Сенбі, 21 ақпан, 01:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№14 (2226)
21.02.2026
PDF мұрағаты

Кітапхана, жаңа театр, Президент саябағы һәм қаланың жаңа тынысы

21.02.2026

35 0

Сыр өңірінде ауқымды құрылыс жобалары жүйелі түрде жүзеге асып, аймақ келбеті күн санап жаңарып келеді. Әсіресе, руханият пен мәдениетке серпін беретін нысандардың бой көтеруі – өңір дамуының көрінісі. Заманауи кітапхана мен театр ғимаратының құрылысы, сондай-ақ Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстары да қала келбетін аша түспек. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңадан салынатын кітапхана мен мәдениет нысандарының құрылыс алаңында болды. Сонымен бірге ол Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай­дың V отырысында «Мен зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманға сай кітапхана салу керек екенін де айттым. Биыл бұл құрылыс та басталуы керек»,  – деген еді. Міне, сол бастаманың да жұмысы қарқын алып жатыр. Білім мен ғылымның ордасына айналатын бұл ғимарат жастардың дамуына жаңа леп береді. Халықаралық жарыстарға, ғылыми жобаларға дайындалуына жағдай жасалып, Сыр өңірінен бәсекеге қабілетті дарынды жастардың шығуына ықпал етеді. Тәулік бойы жұмыс істейді деп жоспарланған кітапхана жыл сайын 250-300 мың оқырманға қызмет көрсетіледі.

Мемлекет басшысының тапсырма­сымен заманауи, көпфункционалды кітап­хана құрылысына инвестор есебінен 20 млрд теңге қарастырылған. Жоба кітап­хана инфрақұрылымын дамытуға, оқырмандарға қол­жетімділікті арттыруға және өңірдің ақпараттық-мәдени әлеуетін күшейтуге сеп болады. Ғимараттың жал­пы аумағы 13 мың шаршы метр болса, ондағы кітап қоры 1 миллионнан асады деп жоспарлануда.

Кітапханада ашық форматтағы оқу залдары, заманауи каталог жүйесі, 50 адамға арналған цифрлық ресурстармен жұмыс істеу бөлмесі ашылады. Сонымен қатар медиа-лаборатория мен подкаст студиясы жұмыс істейді. Қоғамдық талқылаулар, әдеби кештер, пікір­сайыстар, стартап-презентациялар дәл осы шаңырақ астында өтсе, қала мәдениетін жаңа дегейге көтереді.

Өңірде бой көтеретін жаңа театр да мәдениет саласының дамуына тың серпін береді. Жаңа ғимарат кең әрі заманауи талаптарға сай жабдықталады. Бұл шығармашылық ұжымның дайындығына, күрделі декорациялар мен тың режиссерлік шешімдерді жүзеге асыруға мүм­кіндік береді. Заманауи дыбыс және жарық жүйелері қойылымдардың мазмұны мен көркемдік деңгейін арттырады.

Кешкі қараңғылық коюлана түскен сәттен бастап, Президент паркінде шолу дөңгелегінің жарық шамдары қосылады. Биікке ұмтылған алып шеңберден кейде көзін қысып, кейде еркелеген смайлик бейнесі көрінеді. Жаңа дәуірдің белгі­сіндей болған шолу дөңгелегі зама­науи LED технология арқылы жарық­тандырылады.

Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарын «Alem Qurylys» AQ серіктес­тігі жүргізуде. Бастапқы жобаға түзетулер енгізіліп, 300 орындық балалар лагері мен қысқы бақ қосылды. Балалар лагерінің құрылысына 6,02 гектар жер бөлінген. Мұн­да әкімшілік ғимарат, іс-шараларға арнал­ған алаң, 4 тұрғын корпус, қонақүй үлгісіндегі шағын ғимарат, 5 киіз үй, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы, сахна және өзге де демалыс және техникалық нысандар салу жоспарланған. Ботаникалық бақ аумағында да абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2,41 гектар аумақ көгалдандырылып, Оңтүстік Африка, Оңтүстік және Орталық Америка, Қытай, Жапония, Мадагаскар елдерінде өсетін өсімдіктер отырғызылады.

Жаңғырту аясында аллеялар, субұрқақ­тар, амфи­театр, спорт және би алаңдары, балалар ойын алаң­дары, workout және демалыс аймақтары салынады. Сондай-ақ фудкорт, теннис үстелдері, аттрак­циондар, велосипед және жүгіру жолақтары қарастырылған. Бұдан бөлек сахна, сарқы­рама каналы мен олардың үстінен өтетін көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары бой көтереді. Енді Президент саябағы тек тынығу орны емес, романтикалық серуен аймағына айналады. «Қызылорда жаңарып келеді» деген үнсіз хабар тәріздес, түнгі аспан астындағы жарық шамдармен көмкерілген шолу дөңгелегі қалаға жаңа реңк бергендей.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: