Бейсенбі, 17 сәуiр, 00:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№27, 2140
15.04.2025
PDF мұрағаты

Кітап оқуды насихаттаған байқау

08.04.2025

891 0

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде 2 сәуір халықаралық балалар кітабы күні мен балалар ақыны Қадыр Мырзалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай  қала мектептері арасында «Бала жанын баураған» тақырыбында қалалық байқау өтті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты қалалық кітапханалар жүйесі ұйымдастырған байқауда бастауыш сынып оқушылары көркемсөз оқу мен сахналық қойылым көрсету бойынша жарысқа түсті.

Дәстүрлі шарада қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира  Рахметова сөз алды.

– Дана халқымыз «көп жасаған білмейді, көп оқыған біледі» деп ежелден кітаптың адам өміріне әсерін осы бір қарапайым сөзбен-ақ айтып кеткен. Өйткені кітап – тәрбие  құралы. Жыл сайын халықаралық балалар кітабы күніне орай қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Ертегімен есейем» жобасы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Байқаудың негізгі мақсаты – бүлдіршіндердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Бұл сайыс оқушылардың таным көкжиегін кеңейтетін маңызды қадам.  Ең алғаш балалар кітапханасынан бастау алған іс-шара жыл өткен сайын кең көлемде өткізіліп, қалалық байқау деңгейіне көтерілді. Осы уақытқа дейін бұл байқауға балабақшаның бүлдіршіндері мен қаладағы 34 орта мектептің 1000-ға жуық оқушылары қатысты. Бүгінгі байқауда бақ сынайтын барлық бастауыш сынып оқушыларына сәттілік тілеймін.  Сонымен қатар байқаудың бас демеушісі болып, кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған «Қазақстан Халық партиясы» Қызылорда облыстық филиалына, «Компания Дәулет Азия» ЖШС басшысы Раиса Қартбаеваға кітапхана ұжымы атынан  алғыс білдіреміз, – деді ол.

Байқауда қаладағы  №173, 43, 253, 8 мектептің талантты оқушылары бақ сынады. Жарыстың I кезеңінде үміткерлер ақын Қадыр Мырзалиевтің өлеңдерін жатқа оқыса, II кезеңде ертегіден сахналық қойылым көрсетті.

Нәтижесінде бас жүлдені №173 мектеп оқушылары жеңіп алса, I орынды №253 мектеп, II орынды №43 мектеп иеленді.  Ал III орынға №172,  8  мектеп оқушылары   лайық деп танылды.

Г.ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: