Бейсенбі, 26 желтоқсан, 13:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Көліктен у шыға ма, бу шыға ма?

04.05.2024

1033 0

Сурет:kolesa.kz

Көк түтіні будақтап, көшені басына көтеріп бара жатқан ескі ЗИЛ гүр-гүр етеді, тағы бірде ұзақ жылаған баладай қорс-қорс етіп, бір тынады. Бағдаршамға ыңыранып келіп, әрең тоқтады. Жақтауша астауының темірі шіріп-шіріп бөлінуге айналған. Бірақ құр сүлдерін сүйретіп әлі де жүр. Тірлікке жарайды деп мініп алған Арыстан газ педалін түбіне дейін басып, жарысуды да ұмытпайды. Қала мен ауыл арасында ағаш, көмір тасиды, әйтеуір бір тынбайды. Жаз басталса, ауылдағы ағайынның шөбін базарға әкеп сатып, тағы да пұл табады.

Қолы боста тұлпарының қол-аяғын бір-бір балғалап, жамағандай болады. Бірақ ескінің аты ескі. Қашанғы жамағанға көнсін. Жасына салсақ, өзінен жиырма жас үлкен.

Қайсыбір жылдары ағаш базарының маңында төбесіне жүк артатын темірін қолдан жасап, барынша созып алған волгалар жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай көбейіп кеткен. Өзінің көлемінен екі есе темірді құйрығын сүйрете тиеп алады да, қалаған жеріне тартып отырады. Кезінде түкірігі жерге түспейтін шенеуніктерді тасыған қайран волганы да осылай көк есек етіп мініп алған ағайын оның қозғалтқышының жай-күйіне қарап жатқаны шамалы.

Елімізде осы кезде біз айтып отырғандай ескі көліктер саны 2,5 миллионнан асып жығылады. Сарапшылардың сөзіне сенсек, биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда 5 миллион 300 мың автокөлік бар екен. Өткен жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға артыпты. Бірақ одан не пайда, оның тең жартысы ескі автокөліктер.

Әлдекімнің нәпақа тауып, отбасын асырап отырған тұлпарын артық көріп жатқанымыз жоқ. Мәселе оның түтіні арқылы бөлінетін улы газда болып тұр. Жыл басынан бері он автокөліктен түтін арқылы шамадан тыс улы газ бөлінгені анықталып, тиісті шара көрілген. Экологтар бұл мәселеде жүргізушілердің жеке басын ғана емес, айналасындағы елді ойласа екен дейді. Бірақ, біз жоғарыда айтқан Арыстан сияқты азаматтар көлігі шашылғанша тыным бермей, тірлік етуде.

«Жағдайы жоқ болса, жаяу жүрсін»

Таяуда отандық телеарналардың бі­рінде эколог «Жаңа техника алуды халықтың қалтасы көтермейді деген пікір болмайды. Жағдайы келмесе, экологияны ластамай, жаяу жүрсін» деп кесіп айтты.

Әлеуметтік желіде кең тараған бұл видеодан ұқ­қанымыз қызметтегі азаматтар көп мәселеге ат үстінен қарайтын тәрізді. Жерге түсіп, елмен етене болса, сол жасы 30-ға таяу тұлпарлармен бүтіндей бір отбасының нәпақасын тауып жүргендерді көрер еді. Мәселен, Жандос Алтынбаевтың мамандығы – металлург. Ол осы мамандықты ұнатып, өз мамандығының шыңына шыққысы келген. Әйтсе де қарашаңырақтың тұтқасын ұстап қаламын деп, ауылдан ұзамай қалды. Енді ауыл мен қала арасында жолаушы тасымалдап, ескі «опель» автокөлігімен нан тауып жүр. Табысына шағымы жоқ, бірақ бақандай ақшаға су жаңа көлік алып, он жыл несие төлеуге ниетті емес.

– Көліктен шығатын улы заттардың бар екенін білемін. Иә, қоршаған ортаны ластап жатқан шығармыз. Бірақ жоғарыдағы азаматтар біздің кішкентай көліктен бұрын атынан ат үркетін алпауыт компанияларды, жер-жердегі қоқыс полигондарын зерттесін. Ал біздің автокөлікті жаңалауымызға мүмкіндік жоқ. Үш миллионға сырттан көлік алсаңыз, үш миллионға құжатын рәсімдейсіз. Ал елдегі автокөліктердің бағасы аспандап кетті. Халықтың бәрі миллиондап айлық алып жатқан жоқ. Соны ұмытпауы керек, – дейді Жандос.

Бүгінде Қызылорда облысында да автокөліктен шығатын улы заттар құрамын өлшеуді облыс бойынша экология департаменті қолға алған. Әрине, әдепкі кезде Алматы қаласында пилоттық жоба болып қолға алынғанымен өңірлерде де жұмыс жүруде. Ауа құрамын анықтайтын құрылғымен автокөліктердің түтінін тексереді. Мәселен, оның құрамындағы күкірт, азот оксидтері мен көмірқышқыл газының көлемі артып кетсе, арнайы шара көретін құзырлы орындар бар.

– Қызылорда облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі Жол картасына сәйкес, Қызылорда облысы бойынша экология департаменті және Қызылорда облысы­ның полиция депар­та­ментімен бірлесіп, 2021-2025 жыл­дарға арналған «Таза ауа» іс-шара жоспары келі­сілген. Іс-шараның мақсаты – қала төңірегіндегі автокөліктердің эко­ло­гиялық нормаларға сәйкестігін анықтау. Мамандар тарапынан бензин, газ және дизель отынымен жүретін автокөліктерге өлшеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты 2023 жылы барлығы 59 автокөлік құралы тексеріліп, осы жылдың І тоқсаны бойынша 7 автокөлікке өлшеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 10 авто­көліктен өлшемнен асу дерегі анықталып, полиция қызметкерлері тиісті шаралар қабылдады, – дейді департамент қызметкері Әсем Тынарбай.

Әлемдік деңгейдегі ғылым не дейді? Италиялық ғалымдардың айтуынша, көліктің түтінін көп жұтқан адам аутоиммунды ауруларға шалдығуы мүмкін. Мұндай тұжырымға олар он жылдық зерттеу жұмысының нәтижесінде жеткен. «RMD Open» журналында жария­ланған бұл деректерде мамандар әзірше көліктің түтіні қалай аутоиммунды ауруларға әкелетініне не себеп бола­тынын білмейді. Бірақ көліктен шығатын түтіннің ауто­иммунды аурулардың ішінде ревматоидты артрит, қызыл жегі, ойық жара, колит, ішек қабынуы, остеоартрит, ұмыт­шақтық сынды аурулардың пайда болуына себепші болатын көрінеді.

– Біз 2016-2020 жылдар аралығында 81 мыңнан аса адамнан тәжірибе алдық. Оның  73 мыңнан астамы – 65-тен асқан жандар. Қатысушының тұрып жатқан жері ауа сапасын бақылайтын станцияның деректерімен салыстырылды. Нәтижесінде тәжірибеге қатысқандар ішінде 9723-інен, яғни, 12 пайызынан аутоиммунды аурулар табылды. Көлік түтініндегі қауіпті заттар адамның ревматоидты артрит ауруына шалдығу қаупін 40 пайызға, ішек қабыну қаупін 20 пайызға арттырады, – дейді ғалымдар.

Мәселенің жан-жақты қыры бар. Әйтсе де тозығы жеткен тұлпардың бір отбасын асырап отырғаны және тұтас елді улап жатқанын таразы басына салсақ, кім үшін қай жағы басым түсері беймәлім. Бүгінде бұл мәселе әлі де мінберден түскен жоқ. Қалай болғанда да жаңа тұлпар мініп, жарқырап жүргенге не жетсін?

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: