Сенбі, 11 қазан, 10:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№77, 2189
11.10.2025
PDF мұрағаты

Көпбалалы отбасылар баспаналы болды

11.10.2025

48 0

Қаланың сол жағалауында тұрғын үйлер қатары көбейді. Атап айтсақ, өткен жылдан бастап шаһарда жаңа дизайнмен 7, 9, 12 қабатты үйлер бой көтеруде. Соңғы үш жылда облыс орталығынан 5600 пәтер беріліп, баспаналы болғандар қатары арта түскен. Ал өткен айда 280 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар қоныстанған еді.

Қала күні мерекесі қарсаңында сол жағалаудан 320 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспанаға қол жеткізгендердің басым бөлігі – көпбалалы отбасылар.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындарға пәтер кілтін табыстап,оларды қоныс тойымен құттықтады.

– Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкімет­тің ерекше қолдауымен тұрғындарды баспана­мен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет­тік әлеуметтік саясат нәтижелі іске асырылу­да. Соңғы үш жылда қаржыландырудың барлық көзінен облысымызда 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер сатып алынып, 25 мыңға жуық тұр­ғын қоныстойын тойлады. Барлық аудан орталықтарында жаңадан салынған 1500-ге жуық пәтер табысталды. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын 3800 пәтерді сатып алуға 58 млрд 785 млн теңге бөлінді. Қаржыландырудың барлық көзінен 870 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі. Бүгін – мемлекет қолдауымен баспаналы болған әр отбасы үшін ерекше қуанышты күн! Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, қабырғасы мығым, әр отба­сының шаңырағы татулық пен берекеге толы болғай! – деді аймақ басшысы.

Іс-шарада тұрғын үй салған құрылысшы­ларға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Мереке қарсаңында тамаша тартуға ие болған тұрғындардың қуанышы шексіз. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан кө­мекке ризашылығын білдірді.

Қала тұрғыны Малика Жүсіпәлі осыдан 13 жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұрған. Сол уақыттан бері баспанасын күтіп жүрген ол жақында қоныс тойын тойлады.

– Пәтер кілтін алып, ерекше қуанышқа бөлендік. «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, әркімнің де өз баспанасы болғанға не жетсін! 3 бөлмелі жаңа баспана­ға қол жеткіздік. Бүгінде еліміз­де әлеуметтік осал топтағы аза­­маттарды баспанамен қамтама­сыз ету үшін мемлекеттік бағдар­ламалар жүзеге асырылып келеді. Осындай игі істің басында жүрген жандарға алғыс білдіремін, – дейді 5 баланың анасы Малика Сергейқызы.

Айта кетейік, Сыр өңірінде мұқтаж отбасыларды, көпбалалы аналарды баспанамен қамту мә­селесі қай кезде де назардан тыс қалған емес. Баянды бастамалар алдағы уақытта да ел әлеуетін көтеруге дәнекер бола бермек.

А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: