этномәдени бірлестіктерге арналған барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген заманауи ғимарат болады.
– Ассамблеяның мерейлі жылы аясында Қызылорда қаласында тағы бір жағымды жаңалық – жаңа «Достық үйінің» бой көтеруі. Бұл заманауи талаптарға сай салынатын, барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін бірегей нысан болмақ. «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының демеушілігімен жүзеге асуда. Жаңа Достық үйі – еліміздегі татулық пен келісімді нығайтатын маңызды рухани орталықтардың бірі боларына сенім мол, – дейді Бақытжан Камалов.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!