Сенбі, 13 желтоқсан, 03:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№95 (2207)
13.12.2025
PDF мұрағаты

Көк тудың желбірегені

13.12.2025

40 0

Желтоқсан айының алғашқы онкүндігінен кейін жаңа жылға әзірлік басталып кететін. Әсіресе сауда орталықтарындағы қызылды-жасылды безендіру, шыршалар жаңа жыл келіп қалғандай әсер беретін.

«Ең алдымен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін жас буынның санасына сіңірейік» деп айтып та келеміз. Сол күнге жеткендейміз. Кешелі бері көк тумен көмкерілген суреттер қоғамға басқаша әсер бергені байқалады. Көңілге қуаныш, жаныңа жылулық сыйлайтын көрініс.

Астана қаласындағы шағын ғана «Әзірет» дүкенінің иесінің бұл идеясы елге үлгі болып, челленджге жалғасты. Ол дүкеніне ту мен көк түсті шар іліп, мерекеге орай безендіріп қойған. Бұл халыққа керемет көңіл-күй сыйлап, әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Халық дүкен иесіне мерекелік безендіру үшін ризашылықтарын білдіруде. «Egemen.kz» сайтының ақпаратына сүйенсек, кәсіпкер Темірхан Сафаров 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай дүкенді толықтай ұлттық реңкке бояп, қабырғаларға көк тулар мен мыңдаған шарды ілген. 

– Мерекелік безендіруді жеті күн бойы өзім жасадым. Бастама ешкімнің тапсырмасы емес, өзімнің идеям. Бұған  4 мыңнан астам шар мен шамамен 1 мың туды орналас­тырдым. Шамамен 2 миллион теңге жұмсалды. Бұл – менің Тәуелсіздік күніне жасаған жеке құрметім. Саудаға кіріскеніме бар бол­ғаны бір жыл болды. Алғашқы жылымыз осылай есте қалсын дедім. Алдағы уақытта кәсібіміз үлкейсе, мұнан да ауқымды дүние істеймін, –  дейді дүкен иесі Темірхан Сафаров.

Көк тудың желбірегені

Кәсіпкердің идеясы бірер күн ішінде өзге өңірлерге тарап,  Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе қалаларындағы дүкен­дер, шағын маркеттер, тіпті мейрамханалар да Тәуелсіздік күніне арналған безендірулер жасай бастады.

Қызылорда қаласындағы «Халық» маркеті дүкенінің иесі де Тәуелсіздік күніне орай безендіру жасапты. Дүкенге арнайы барып, кәсіпкермен тілдесіп қайттық. Дүкеннің иелері Талғат Самбұлатов пен Гүлнұр Байгереева Тәуелсіздік құрметіне дүкенін безендіруді жөн көріпті.

– 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні баршаңызға құтты болсын! Бұл күн – халқымыздың еркіндік жолындағы тарихи таңдауын білдіретін, ең қастерлі мерекелердің бірі. Біздің гипер­маркет ұжымы бұл күнге ерекше мән беріп, ғимараттың әр аумағына мем­лекеттік туларды орналастырдық. Бұл – Тәуелсіздікке деген құрметіміздің, елге деген сүйіспеншілігіміздің белгісі. Туды ілу арқылы біз өз тұтынушыларымызға және өскелең ұрпаққа «Бірлігіміз бекем, рухымыз биік, Тәуелсіздігіміз мәңгі!» деген ойды жеткізгіміз келді. Біз үшін бұл – жай безендіру емес. Бұл – өз еліміздің тарихын, азаттығымыздың қадірін, тәуелсіздікті құрметтеу, – дейді дүкен иесі Талғат Самбұлатов.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: