Бұл күн – ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етіп жүрген, білім мен ізденістің шамшырағына айналған жандардың мерекесі. Алақандағы телефонға үңіліп, әлеуметтік желіге телмірген заманда адамзатты кітап оқуға үгіттеу оңай емес. Осы орайда, кітапханашылардың ерен еңбегін айтпай кетпеске болмас. Көзге көрінбес жұмыс болғанымен сан мыңдаған кітаптың атауын жатқа білетін, әр туындының мазмұны мен кейіпкерлерін жатқа айтып беретін жандар бар. Олар – кітапханашылар. Оқырманға тек кітап ұсынушы емес, рухани әлемге жетелер жол сілтеуші дерсің. Кітапханаға келген әр оқырманға қабақ шытпай, күлімдей қарсы алып, кітап оқуға шақырып тұратын бұл мамандық иелерін кездестірудің өзі біз үшін бір ғанибет. Мереке күні қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің тыныс-тіршілігімен, кітапханашылардың жұмысымен танысып қайттық.
Қазіргі таңда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 21 кітапхана қарайды. Оның ішінде 11-і – қалалық, 2-і – балалар, 8-і – ауылдық кітапхана жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында барлығы дерлік қала және ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келеді. Жыл сайын кітап қоры жаңа туындылармен толықтырылып отырады. Мәселен, биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша қорда 647 659 кітап болса, оның ішінде 264 923-і – қазақ тілінде, ал қалғаны – орыс және ағылшын тілдеріндегі еңбектер. Тек биылдың өзінде кітапхана қоры 608 жаңа кітаппен толыққан. Бұл – оқырман сұранысын ескеріп ғана қоймай, жүйелі түрде жұмыс істеп отырған ұжым еңбегінің айғағы.
Уақыт алға жылжыған сайын оқырман талғамы да өзгереді. Бұрын көпшілік классикалық және көркем әдебиетке қызықса, бүгінде жастар мотивациялық және психологиялық бағыттағы кітаптарға қызығады екен. Бұл туралы Пушкин атындағы орталық кітапхананың меңгерушісі Римма Нарекешқызы өз ойымен бөлісті.
– Қазір оқырманның талғамы мүлде басқа. Заман талабына сай психологиялық және мотивациялық кітаптарға сұраныс артты. Әсіресе, жастар Санжар Керімбайдың еңбектерін жиі іздейді. Сондай-ақ шетел жазушыларының қазақ тіліне аударылған шығармалары да жиі оқылады. Яғни қазіргі буын өзін дамытуға бағытталған, әлемдік деңгейдегі еңбектерге қызығушылық танытады. Бұл – бізді қуантады, – дейді ол.
Бүгінгі таңда технология жедел дамып, электронды кітаптар мен онлайн оқу платформалары кеңінен қолданысқа енді. Дегенмен, кітапханашылардың пікірінше, кітаптың иісі мен әсерін ешқандай гаджет алмастыра алмайды деседі. Кітапханашы Рима Кенжеева кітап оқудың пайдасы көп екенін айтты.
– Көптеген оқырман әлі де кітапты парақтап оқығанды ұнатады. Себебі нағыз әсер мен шабыт сол кезде ғана туады. Кітап оқу есте сақтауға да пайдалы. Керек жерін түртіп қойып, қолына ұстап парақтап оқығанға не жетсін, – дейді ол.
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жыл сайын түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Биыл «KitapTime – 2025» республикалық IV кітап фестивалі өтті. Бұл іс-шара аясында қала тұрғындарына арналған кітап көрмелері оқырман назарына ұсынылып, кеңінен насихатталды. Сонымен қатар кітапханалар мен мектептер арасында тығыз байланыс бар. Атап айтсақ, №197, №253, Т. Жүргенов атындағы №136 орта мектептебі, №11 мектеп-лицейі, сондай-ақ Смағұл Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжі, Сейхун колледжі және Абылай хан атындағы жоғары колледжімен бірлесе түрлі әдеби кездесулер өткізіледі. Бұл жұмыстардың барлығы – жастарды кітапқа, оқуға, ізденуге баулу мақсатында жасалып жатқан игі бастамалар. Оқырманмен де байланыс үзілмейді.
– Біздің тұрақты оқырмандарымыздың арасында 30 жылдан бері кітапханамен байланысын үзбеген жандар бар. Олар көбіне көркем әдебиетті сүйіп оқиды. Тіпті жасы сексеннен асса да аптасына екі рет келіп, кітап оқуды әдетке айналдырған. Ал ең жас оқырманымыз – 7 жаста. Балалар көбіне ертегілер мен өлең-жырларды қызыға оқиды. Аптасына бірнеше рет келетін бүлдіршіндер де бар, – дейді кітапханашы Римма апай.
Кітапханашылар жаңа технологияны тиімді пайдалануда. Мәселен, жасанды интеллект те кітап оқуды насихаттауда екен.
– Қазір жасанды интеллект дәуірі. Біз де соның мүмкіндіктерін пайдаланып, жастардың қызығушылығын арттыруға тырысамыз. Мәселен, кітапханаға келушілерге ақын-жазушыларымыздың бейнелерін жасанды интеллект арқылы сөйлетіп көрсетеміз. Бұл тәсіл жас буынды кітапханаға қызықтырады. Соның ішінде қазақ әдебиетін насихаттаудың жаңа жолы, – дейді Римма Нарекешқызы.
Иә, кітапханашы болу – жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік пен рухани миссияны арқалаған мамандық. Олар – кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір. Әр оқырманның талғамын дөп басып, кітап оқуға қызықтыра білу өнер десек, артық айтқандық емес. Кітапхана – руханияттың ордасы, парасаттың мекені. Уақыт қанша өзгерсе де, адамзаттың білімге деген құштарлығын ешкім жоя алмасы анық.
Айдана БАХТИЯР

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!