Қызылорда қаласының келбеті күн санап түрленіп, өңір тұрғындарына қолайлы жағдай жасалуда. Қаланың әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымы жаңарып, халыққа қызмет көрсететін жаңа нысандар ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновациялық академиясы, облыстық өлкетану музейі, оқушылар сарайы мен үстел теннисі орталығы секілді сәулетті ғимараттар бой көтеріп, бүгінде халыққа қызмет көрсетуде. Сән-салтанаты жарасқан заманауи нысандар қалаға көрік беріп тұрғандай.
Сонымен қатар қаладағы 28 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, панельдермен қапталды. Бұл тек сыртқы көрініс емес, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам. 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, қала ішінде балалар алаңдары, жарық шамдар орнатылды. Бұл жұмыстар орталықпен ғана шектелмей, қала маңындағы елді мекендерде де қарқын алып отыр.
Атап айтсақ, Қызылөзек ауылдық округіне қарасты Қараөзек ауылында жақсы жаңалық бар. Ауылдың кіреберісіндегі «Қожақ» каналы арқылы өтетін ескі автомобиль көпірі қайта жаңартылды. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталған бұл жобаның жалпы құны 292,3 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда көпір құрылысының 80 пайызы аяқталған. Жауапты мердігер мекеме – «N Строй Сервис» ЖШС. Біз құрылыс алаңында болып, жоба жұмысымен танысып қайттық.
– Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қыркүйек айында толықтай аяқталады деп жоспарланғанымен, біз мерзімінен бұрын тапсыруға бар күшімізді салып жатырмыз. Қазір бұл жерде 4 техника, бірнеше бригада үздіксіз еңбек етуде. Ауыл тұрғындарыны да дән риза, – дейді нысан жетекшісі Әбдіраман Ержан.
Тозығы жеткен көпірден шаршаған тұрғындар жаңа көпірді асыға күтуде. Өйткені ауыл мен ауылды, ауыл мен қаланы байланыстыратын негізгі күре жол дәл осы өткел арқылы өтеді. Ұзақ жылдар бойы тозығы жетіп, апатты жағдайға жеткен ескі көпір тұрғындарға қиындық туғызып келген еді.
– Бұл көпірмен біз бала күнімізде мектепке қатынап жүретінбіз. Сонау 60 жылдары салынған көпірдің қазіргі жағдайы өте қауіпті еді. Беті шұрық тесік болып, әр өткен сайын үреймен жүретінбіз. Биыл, міне, жаңа көпірдің салынып жатқанына қуанып отырмыз. Аймақ басшысына, мердігер мекемеге ауыл халқы атынан алғысымды білдіремін. Уақытынан бұрын бітуі біз үшін екі есе қуаныш, – дейді ардагер Қарақұл Дәрмолдаев.

Қызылөзек ауылдық округінде бүгінде 3495 тұрғын бар, жер көлемі 77 976 гектар аумақты қамтиды. Ауылдық округте инфрақұрылым бағытындағы жұмыстар да оң нәтижесін беруде. Мәселен, округке қарасты үш елді мекенде электр желілері жаңғыртылып, жарықтандыру сапасы жақсарды. Сонымен қатар жалпы құны 452,1 миллион теңгені құрайтын, ұзындығы 3,2 шақырым болатын жол құрылысы жүріп жатыр. А.Құнанбаев, Қараөзек бекеті-4 көшелері мен М.Жабағыұлы тұйығында жол салынуда.
Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Д.Сариев және Ж.Жабаев көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауылдың көркі жаңарып, тұрғындардың тіршілігі жеңілдеуде.
Айдана БАҚТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!