Жол қиындығын жүрген біледі. Бұған дейін Астанаға қарай жол жүріп көрсеңіз, жол азабын тартқан боларсыз. Елдің жылдар бойы айтып келе жатқан жол мәселесінің түйіні шешілгендей. Қызылорда облысы аумағында орналасқан республикалық маңызы бар Қызылорда – Жезқазған автожолының жаңартылған бөлігінде негізгі жұмыстар толық аяқталып, көлік қозғалысы ашылды. Облыс аумағына тиесілі бөлігі (192 шақырым) аяқталып, пайдалануға берілді.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыстың құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Салтанатты шарада аймақ басшысы құттықтау лебізін жеткізіп, құрылысты жүргізген жолшыларға алғыс білдірді. Сондай-ақ бұл жолдың өңір экономикасына, өндірістің өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатының артуына тигізетін оң ықпалы мен ерекше маңызын атап өтті.
– Бүгін – аймағымыз үшін тарихи күн! «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының ашылу рәсімінде бас қостық. Халқымыз ұзақ жылдан бері армандап келген автожолды салуға қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына барша Сыр жұртшылығының атынан зор ризашылығымызды, шынайы алғысымызды білдіреміз. Республикалық маңызы бар автомобиль жолы туралы мәселе Тәуелсіздік алған кезеңнен бері бірнеше мәрте көтерілді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тұрғындарымыз қара жолмен елордаға, Ұлытау, Қарағанды облыстарына қатынады. Астанаға 2 мың шақырымнан астам жол жүріп, Балқаш арқылы да барды. Енді міне, Президентіміздің ерекше қолдауының арқасында қанша жылдан бері халқымыз көтерген өзекті мәселе өз шешімін тапты. Облыс аумағындағы 216 шақырым жол толық қайта жаңғыртудан өтіп, тиісті жұмыстар аяқталды. Жобаны жүзеге асыруға 84 млрд теңге бөлінді.
Бұрынғы өткен бабалардан қалған «Бақ, қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын», – деген жақсы сөз бар. Әрдайым бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болсын! Жүргізушілер мен жолаушыларға әрдайым ақ жол, сәт сапар тілейміз! Жаңа жол берекенің бастауы болғай, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Бұл – тек жол ғана емес, өңірдің дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына, қалалар арасындағы сауда-экономикалық байланыстың нығаюына жол ашатын маңызды инфрақұрылымдық жоба. Бүгін жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын «Қызылорда-Жезқазған» автобанының Қызылорда облысындағы 192 шақырымдық бөлігін іске қосып отырмыз. Ал Ұлытау облысына келсек, келісім-шартта екі аралықтағы жолдың салынып бітуі 2027 жылдың аяғына жоспарланған. Бірақ келер жылдың соңына дейін осы облысқа қарасты 208 шақырым құрылысты бітіру жоспарланып отыр. Қазір Ұлытау өңіріндегі құрылысқа 4 мердігер компания тартылды. 8 нысан бойынша құрылыс жүреді. Биыл осы 208 шақырым жолдың 50 шақырымына асфальт қабаты төселеді, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Қазіргі таңда «Қызылорда-Жезқазған» жолын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізіне қосатын 25 шақырымдық айналма жол салатын мердігер мекеме анықталуда. Жақын арада құрылысы басталады. Жоба құны – 46 млрд 3 млн теңге.
Жалпы «Қызылорда-Жезқазған» жолының ашылуы келесі жылға жоспарланғаны белгілі. Бірақ халық сұранысы ескеріліп, мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Сондай-ақ бұрын сапарға шыққандар екі аралықта 20 сағат жол жүретін. Енді жаңа жолға түскен жолаушылар 16 сағатта, ал Ұлытау облысының аумағындағы жол құрылысы аяқталса, Астанаға бағыт алған көлік 12 сағатта жететін болады.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!