Сенбі, 28 наурыз, 01:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№22 (2234)
28.03.2026
PDF мұрағаты

Кенеден сақтаныңыз!

28.03.2026

36 0

Кене – көптеген жұқпалы ауру қоздырғыш­тарының тасымалдаушысы. Олар жануар­лардың қанымен қоректеніп, табиғи ошақтардан елді мекендерге кене энцефалиті, Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ), бактериялық инфекциялар (туляремия), риккетсиоздар және т.б. белгілі вирустық ауруларды тасымалдайды. Вирус кенелер ағзасында, олардың барлық даму сатысында (жұмыртқадан имагоға дейын) сақталады. Ауру – кене шаққанда немесе қырқым кезінде езілген кенелердің қаны шашырау арқылы не болмаса ауру адамдардың қанымен байланыста болғанда жұғады.

Кене ауыл шаруашылығы малдарының салмағы мен өнімділігін төмендетеді және тіпті жас төлдердің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Кене мал шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіреді. Мысалы: анаплазмоз, бабезиоз, пироплазмоз және ірі қараны, жылқыны гемоспоридиоз ауруларына шалдырықтырады.

Биыл иксод кенелері санының артуы болжам жасалуда. Бұған қыс мезгілінің жылы әрі ылғалды болуы, сондай-ақ мал жайылымдарының кеңеюі әсер етуде. Мұндай қолайлы табиғи жағдайлар кенелердің көбеюіне оң ықпалын тигізеді. Қыстап шыққан ересек кенелердің (имаго) көктемде ауа температурасы +9-10°С-қа жеткенде белсенділігі артып, адамдарға, жануарларға шабуыл жасайды.

Кенеден қорғану шаралары:

–  Жабысқан кене көрініп тұратын ашық түсті киімдерді киген дұрыс;

– Мойынды жауып ұстау, бас киім киіп жүру;

– Кене жабыспау үшін, оларға қарсы аэро­зольдар мен иісі бар жақпа майлар пайдалану;

– Кенелер қалың шөптердің арасында жасы­рынатындықтан көк шөпте отырмау қажет, себебі өсімдіктегі кененің үстіңізге жабысу қаупі бар;

– Өсімдік қалың өскен елді мекенге келген соң, киімдерді, денені мұқият қарап шығып, үйге кірерде сыртқы киімдерді далаға жайып алу;

– Денеге кене жабысқан жағдайда резеңке қолғап киіп, кенені тұмсығы қалып қоймау үшін тербелтіп, сәл бұрап, жай тартып шығару қажет, орнын екі саусақпен қысып, қанын сығып шығарып, орнына йод жағу қажет.

Кенені жою үшін кенеге қарсы өңдеу жұмыстары басталар алдында және барысында келесі шараларды орындау қажет:

Қора жайлар мен аумақтарды көң мен қоқыстан механикалық тазалау;

• Едендегі, қабырғадағы саңылауларды, жарықтарды, тышқан індерін мазут, автол, креолин немесе осы заттарды сіңірген балшықпен бітеп-жөндеу;

• Кенеге қарсы өңдеу кезінде қора жайлардың ішкі және сыртқы қабырғалары, едендері, қоршаулары, қақпалары, сондай-ақ оларға іргелес аумақтар толықтай қамтылуы тиіс.

Кенелермен күресетін қауіпсіз әдістер және тазалық жұмыстарын ұйымдастыру:

• Күз-қыс және ерте көктем мезгілінде құрғақ шөптерді отау және өртеу арқылы кенелердің дамуының имагоға дейінгі сатыларын жою.

• Мамыр-шілде айларында, яғни иксод кенелерінің жұмыртқа салу кезеңінде, мал қоралары мен олардың айналасындағы 10-15 метр аумақта аптасына кемінде бір рет тазалау жұмыстарын ұйымдастыру қажет;

• Қанға тойған аналық кенелер көлемі 8-12 есе үлкейіп, қозғала алмайтындықтан, олар көбіне жануардан түскен орындарда қалып, жұмыртқа салу үшін қорадағы астаулардың, жем-шөп науаларының астындағы  оңаша, көзге түсе бермейтін жерлерге тасаланады. Осыған орай бұл жабдықтардың астын орнынан жылжытып, міндетті түрде тазалау қажет;

• Жиналған қоқыс, толықтай өртелуі тиіс.

ЕСКЕРТУ

Көктем-жаз мезгілінде кененің көбею қаупі жоғары болғандықтан, алдын алу және тазалық шараларын уақытылы әрі тұрақты жүргізу адам мен жануарлардың денсаулығын сақтаудың басты кепілі болып табылады.

Жыл бойы жүргізілген бақылаулар нәтижесі көрсеткендей, далалық биотоптарда және мал үстіндегі кенелердің саны көктем-жаз айларында (наурыз-шілде) күрт көбейеді. Осы кезеңде адам денсаулығына қауіп төну ықтималдығы артады. Сондықтан аталған мезгілде жеке қауіпсіздік шарасын қатаң сақтау аса маңызды.

М.КАЛМАКОВА,

 «Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы»

РММ-нің зоологы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: