Ғасырлар бойы адам баласы білімді кітап арқылы жинақтап, кейінгі ұрпаққа кітапты мұра етіп қалдырып келеді. Қағазға түскен ой, даналық пен тәжірибе ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, адамзаттың интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырды. Алайда бүгінде кітап оқудан алыстап бара жатқан жоқпыз ба?
Адамдар бұрынғыдай кітапты ашып, әр парағын асықпай оқудан гөрі, санаулы секундта жүздеген ақпаратты әлеуметтік желілерден ала салады. «TikTok», «Instagram», «YouTube» барлығы да жылдам әрі жеңіл қабылданатын контент ұсынады. Ал кітап оқу – сабыр мен ой еңбегін талап етеді. Жаңа технологиялар өмірімізге дендеп енгелі кітап біртіндеп ығыса бастады.
Кітап оқуды тек ермек немесе хобби ретінде емес, мәдениетіміздің, ой-санамыздың, ұлттың интеллектуалдық деңгейінің көрсеткіші ретінде қарауымыз керек. Ал егер қоғам кітап оқудан бас тартса, оның салдары қандай болмақ? Осы сұрақ төңірегінде ойланар болсақ, мәселенің салмағы айқындала түседі.
Халықаралық CEOWORLD бизнес-журналы жүргізген сауалнама Қазақстандағы кітап оқу көрсеткішінің көңіл көншітпейтін деңгейде екенін көрсетті. 2024 жылғы рейтингте Қазақстан 102 елдің ішінен 95-орынды иеленіп, ең аз оқитын мемлекеттердің санатына енді. Қазақстандықтар жылына жан басына небәрі 2,77 кітап оқитыны анықталды, яғни орта есеппен жыл бойы үш кітапқа да жетпейді. Тіпті көршілес Орталық Азия елдерінің өзінен кейін қалып қойдық. Тәжікстанда жылына бір адам 4,01 кітап, Қырғызстанда 3,96, Түрікменстанда 3,18 кітап оқиды.
«Ranking.kz» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, кітап оқуға жұмсалатын уақыт тұрғысынан да айырмашылық үлкен. Мәселен, Қазақстанда бір адам жылына небәрі 65 сағат, яғни аптаға шаққанда шамамен 1-ақ сағат уақытын кітап оқуға арнайды. Бұл Қазақстанда кітап оқу деңгейінің әлемдік орташа деңгейден айтарлықтай төмен екенін аңғартады. Дүниежүзінде халықтың 77%-ы кітап, ал 9%-ы электронды кітап оқып аудиокітап тыңдағанды жөн көреді. Яғни, ғаламдық тұрғыда көпшілік үшін дәстүрлі кітап оқу әлі де маңызды, алайда Қазақстанда халықтың басым бөлігі жылына бір кітапты да қолға алмайтыны байқалады.
Уақыт тапшы ма, ынта жоқ па?
Қазақстандықтардың кітапты аз оқуының себебі неде? Сарапшылар бұл құбылысты бірнеше негізгі себеппен түсіндіреді. Біріншіден, халықтың кітап оқуға ынтасы төмен. Қоғамдық саясат институты жүргізген зерттеуіне сүйенсек, қазақстандықтардың тек шамамен төрттен бірі (26,5%) ғана соңғы бір жылда бір кітап болса да оқығанын айтқан, қалған 75%-ы мүлде кітап оқымағанын мойындаған. Сауалнама нәтижелері кітап оқымаудың басты себебі уақыттың жетіспеуі (52%) және қызығушылықтың жоқтығы (21%) екенін көрсеткен. Яғни, тұрғындардың жартысынан астамы кітап оқуға уақыт таппайтынын, әр бесінші адам кітап оқу ұнамайтынын алға тартады.
Негізі, жастар арасында кітап оқу мәдениеті қалыптаспаған. Зерттеулер аға буынның кітапқа ынтасы жоғары екенін байқатты. Мысалы, 61 жастан асқандар жылына орта есеппен 6,2 кітап оқыса, жастар арасында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Әйелдер ерлерге қарағанда сәл көп, қала тұрғындары ауылға қарағанда көбірек оқығанымен, бұл айырмашылық аса үлкен емес. Ең басты айырмашылық жастар арасында. Мамандардың айтуынша, қазіргі жастар үшін кітап оқу сүйікті іс болудан қалды. Балалар мен жастар аз оқитыны былай тұрсын, оқыған мәтінді толық түсіну, талдау қабілеті де төмендеп барады. Яғни, кітап оқуға қызықпау мәселе ғана емес, келешек ұрпақтың ой-өрісі мен білім деңгейіне ықпал ететін алаңдатарлық жағдай.
Әлеуметтік желілер мен интернеттің әсерінің басым болуы кітап оқуға уақыт қалдырмауда. ХХІ ғасырда көп адам бос уақытын кітаптан гөрі смартфон мен компьютер экраны алдында өткізеді. «Worldpopulationreview.com» сайтындағы статистика бойынша, әлемде әрбір адам күніне 2,5 сағатқа жуық уақытын әлеуметтік желілерде отыруға жұмсайды. Қазақстанда да халықтың 71%-ы әлеуметтік желілерді пайдаланып, интернетке күнделікті бірнеше сағатын арнайды. Нәтижесінде, кітап оқуға ниетті адам күн сайын шамамен 1 сағат қана уақыт бөлсе, әлеуметтік желілер мен хабарламалар оған бірнеше есе көп уақытын «жеп қояды». Жастар үшін кітап бетін ашудан гөрі, телефон экранын жаңалық лентасына айналдыру немесе «TikTok-та» видео көру әдетке айналған. Мәселен, студент жастардың бірі Әлия кітап оқуды уақыт шығыны деп санайды.
– Мен үшін кітаптан гөрі «TikTok-та» қызықты видео түсіріп, әлеуметтік желіде танымал болған тиімдірек. Себебі қазір атақ-даңқ пен ақша әлеуметтік желі арқылы келеді, сондықтан уақытымды оқуға жұмсағым келмейді, – дейді ол.
Шынында да, оңай әрі жылдам көңіл көтеруді ұсынатын әлеуметтік медиа жастарды кітап оқудан алыстатты. Осы орайда, электронды құрылғылар мен цифрлық контент кітаптың орнын алмастырады ма деген сұрақ туындайды. Елімізде соңғы жылдары электронды кітаптар, аудиокітаптар қолданысқа енгенімен, олар дәстүрлі кітап оқудың баламасы бола алды ма? Дүниежүзілік деректерге сүйенсек, оқырмандардың өте аз бөлігі, небәрі 9%-ы кітапты толықтай сандық форматта оқуға көшкен екен, қалғаны кітаптан оқығанды қалайды немесе аралас форматты қолданады. Бір қарағанда, электронды кітаптар кітап оқуды жеңілдетіп, тиімді еткені рас. Алайда монитор мен экраннан ұзақ мәтін оқу тиімді емес екенін зерттеушілер жарыса айтуда. Расында, көп адам қағаз кітапты оқығанда мазмұнға тереңірек үңіліп, зейін қоятынын айтады. Сол себепті электронды формат дәстүрлі оқуды толық ығыстырып шығара алмауда, тіпті кейбір жастар көлемді кітаптарды оқудың орнына жасанды интеллект көмегімен қысқаша мазмұнын ғана шолып шығуға көше бастағаны байқалады. Мұндай үстірт оқудан терең түсінік пен сараптай алу дағдысы қалыптаспайды, ал бұл жас мамандардың біліктілігіне әсер етуі мүмкін.
Қазақстанда кітап өнімінің басым бөлігі шетелде шығарылады, мысалы, нарықтағы кітаптардың 90%-ы сырттан келеді, тек 10%-ы ғана отандық баспалардың үлесінде. 2021 жылғы дерек бойынша, Ресейден Қазақстанға 14,7 млн АҚШ долларына кітап импортталған. Кітаптардың бағасы да маңызды фактор. Дүкендерде кітаптың өзіндік құнына 60-100% үстеме қосылады, яғни сапалы кітап бағасы қалтаға салмақ. Оның үстіне, елде басылып шығатын аз ғана кітаптың 80%-ы оқу бағдарламасына арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдар. Көркем әдебиет пен ғылыми кітаптардың үлесі өте төмен. Демек, таңдау тапшы әрі қымбат болса, халықтың кітап оқуға құлшынысы арта қоймайды.
Кітап оқуды насихаттау бағытындағы іс-шаралардың әлсіздігі де себептің бірі. Оқу мәдениетін дамыту бастамалары жүйелі жүзеге аспай келеді деуге болады. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеу үшін мемлекеттік деңгейде және қоғамдық ұйымдар тарапынан белсенді жұмыс қажет.
Кітап оқу мәдениетінің қазіргі жай-күйін кітап нарығында тікелей жұмыс істейтін мамандар да растайды. Белгілі «KitapAL» кітап дүкені желісінің аймақтық басшысы Абдулла Жұматайұлы жастарды кітап оқуға ынталандыру мақсатында түрлі жобаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келе жатқанын айтады.
– Біздің 5 жылдық тәжірибемізге сүйенсек, кітап оқу немесе оқымау адамның жасына тікелей байланысты емес. «Қазіргі жастар кітап оқымайды, тек үлкендер оқиды» деп айту да дұрыс емес, дәл сол сияқты «жастар үлкендерге қарағанда көбірек оқиды» деу де нақты ақпарат емес. Қазіргі кезде жастар арасында кітап оқу біртіндеп трендке айналып келе жатқандай. Себебі сатылым динамикасына қарасақ, жыл сайын өсім бар және тұрақты оқырмандардың ішінде жастардың белсенділігі байқалады. Кітап оқудың төмендеуі тек жастарға қатысты мәселе емес. Негізгі себеп кітаптың орнын басатын арзан әрі оңай дүниелердің көбеюі яғни әлеуметтік желі, ойындар және өзге де контент түрлері. Ал ата-аналар, керісінше, кітапты көбірек сатып алады. «Өзім оқымасам да, балам оқысын» деп алып беретіндер көп, бірақ оны нақты оқыта алмайтын жағдайлар да жиі кездеседі. Жалпы, еліміздегі кітап оқу деңгейі дамыған мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Еуропада, тіпті көрші Ресейдің өзінде кітап сатып алу және кітап оқу мәдениеті жоғары. Кітап дүкенінің иесі ретінде жастарды кітап оқуға ынталандыру үшін түрлі жоба жүзеге асырып жатырмыз. Біздің миссиямыз – кітап оқитын елге айналу. Ай сайын түрлі мәдени шаралар өткіземіз. Кітап тұсаукесерлері, «Түнгі кітапхана» жобасы, кітап клубтары, «ОқыпАл» үйірмесі секілді бастамалар соның дәлелі. Біздің мақсат – тек кітап сату емес, кітап оқитын жастардың ортасын қалыптастыру, – дейді кітап дүкенінің директоры.

Цифрлық дәуірдегі ұрпақ
Әлеуметтік желілер заманында кітап оқымау жалғаса берсе, оның болашақ ұрпаққа әсері қандай болмақ? Мамандар бұл үрдіске алаңдаушылық білдіруде. Кітап оқу адамның ойлау көкжиегін кеңейтеді, сыни ойлау мен қиялын дамытады, тіл байлығын арттырып, білімі мен мәдени өрісін байытады. Ал оқудан қол үзіп, барлық ақпарат пен қызықты тек қысқа роликтер мен әлеуметтік желі жаңалықтарынан алатын жастар терең білім мен талдау дағдыларынан мақұрым қалуы мүмкін. Яғни, кітап оқымаудың зияны бірден байқалмауы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде ол ұлттың интеллектуалдық деңгейіне, бәсекеге қабілетті адами капиталына әсер ететін факторға айналады.
Дегенмен соңғы жылдары Қазақстанда бұл мәселеге назар аударыла бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеуіне алаңдап, жас ұрпақтың бойына кітап оқуды сіңіру керегін атап өтті. Президенттің бастамасымен биыл, 23 сәуірде алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтті. Бұл жаңа мереке кітап пен кітапхананың қоғамдағы маңызын насихаттап, оқырман мәдениетін көтеруге бағытталған. Ұлттық кітап күні шеңберінде мектеп және жоғары оқу орындарында кітапхана қорларын жаңарту, жас оқырмандарға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынды. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда қазіргі кезде 3920 қоғамдық кітапхана бар, 2023 жылы оларды 52 миллион адам пайдаланса, 2024 жылы бұл сан 55 миллионға жеткен. Жуырда 800 мектеп кітапханасы жаңғыртылып, кітап қорына 1,7 миллионнан астам жаңа кітап қосылғаны да ынталандыру шараларының бірі. Бұдан бөлек, мемлекет және қоғамдық қорлар тарапынан «Оқуға құштар мектеп», «Бір ел – бір кітап» секілді жобалар жүзеге асуда.
Қазақстандағы кітап оқу дағдысының төмендігі бірнеше себептің тоғысуынан туындаған күрделі мәселе. Әлеуметтік желілер мен цифрлық ойын-сауықтың қызығы жастарды дәстүрлі оқудан алыстатып, уақытын ұрлап жатқаны анық. Бұл жағдайды өзгертуге бағытталған алғашқы қадамдар да жоқ емес: ұлттық деңгейде оқу мәдениетін қолдау басталып, жас ұрпаққа кітаптың қадір-қасиетін сіңіру басты міндет ретінде қойылуда. Оқу – тек жеке даму құралы емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетінің көрсеткіші. Сондықтан бүгінгі жас буынның кітаптан алшақтауы ертеңгі күні олардың білімі мен бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететіні сөзсіз. Кітап пен цифрлы контентті тепе-тең ұстап, жастарды кітап әлеміне қызықтыра алсақ, оқитын ұлт ретінде алға жылжимыз.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!