Сенбі, 27 қыркүйек, 03:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№73, 2185
27.09.2025
PDF мұрағаты

Кітапсүйер қауымның мерекесі

27.09.2025

36 0

Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жалпы республикалық «KITAPtime» фестивалі өтті.

Тағылымды шараны облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас ашып, фестивалдің ерекшелігіне тоқталып, кітапсүйер қауымды кітап мерекесімен құттықтады. Мұнан соң  Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітова кітапхананың тұрақты оқырмандарына жылы лебізін білдірді.

«Кitap Time – 2025» IV жалпы республикалық фестивалі аясында «Аймақтың ата басылымы» тақырыбында облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторымен және газет ұжымымен бейресми кездесу өткізілді.

Оған  «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиал төрағасы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қуат Шарабидинов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, белгілі ақын «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы, газеттің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев қатысты. Қаламгерлер қауымы басылымның шығу тарихы, таралымы, болашақтағы бағыт-бағдары жайлы тарқатып айтты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика факультетінің студенттері кәсіби мамандарға өз сауалын жолдап, тұщымды  жауап алды.

Фестивальде «Сыр бойы» салған сара жол»,  «Кітап – білім бұлағы», «Поэзия рухтың қазынасы», ұлы Абайдың 180 жылдығына «Абай ауылы», Қызылорда қаласының Қазақ КСР-ның алғашқы астанасы болғанына 100 жыл толуына арналған «Тарих айдынындағы тұлғалар» атты кітап көрмесі келушілердің назарын аударды. Сондай-ақ Қызылорда қаласының Астана болғанына 100 жыл толуына арналған өлке тарихы бойынша колледж студенттері арасында «Өз өлкеңді таны» тақырыбында зияткерлік сайыс, кітап және кітап кейіпкерлері туралы «Coffee&Book» викториналық сұрақтар, балалар арасында «Өлең өрнектеген әлем»  поэзия сағаты, «Әдеби библио бар» интеллектуалды ойын, «Құрақ құрау – бірігудің белгісі» тақырыбымен шеберлік сабағы ұйымдастырылған. «Бізге ертегі кейіпкерлері қонаққа келді» тақырыбында ертегі кейіпкерлерінің шеруі өтті. Сонымен қатар жастар арасында «Сыр бойының сырлы жыры» жыр кеші, «Робот – болашақтың кереметі» роботтар көрмесі және «Робототехника» үйірмесінің мүшелерімен кездесу ұйымдастырылды.

Шараға зиялы қауым мен баспасөз өкілдері, қаламгерлер, ұстаздар, студент жастар мен мектеп оқушылары, кітапхана мамандары мен оқырмандар қатысты.

Г. АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: