Сөзін Асылзат Арыстанбек жазған «Автопортрет» әнінде «Бұл өмірді жалған дейміз ғой, жалған өмір сүргім келмейді» деген жолдар бар. Осы сөздердің өзі ойға қалдырады.
Әңгімені әріден бастамай, төтесінен түссек… Құрылыс жұмыстарымен айналысып қажетіңді алғың кеп ағаш базарға бара қалсаңыз, көп жайтқа көзің жетеді.
– Маған ондық ағаш керек еді, – дейсің қолыңа метрлікті ұстап алып.
– Аға, сізге таза ондық керек пе? – деп демде-ақ қарсы сұрақты қабыл алуға дайын болыңыз.
Өйткені мәселенің мәні де сонда. Жалпақтығы он сантиметрлік ағаштың орнына сегіз сантиметр, ал он екіліктің орнына сәйкесінше ондық барады. Осылай арада екі сантиметр желінеді. Мұны өздеріне айтсаңыз «Бағасы қымбат болып кетеді», «Арамен кескенде ортасынан желінеді» деген тәрізді уәждерді айтады. Ал бірақ оған алушының кінәсі қандай?! Онсыз да шет аймақтардағы электр энергиясының өзіңіз жаққанға қоса ортада кеткен шығынды да халықтың қалтасын тесетін дағдысынан әрең айырып едік. Естеріңізде болар, осыдан он жылдай бұрын осындай мәселе бар еді. Сіздің есептегіш құралыңызға дейінгі жолдағы шығынды халыққа теңдей бөліп жіберетін.
Бірді айтып екіге кетеміз. Ауылдағы егістік алқаптағы жоңышқаға жыл сайын мамыр айында құрт түседі. Орайын десеңіз, оруға жарамайды. Сол күйі қалдырсаңыз, құртқа жем боласыз. Ал құрт кейін эволюциялық жолмен қанаты бар қоңызға айналады. Сол аралықта улап, дәрі шашпасаңыз, ұшатын қоңыз сол жерді мәңгілік мекен етеді. Амалсыз дәрі сататын орталықтармен хабарласасыз.
– Аға, бұл әсері жақсы дәрі. Бір гектар жеріңізге жарты литріңіздің өзі сеп.
Осылай келісіп, әдепкіде кітаппен жүресіз. Мамандар бекіткен мөлшермен себесіз. Бірақ құртыңыз ойран салып шапқылап жүреді. Келесіде екі есе қосасыз, әрі қарай екі жарым есеге барады. Осылайша бекітілген мөлшер әсерсіз қалады. Бәлкім, арнайы зертханаға барса, әлгі дәрінің көп бөлігі қара су болып шығар ма екен, кім білсін?!
Ауылдың ортақ чатына хат келді. «Егер қораларыңызды улайтын болсаңыздар, мына нөмірге хабарласыңыздар» деген мәтінде. Ал бұрын өздері аралап жүріп, малыңыз қорада тұрса, шығарғанда себесіз деп 10-20 литр у қалдырып кететін. Онда да өзіңіз шашсаңыз, бетіңізді тұмшалаңыз, қолыңызға қолғап киіңіз деп ескертетін. Кене тәрізді жәндіктерден мәселе болмайтын.
Иә, қазір де улайтын шығар, көктен дәрі сепкен шығар… Бірақ соның көлемін кім біліп жатыр? Бәлкім олай да емес шығар… Кім кімді алдап жүр деген сауалдың жауабын әркім өзінен сұрағаны жөн тәрізді…
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!