Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 12:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Көшенің сапасы сәніне лайық болуы тиіс

27.04.2024

1119 0

Сырдың бас қаласы – Қызылордаға келген адам көрікті көшелеріне көз салмай өтпесі анық. Сәулетті ғимараттарынан кейін оқтаудай түзу жолдары әдемі әсер сыйлайды. Иә, жайлы да жарық, кең көшелер қаланың сәні мен салтанатын асырып, мәртебесін көтеріп, ажарын аша түсері анық. Қалада жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстар мен қолға алынған ауқымды істер шаһарды одан әрі шырайландыра түспек.

Осы аптада қаланың әр аумағында атқарылып жатқан жұмыс барысын көруге қала әкімі Серік Қожаниязов шықты. Яссауи, Көшербаев, Сыр самалы және Нұрхабаев көшелеріндегі жөндеу жұмысын, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларының тыныс-тіршілігін өзі көріп, мамандармен сөйлесіп, нақты тапсырма берді.

Биыл қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін бюджеттің барлық көздерінен 21,5 млрд теңге қаралды. Қала көлемінде ұзындығы 46,1 шақырымды құрайтын жалпы құны 4,4 млрд теңгеге 35 көшеге орташа жол жөндеу жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар шаһардың негізгі көшелері саналатын Қожа Ахмет Яссауи, Е.Көшербаев, Жаппасбай батыр көшелерін кеңейтіп, 4 жолақтыға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 6,8 млрд теңге қаралған.
– Қала көшелері сәулетінің бірыңғай үлгісі жолға қойылып, ондағы әлеуметтік нысандар мен ғимараттардың сыртқы қасбеті, оның түсі, көше бойындағы жарықшамдар, қыртастар пішіні және тағы басқа архитектуралық формалар бір стильде болады, – дейді қала басшысы. Шаһар басшысы айтқандай, көшелердің сапасына да, сәніне де мән беріледі.

Қала көшелеріндегі қызу тірлік

Облыс әкімінің қолдауымен қалада ауқымды жұмыстар басталды. Соның бірі – Қожа Ахмет Яссауи көшесін қайта жаңғыртуға арналады. Дәл қазіргі кезде маман сөзімен айтқандай, көшені асфальттауға дайындық басталды.
– Асфальт төсеуге дайындық басталады. Жалпы ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын көше 4 жолақты болып кеңейеді. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, толығымен жарықтандырылады. Оған қоса көшенің екі жағында аяқсуға арналған суағар орнатылады, – дейді учаске бастығы Марат Серкешбаев.

Аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмысын «Қыран» ЖШС жүргізуде. Жоспар бойынша қайта жаңғырту жұмысы күзге дейін аяқталады. Айта кету керек, қайта жаңғыртудан өтетін көшенің бойы қосымша абаттандырылады.
Мұнан бөлек, көшені абаттандыру жұмыстарына 725 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме «BSG Инжиниринг» ЖШС жұмысты жуық арада бастап, қараша айында аяқтамақ. Жоба бойынша темір жолдың екі бетіне тұрғындардың серуендеуіне ыңғайлы аллеялар, жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Сондай-ақ қаладағы Елеу Көшербаев атындағы көше де жөндеуден өтуде. Құны 434 миллион теңге болатын құрылыс аясында көше жөнделіп қана қоймайды. Жоба бойынша жаяу жүргіншілер жолы, аяқсу жүйесін жүргізу және жарық шамдарын орнату қарастырылған. Бұл жұмысты «УАД» мекемесі жүргізуде.
Учаске бастығы Самат Қарымсақовтың айтуынша, Көшербаев көшесі 4 жолаққа кеңейтілуде.
– Жолдың ені 14 метр болады. Мұның алдында 7 метр болған. Қазіргі таңда көшеге асфальт төсеу жұмысы жүргізілуде. Жоба аясында лотоктар ауыстырылады. Жарық шамдары жаңаланып, жаяу жүргіншілер жолы түседі, – дейді учаске бастығы. Бұл көше сәуір айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Қалада қос даңғылды байланыстыратын көше салынбақ. Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылына дейінгі аралыққа жол салынуда. Ол көше Сыр самалы деп аталады.
– Қазір қалада 35 көшеге орташа жөндеу, 15 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар арасында төрт жолақты етіп, қайта жөндеуден өтетін көшелер де бар. Оған қоса, бір көше жаңадан салынуда. Ал Сыр самалы көшесі салынып біткен соң оның айналасын да реттеу жұмысы жүргізіледі. Себебі көше жиегі күл-қоқысқа толы және қамыс өскен. Жарық бағаналары да назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ каналға жақын болғандықтан мал қора салып, мал өсіріп отырғандар да бар. Бірақ алдағы уақытта заңға сәйкес оның бәрі алынады, – дейді қала басшысы.
Расында, жұмыс қарқынды жүруде. Бұл жайлы Сыр самалы көшесіне жауапты учаске шебері Берік Мырзабасов мәлімдеді.
– Негізі бұл көшенің ұзындығы 2 км, 164 метрді құрайды. Көше екі жолақты болады. Жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер жолы қатар жүргізіледі. Сонымен қатар Сыр самалы сарқырамасына 54 метрлік жаңа су құбырын жаңғырту жұмысы да қолға алынды. Дәл осы кезде көшені жөндеуге 30 шақты адам жұмылдырылып, 10 техника жұмыс істеп тұр, – дейді учаске шебері.
Мердігер мекеме «Қыран» ЖШС жобаны қыркүйек айында аяқтауды жоспарлауда. Бұл жобаның мақсаты – қала орталығында көлік кептелістерін азайтып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау.

Абаттандыру жұмысы қарқын алды

Осы күні қаланы абаттандыру жұмысы басталды. Көпқабатты тұрғын үй ауласына жаңа алаңдар салынып, көркейту-көгалдандыру жұмысы да қарқын алуда. Қала әкімі аралаған келесі нысандағы мақсат осы болды.
Шаһар басшысы Төле би, Әйтеке би көшелеріндегі көпқабатты үйлердің ауласында салынып жатқан алаң жұмысымен танысты. Бұл жақта спорт және балалар ойын алаңы салынып жатыр.
– Соңғы жылдары қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмысы қарқын алды. Әсіресе балалар ойын алаңы көптеп салынады. Оның бәріне қаржысы бөлінген. Сондай-ақ біраз жылдан бергі жөндеу көрмеген ескі алаңдарды қайта жаңғырту жұмысы қолға алынуда.
Биыл қала көшелерін, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру үшін облыстық бюджеттен 5,4 млрд теңге қаралған.
Бүгінде тұрғындар спорт алаңының көлемі ұлғайтылса деген ұсыныс айтуда. Егер стандартқа сай болса, бұл ұсынысты қарастырамыз. Яғни кеңейтуге келсе, келісім береміз. Себебі әр тұрғынның айтқан ұсынысы жауапсыз, назарсыз қалмайды, – дейді қала әкімі.
Шаһар басшысы айтқандай, биыл қаланың әр аумағынан 25 алаңның құрылысы жүргізілуде, оған облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаралған. Сонымен қатар құрылысы өткен жылы бастау алған қаладағы 35 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін облыстық бюджеттен 473,7 млн теңге бөлініп, мердігер «ДаренСтрой» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ облыстық бюджеттен бөлінген 215,8 млн теңгеге 4 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жүргізбек.
Айта кету керек, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырын да жөндеу жұмысы назардан тыс қалмайды. Жөндеу жұмысына 697,1 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, демеушілік арқылы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қасбеттерін әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Ал Қожа Ахмет Яссауи көшесін абаттандыруға облыстық бюджеттен 725 млн теңге қаралса, Н.Назарбаев даңғылын абаттандыру үшін облыстық бюджеттен 262,9 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен бірге меценат Асқар Әубәкіровтың демеушілігімен және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға орталық алаңға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Заманауи дизайнмен салынып жатқан орталық алаң жуық арада пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Шаһарды көгалдандыру жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылды. Мекемеге биылға жалпы жергілікті бюджеттен 702,2 млн теңге қаралып, тұқымбақ жұмысын жүзеге асыру жүйесі басталып кетті.
Тілші түйіні

Міне, қалада көктемгі құрылыс жұмысы қызуда. Қарқын алған тіршілік әзір тоқтамайды. Тек жұмыс сапалы атқарылуы тиіс. Бұл – қала әкімінің тиісті сала мамандарына тапсырмасы.


Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: