Осы аптаның жексенбісі көктемнің алғашқы күні. Әзірге қыспен қоштаса қоймасақ та күнтізбеге қарап-ақ көктем лебі сезілгендей. Тіршілікке жан бітіретін көктемнің құдіреті бөлек. Көктемге асыққан елдің қарбалас тіршілігі басталып та кетті. Жер-Ананы баптап, әр жылдан үлкен үміт күтіп, ел ризығын еселейтін диқандар кетпенін сайлай бастады.
Үкіметтің осы аптадағы отырысы көктемгі дайындық жұмысын пысықтауға арналды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Онда бірқатар министрлер мен облыс әкімдері баяндама жасады. Олардың қатарында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та бар.
Сыр диқандары да жыл сайын су тапшылығының қиындығын сезініп келеді. Мемлекет басшысының Қызылорда облысындағы егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өңір суды аз қажет ететін дақылдар егуге көшуде. Үкімет отырысында суды ұтымды пайдалану жөніндегі шаралар туралы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев баяндады. Биыл өңірде барлығы 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Күріш дақылы 70 мың гектарға егіледі, бұл өткен жылғы деңгейден 10,9 мың гектарға аз. Жалпы соңғы 4 жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21%-ға қысқарған.
– Қысқартылған күріштің орнына егісті әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ететін дақылдар егу көзделуде. Бұл бағытта өңірімізде құны 40 млрд теңгеге жүгеріні терең өндеуге бағытталған «Қызылорда крахмал-сірне зауыты», құны 51 млрд теңгеге швейцариялық «Харвест Груп» компаниясының техникалық қарасора, жүгері, соя өсіру және оны өңдеу жобасы, «Семеноводство» серіктестігімен су үнемдеу технологиясымен жүгері егу жобалары жүзеге асырылуда. Жобалар аясында биыл жүгері дақылын 10 мың гектарға орналастырып, алдағы уақытта да ұлғайту жоспарлануда, – деді аймақ басшысы.
Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес су ресурстарын тиімді пайдалану, су шығынын азайту мақсатында облыста су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы облыс бойынша тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен 8 мың 100 гектар егіс егілді. Биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін 16 мың 700 гектарға жеткізу межеленген. Егістіктердегі су шығынын азайту мақсатында өткен жылы 60 мың гектар күріш алқаптары лазерлік тегістеуден өткізілді. Нәтижесінде диқандар суды 20 пайызға үнемдей отырып, өнімділікті арттыруға қол жеткізді.
– Биыл бұл көрсеткішті 65 мың гектарға жеткізу көзделуде. Бүгінгі күні көктемгі егін жұмыстарына ауыл шаруашылығы құрылымдары қажетті тұқымдармен 100 пайыз қамтамасыз етілді. 2026 жылға қажетті 65 мың 600 тонна тыңайтқыштардың бүгінгі күні 18 мың 500 тоннасы сатып алынды. Отандық тыңайтқыш өндірушілерге аванстық субсидиялау бойынша тиісті қаражаттар аударылды. Егін егу жұмыстарына қатысатын 3 975 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы жөндеуден өткізілді. Қалғаны 1 наурызға дейін толық дайын болады. Энергетика министрлігі тарапынан көктемгі егіс жұмыстарына 10 мың 100 тонна дизель отыны бөлінді. Шаруаларға кестеге сәйкес таратылатын болады. Ерте егілетін дақылдарды себу жұмыстары наурыз айының бірінші онкүндігінде, күріш егу жұмыстары сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады, – деді облыс әкімі.
Үкімет отырысынан кейінгі облыс әкімдігінде өткен мәжілісте көктемгі дайындық жұмыстары жан-жақты талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Қазіргі таңда су ресурстарының тапшылығы жаһандық деңгейдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу технологияларын енгізу және су жүйелерін цифрландыру жұмыстарына ерекше мән береді.
– Су лимитіне сәйкес жоспарланған көлемнен артық бірде-бір гектар жерге егін егілмеуі тиіс. Бұл мәселені қатаң бақылауға алу қажет, себебі ол Үкіметтің ерекше назарында. Судың магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы егіс алқаптарына жеткізілуіне, ауыспалы егіс тәртібінің сақталуына тұрақты мониторинг ұйымдастырылсын, – деді аймақ басшысы.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!